Kyzylorda-news.kz Күнделікті тұтынатын тамақтардың қатарында нанның рөлі жоғары. Нансыз қазаққа ас батпайды. Нан – береке, нан – байлық. Ауданда адал кәсіп пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткен азаматтар аз емес. Еткен еңбегі арқылы көпке пайдасы тиіп жүргендердің бірі – Айбол Бекболұлы.
Ол кент орталығынан шағын наубайхана ашып, адал бейнетті серік еткеніне 10 жылға жуықтапты. Әуелі наубайханада көмекші, сонан соң таратушы, сатушы болып жұмыс істеген. Кейіннен нанды илеп, пісіру әдістерін өзбек ағайындардан үйреніп, жасай бастайды. Бұл тұрғыда Айболдың қарекетіне көз сүйсінеді. Алғашында сұраныс аз болғанымен, біршама уақыттан соң тандырда піскен қытырлақ нанға тапсырыс берушілер саны артқан. Табанды еңбектің арқасында бүгінде кент тұрғындары арасында «Айболдың тәтті тоқашы» деген әңгіме желдей есіп жүр.
– Қазақ «Ас атасы – нан» дейді ғой. Расыменде әр қазақтың дастарханының төрінде нан тұрады. Бұл кәсіпке кездейсоқ келгенім жоқ. Ең алдымен орталық базарға тандырнан тасушы болдым. Сол кездерде өзбек ағайындардың жанында жүріп жасалу әдісін үйрендім. Қызығушылығымның арқасында, өзім де тәуекелге бел байлап, арнайы пеш дайындап жұмысқа кірістім. Аллаға шүкір, қазіргі таңда күнделікті орта есеппен 1000-ға жуық, кейде одан да жоғары нан ¬дайындаймын, – дейді іскер жігіт.
Бұл шағын наубайхана отбасылық кәсіп десек те болады. Себебі мұнда кейіпкеріміздің жары Ұлжан да нанды ¬илеумен қатар, оның бетіне түрлі ою-өрнектер жасайды.
Тұтынушылардың талғамынан шығу мақсатында өнімнің санына емес, сапасына баса мән береді. Күн-түн демей еңбек етеді.
Осылайша иленген нан, таңертең сағат 4-тен бастап пешке салынады. Сонан соң таңмен таласа аудан орталығындағы және кентке жақын ауылдағы дүкендерге пештен жаңа шыққан нан ыстықтай жөнелтіледі.
Байқағанымыздай, ауданда кәсіпкерлік нысандар уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Өйткені, өлкеде жеке іс бастаймын дегендерге жағдай жасалған. Мемлекеттен де, жергілікті билік тарапынан да тиісті қолдау көрсетіледі. Тек талпыныс болса, болғаны.
Алдағы уақытта Айбол Бекболұлы да осы бағдарламалар игілігін көрсем деген ниеті барын жасырмады.
– Иә, әрине қазіргі таңда мемлекет тарапынан қолдау көп. Алдағы уақыттары сол жобаларға қатысып, кәсібімді кеңейтіп, өркендеткім келеді. Наубайхана жұмысының алға басуына да себепші – халық. Өнімімді мақтап, тұрақты тұтынушыларыма айналған тұрғындарға алғысым шексіз. Көпшілігі жұмысың ауыр ғой деп жатады. Алайда несібе өздігінен келе бермейтінін түсінсек, адал еңбек ғана табысқа жетелейді. Осы сөздер жастайымнан санама сіңгендіктен болар, бейнеттен қашпай, еңбегім ел игілігіне жарап тұрғанына қуаныштымын, – дейді кейіпкеріміз.
Дана халқымыз «Еңбек – ерлікке жеткізеді, ерлік – елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» деген тәмсілді сөз бар. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұтастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ойшыл Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, адал еңбекпен есейіп келе жатқан Айбол Бекболұның жұмысына мол табыс тілейміз.
Мейіржан ИБРАГИМОВ
Фото: автордікі
