Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда кәсіп бастап өз нәпақасын табамын деген ниетті адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау үшін түрлі жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант қаражаттары беріліп отырады. Соның ішінде биылғы жылы жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие мен ауыл және шағын қала халқының әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты » жобалары қолға алынды. Қала тұрғыны, кәсіпкер Жұлдыз Күшжанова «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алып, кәсібін дамытқан жандардың бірі. Жұлдыздың тың бастамасы жайлы мақалада толық айтатын боламыз.
Бүгінгідей қарбалас тіршілікте кейде үй ханымдары ас дайындауға уақыт таппай жатады. Ондайда дәмханалардың дайын өнімдеріне тапсырыс бере салып, аш қарынды тойдыру ең оңтайлы шешім. Бірақ, ата дәстүрі мен ана жолын ұстанға қазақы отбасы үшін «қазан қайнау керек» деген ұғым тағы бар. Міне, осыны ескерген Жұлдыз Күшжанова өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын жаңа кәсіпті қолға алды. Анығын айтсақ, ол жартылай дайын өнімдер шығаратын цехты іске қосты.
– Арал аудандық жастар ресурстық орталғында жұмыс істедім. 2015 жылдан бастап кәсіпкерлікті қоса атқарып жүрмін. Кейін бала көтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққан соң, мемлекеттік мекемедегі қызметімді біржола тоқтатып, кәсіпке ден қойдым. Бастапқыда жартылай дайын өнім шығару туралы ұсынысты ағам айтқан болатын. Ол кезде маған бұл мүмкін емес сияқты көрінді. Осы жылдың наурыз айында кенеттен, неге жасап көрмеске деген ой келді. Осылай үйден манты, тұшпара, самса, тоқаш сияқты біршама тамақты жартылай дайын күйінде жасап, әлеуметтік желі арқылы жарнамалап көрдім. Сол кезден бастап бұл кәсіп маған пайда әкеле бастады, - деп бастады Жұлдыз әңгімесін.
Аз уақытта істің көзін тапқан келіншек, бұл кәсіп түрінің мол табысқа бастайтындығын түсінеді. Осылай кәсібіне бар жан тәніммен кіріседі. Ендігі мақсат кәсібін одан әрі кеңейту болады. Осыны ойлаған ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Аралдағы бөлімшесінің қызметіне жүгінгенге ұқсайдын.
– Өзім қай кезде де, бір істі қолға алсам, соны шыңына шығарғанды жақсы көремін. Кәсіпте жетістікке жету үшін айналымда ақша болуы керектігі тағы бар. Тапсырыс көбейді. Енді уақытылы орындау үшін заманауи құрал-жабдықтар алу қажет болды. Осы сәтте «Ауыл аманат» жобасына құжаттар қабылданып жатқандығын естіп мен де бағымды сынап көрейін дедім. Сәтін салып комиссия менің жобамды мақұлдап, 2,5 пайыздық несие алдым. Бұл қаражатқа цехқа қажетті қондырғылар сатып алдым, - деді кәсіпкер.
Қазіргі таңда Жұлдыз Күшжанованың «Адал ас» деп аталатын 12 түрлі жартылай дайын өнім шығаратын, цехы барлық талаптарға сай жұмыс істеп тұр. Жұлдыз екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Өнімдер сақтауға ыңғайлы, санитарлық талаптарға сай етіліп арнайы қаптамалармен нарыққа шығарылып отыр. Тапсырыс берушілер де баршылық. Дүкендермен қоса, жеке адамдар да алып кетіп отырады. Өнімді табиғи таза еттен дайындаймыз. Құрамы үй жағдайындағы мәзірмен бірдей болғандықтан, дәмі де ерекше, - деді ол.
Міне, істің көзін тапқан келіншек отбасындағы келіндік, аналы, жар ретіндегі міндеттерімен қоса, мемлекет қолдауының арқасында, кәсібін кеңейтіп, іскер әйелге айналып отыр. Әрекет еткен адамның берекелі тұрмыс кешетіндігін дәлелдей түскен Жұлдыздың алға қойған мақсат, жоспарлары да көп.