Kyzylorda-news.kz Кәсіпкерлік – табандылықты, жаңашылдықты және тәуекелге баруды қажет ететін сала. Жас кәсіпкер Мөлдір Рысбайда осы қасиеттің барлығы бар. Ол жартылай дайын өнімдерді дайындаумен айналысады. Жас кәсіпкердің жұмысымен танысу үшін жұмыс орнына арнайы барып, сұхбаттастық.
– Кәсіпкерлік жолымның бастамасы – анам Мейрамкүл Оразаеваның еңбегімен тығыз байланысты. 2014-2015 жылдары анам үйден тұшпара жасап, жақын туыстарға сата бастады. Сапалы әрі дәмді өнімге сұраныс күннен күнге артып, үй жағдайында жасалған тағамдарды тұрғындар көптеп ала бастады. Сұраныстың көптігіне байланысты анам кәсібін кеңейтіп, алғашқы шағын цехын ашты. Мен бұл кәсіпті 2024 жылдың аяғында өз қолыма алып, қазіргі уақытта өндірістен бастап, сату, жарнама сынды жұмыстарды өз қолыма алдым, – деді жас кәсіпкер.
Қиындықсыз өсу болмайды. Осындай үлкен кәсіп бастар алдында белгілі бір қиындықтар кездесері анық. Кейіпкерімізде өзінің кәсіп жолындағы кездескен қиындықтары туралы да сөз қозғады.
– Өкінішке орай, алғашқы цехтан өрт шықты. Бұл жағдай отбасымыз үшін үлкен соққы болды. Бірақ қиындыққа мойымай, кәсібімізді қайта қалпына келтіру жолдарын қарастыра бастадық. Әрі қарай бұл кәсіпті дамыту үшін үлкен қолдау қажет болды. Осы орайда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 10 миллион теңге көлемінде субсидиялық несие алдық. Бұл қаржы бізге жаңа, заманауи үлгідегі, санитарлық талаптарға сай үлкен цех ашуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде бұл цех – Қызылорда қаласындағы сертификатталған, жартылай дайын өнімдерді шығаратын белді кәсіпорынның біріне айналды, – дейді Мөлдір.
Айта кетерлігі, қазір кәсіпорында тұтынушыларға қажетті жартылай дайын өнімдердің барлығы бар.
Мөлдірдің сөзіне сүйенсек бүгінде кәсібі халық арасында кеңінен танылып үлгерген. Өнімдері Қызылорда қаласының бірнеше дүкенінде, супермаркеттерінде сатылады. Тұтынушылардың саны артып келеді. Кейіпкеріміз өнім сапасына аса мән беретінін және басты ұстанымы екенін жеткезді. Барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс істейді әрі өнімдердің барлығы сертификатталған. Атап айтар болсақ, мәнті, тұшпара, қайнақша, самса және тағы басқа өнімдерді дайындайды.
Айтуынша, тұтынушылардың сұранысына сай кәсіпкерлік цехты кеңейтіп, өнім түрін көбейтіп, басқа өңірлерге шығу жоспары да бар.
– Кез келген өнім өндіруші кәсіпкер бірінші кезекте тұтынушыларға қолайлы жағдай жасайды. Біздің де мақсатымыз – тұрғындардың көңілінен шығып, цех жұмысын үлкен өндіріс орнына айналдыру. Қазіргі таңда цехта 15-ке жуық адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жұмыскерлер санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Мөлдір Аймаханқызы.
Көркем ТӨЛЕБАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
1-курс студенті