Kyzylorda-news.kz   Айдынды өлкенің айбынына айналған Арал теңізінің тағдырына алаңдаулы жұрттың қолға алған қай ісі де қайырлы. Теңізді өлкенің негізгі күнкөрісінің бірі балық шаруашылығы болғандықтан бұл кәсіптен шетқақпай қалған жан жоқ десек, мұндағы жұрт теңіз тағдырына алаңдайды деуге негіз жоқ емес. Балық аулайтын балықшылардың заңды учаскелік аймақта тіркелгені өз алдына, бұл жұмысты тіршілік көзіне айналдырып, балық аулу ісінде табысты еңбек етіп жатқандары да жоқ емес. Бүгінде бұл салада «Қуаныш» ЖШС-нің жұмысы нәтижелі жүзеге асып келеді. Теңіз маржанын тереңнен сүзіп, оны өңдеуде табысты жұмыс атқаруда.

Енді айдынды Аралдың кешегі Тәуелсіздік жылдарынан бері қарайғы уақыт аралығындағы тұтас тарихы мен арғы-бергі жағдайын аз-кем тақырыпқа тұздық етсек.

1989 жылы Арал теңізі Берг бұғазынан екіге бөлінді. Берг бұғазының солтүстік жағы Кіші Арал теңізі, ал оңтүстік жағы – Үлкен Арал теңізі. Арал теңізін толықтай сақтау мүмкін болмағандықтан, оның екі бөлікке бөлінгендігін пайдалынып, Сырдария өзенінен келген суды тиімді пайдалану мақсатында Кіші Арал теңізін сақтап қалу жұмыстары қолға алынды. Бұл бағыттағы алғашқы жұмыстар еліміз Тәуелсіздік алған кезеңдерден басталған-ды. Яғни, 1992 жылдың шілде-тамыз айларында Берг бұғазында құмнан тұрғызылған Көкарал тоспасы. Бірақ 1993 жылдың көктемінде дария суы өте мол келіп, сәуір айында тоспаны бұзып кеткен. Бұдан кейін де қолға алынған жұмыстар нәтижесіз болды. Араға біршама уақыт салып, халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС) жобасы жасалды. Мақсаты айқын жобаны ҚР Үкіметінің қолдауымен Дүниежүзілік Банк қаржыландырды. Осы жұмыстардың аясында нендей нәтижелерге қол жеткізілгені барлығыңызға аян болар. Берг бұғазында су реттегіші бар Көкарал бөгеті, дарияның теңізге құяр сағасынан 25 шақырым жоғарырақта Ақлақ тоспасын салу және қазіргі қолданыстағы Қазалы, Қызылорда және Шардара плотиналарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Көкарал бөгеті аяқталған соң 2006 жылдың сәуір айының ортасында Кіші теңіз деңгейі жоғарыда айтқан Балтық жүйесі бойынша 39,0 метрден 42,0 метрге дейін жетті. Теңіз суының көлемі 27,07 текше метр, айдынның аумағы 3288,0 текше метр, теңіз жағалауының ұзындығы 435 км болды. Осылайша ертеңге сенім артқан жағалау жұртының үміті қайта жанды.

Қазіргі таңда аудан бойынша жылдық қуаттылығы бірнеше мың тоннаны құрайтын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Солдың ішінде «Қуаныш» ЖШС-нің шоқтығы биік. Ауданға қарасты Қаратерең ауылдық округінде орналасқан кәсіпорынның тарихы 1998 жылдан басталады. Кіші Арал теңізінің номері 4 учаскесінен балық аулаумен айналысатын кәсіпорында тұрақты 30 адам,маусымдық кезеңде 50 адамға дейін жұмыс жасайды. Кәсіпорынның арнайы балық қабылдау және өңдеу орталығы жұмыс жасайды. Белгіленген лимит бойынша 372 тонна балық ауланады. Өңделген балық сұраныс бойынша Қазақстан қалаларына және ТМД елдеріне жіберіледі.Қаратерең ауылы тұрғындары жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке уақытылы салығы төленіп отыр. Бүгінде тағдырлы теңіздің бір бөлігінен напақа теріп, оны өңдеп елге ұсынуда өзіндік орны бар өндіріс ошағының аудан жұртшылығы үшін орны әсте бөлек дер едік. Сырды жағалай қоныстанған атажұрт заманында теңізден нәпақа терді десек. Бұл ата кәсіп әлі де өз желісін үзген жоқ. Ел дамуында өзіндік ерекшелігі бар осындай кәсіпорынның алдағы бағыты айқын. Оны теңізбен тілдескен, теңізде күн кешкен қауым жақсы біледі.

Алтынбек Бисенов

Тағы да оқыңыз: