Kyzylorda-news.kz Ешқашан қиындықтан қашпау керек деген қожабақылық кәсіпкер Ғазиз Телағысұлының жаңа іс бастағанына көп бола қойған жоқ. Десе де тұтынушының талғамынан шығып, көңіліне қонатын сапалы әрі сәнді кірпіш өндіруші ретінде ауыл-аймаққа аты таныс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша, 2,5 пайызбен 3,6 миллион теңге алып, кәсібін бастаған жанның бүгінде тірлігі қызу. Ол кірпіш шығаратын цех жұмысын жандандырып отыр. 

Жас кәсіпкермен телефон арқылы тілдестік. Күндіз жұмысы қауырт болатындығын ескертіп, «Сұрақтарыңызды жазып қойсаңыз, кешкілік жауап берейін» деп ықылас білдірді. Әрине бұған келісе кеттік. Кәсіптің көзін тауып, несібесін айырып отырған жанның жауапкершілігі де жоғары болып шықты. Келіскен уақытта кәсіпке қалай келгендігі туралы айтып берді. 

– Бағдарлама арқылы қаражатқа қол жеткіздім. Әзірге кірпіштің бір түрін шығарудамын. Бұл үйдің сыртын қаптауға арналған. Қазіргі таңда нарықта жоғары сұранысқа ие. Күніне 20-30 квадрат шығарамын. Арнайы аппараттарды агенттіктер арқылы алдырдым. Тапсырыс бойынша өнім шығарамын. Болашақта бірнеше түрін дайындауды жоспарлап отырмын, – дейді Ғазиз Телағысұлы.

Кәсіпкердің жары Ұлжан Алмасқызы №102 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жас отабсы  Жансұлтан, Нұртілеу, Ертілеу атты ұлдарды өмірге әкеліп, тәрбие беріп отыр. Ал Ғазиздың анасы Алтынай Инят зейнеткер. Балаларына ақылын айтып, немерелерінің бал қылығын қызықтап отырған асыл әже. 

– Отбасым әр істе қолдаушы. Кез келген бастамамда сәттілік тілеп отырады. Қазір «жұмыс жоқ» деп қолқусырып отыратын уақыт емес. Ептілік болса, ебін табам деген жанға мемлекет те қолдауын аяп қалып жатқан жоқ. Тек ерінбей, еңбек етсең болғаны, – дейді кәсіпкер. 
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған пилоттық жобаның жемісін көріп отырған қазалылықтардың қатары көп. Барлығы дерлік бағдарламаның баяндылығын айтып, кәсіп бастағандарына қуанышты екендіктерін жеткізді. 

Айта кетерлігі, Қазалы кәсіпкері көп аудан. Жыл өткен сайын бизнес бас­таушылар саны артып отыр. Мәселен, биыл шағын және орта кәсіпкерлік саласында 5 797 кәсіпкер тіркеліп, нақты жұмыс жасап тұрғаны 5 607 бірлік. Яғни, белсенділік көрсеткіші – 96,7  пайыз болды. 

Сала мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, аудан кәсіпкерлері тарапынан 8,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 93,1 пайыз болып қалыптасты. Жыл басынан бері ауданда жаңадан 17 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 56 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары тарапынан 166 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 3,0 миллиард теңге несие, грант қаражаты берілді. Бөлшек сауда айналымы 7,1 миллиард теңге болып, 4,1 пайызға көбейген. 


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Тағы да оқыңыз: