Kyzylorda-news.kz  Білім сапасы жөнінен біздің еліміз 93 елдің ішінде 62-ден 35-ші орынға жайғасты. Осыдан-ақ білім беру саласының көші ілгерілегенінін байқауға болады. Үшінші тоқсанды қорытындылаған Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев сала мамандары мен білім беру ұйымдары басшыларының есебін тыңдады.

Бірден айтайық, елімізде мектеп директорларының деңгейі көңіл көнжітпейді. PISA-2023 халықаралық зерттеулер қорытындысында білім беру ұйымдары басшыларының 45 пайызының санаты өте төмен екендігі расталды. Ал бізде ше? Статистикалық мәліметті сөйлетсек, аудандағы 44 мемлекеттік, 8 жеке мектеп директоры болса, оның 11-і санатқа өтпеген. Тіпті кейбірі оқушыға сабақ бермейтіні де басқосуда сын болды. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында түрлі ағарту шаралары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта мекеме басшыларының бәсекеге қабілетті, жаңашыл, шығармашыл, менеджерліктен бұрын ұстаздық міндеті мығым болуы талап етіледі. Осыған байланысты облыстық білім басқармасы «Бір мектеп – бір жоба» байқауын іске қосты. Сайыс 28 ақпан мен 3 наурыз аралығында өткізілді. Бірінші кезеңінде білім ордасы басшылары озық ашық сабақ өткізсе, екінші додасында жоба қорғауға ұмтылды. Осы уақытқа дейін жинаған біліктілігі мен тәжірибесі, бағы мен бабы қатар шапқан педагог-директорлар көпшіліктің қошеметіне бөленді. Тарқатып айтсам, бірінші орын иегері №286 орта мектебінің директоры Ләззат Нәлібаева, екінші орынды №164 орта мектеп директоры Жанболат Ахметжанов және 3 орынды №221 орта мектеп директоры Нариман Жахудаев иеленді.

Биік мінберден көрінген алғашқы 3 директор байқаудың облыстық кезеңінде аудан абыройын қорғады. Бұл туралы білім бөлімі басшысы Бекжан Шахизатұлы арнайы атап өтті.

– Білім саласының дамуына үлес қосып, келешектің тұтқасын ұстар шәкірттер тәрбиелеп, олардың жетістікке жетуіне ықпал жасап жүрген әріптестерге шынайы алғыс білдіремін. Бұл байқау біздің аудандағы білім беру ұйымдары басшыларының заманға сай креативтілікті қалыптастыруға жол ашқандай. Облыстық кезеңде олжалы оралудың өзі бір мәртебе, — деді ол.

Ал аудан педагогтарының санаты қалай? Бұл туралы аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықов тарқатты. Аудандағы 2825 педагогтың ішінде екеуі ғана педагог-шебер болса, 409 зерттеуші, 1080 сарапшы, 600 модератор екен. Осыдан-ақ мамандардың біліктілігі төмен екенін екшей беріңіз.

Өткен жылы 923 педагогикалық кадрдың 193-ы аттестациядан өтуге өтініш білдірген. Оның 146-сы педагог-зерттеуші санатына өткен, 47-сі тестен төмен нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ 409 педагог сарапшыға тапсырғандардың 212-і ғана талапқа сай болса, тестен жығылғаны 99. Ал, педагог-модераторға талпынған 308 мұғалімнің 260-ы өтіп, 60-ы төмен нәтиже көрсеткен.

Бала зейінін ашып, тұлғалық қалыптасуына септігін тигізетін мұғалімдердің біліктілігін арттыру басты назарда тұр. Алдағы аттестациялау кезеңінде бұл көрсеткіш жақсарады деген үміт бар. Қысқасы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген Педагогтерді аттестаттаудан өткізу туралы 2024 жылдың 16 сәуір күнгі №79 санды бұйрығына сәйкес, педагогтерді аттестаттаудан өткізу мерзімдері және біліктілік санаттарын беру (растау) рәсімдері 2024 жылғы 17 сәуір мен 1 қыркүйек арасы болып белгіленді.

Педагогтерді аттестаттау үшін педагогтердің білімін бағалауды (тестілеу) жүргізу мерзімдері және бірінші рет тегін 2024 жылғы 18 сәуір мен 13 мамыр аралығы, екінші рет ақылы негізде 5640 теңге мөлшерінде 2024 жылғы 10-31 шілде аралығында өтіледі.

Биылғы 2023-2024 оқу жылы аудан бойынша аттестациядан өту үшін 1381 педагог кадр тест тап¬сыруға өтініш беріпті. Бұл туралы сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықов тарқата келе:

– Биылғы аттестациялаудың ережесі мен тәртібі анық, әрі әр мұғалімінің біліктілігін жан-жақты саралауға жол ашылды. Мықты кадрлардың абыройы асқақтап, мерейі таситын болады. Сондықтан әрбір үміткер өзінің педагогикалық білімі мен біліктілігіне арқа сүйегені жөн, – деді ол.

Соңғы қоңырау мерекесі таяп келеді. Биыл мектеп бітірушілердің бас қайғысы ҰБТ-да нәтижелі көрсеткіш көрсету. Қаңтар, ақпан және наурыз айында тапсырған ҰБТ қортындысын сөз етсек, мектеп бітіруші 1023 түлектің 841-і кешенді тестілеуден өтті. Оның ішінде қаңтар айында 92 талапкер шекті балдан өтсе, 38-і межені бағындыра алмады. Ал наурыз айында 743 баланың 18-і шекті балдан аса алмаса, 135 талапкер жүз балдан асырған. Бұл туралы білім бөлімінің әдіскері Жанна Қожахметқызы тарқатты.

– Өздеріңіз байқағандай, ҰБТ көрсеткішінде жоға¬рылау бар. Мектеп бітірушілердің қосымша дайындығын нығайту үшін арнайы әр пәннен кесте түзілді. Осы бойынша әр түлектің тестке дайындалуына мүмкіндік мол. Ынталы жасты демеп, бағыт-бағытымен дамытып, нәтижелі меже көрсетуге талпынуда, – деді ол.

Сонымен, бірінші жарты жылдықтың қортындысында ҰБТ көрсетіші бойынша облыста көш бастаса, білім сапасы жөнінен алғашқы үштікке табан тіреді.

Үшінші тоқсан қортындысында жалпы орта білім алушылардың деңгейі өскені байқалады. Екінші тоқсанда 55 пайыз болса, үшінші тоқсанда 59 пайызға алға жылжу бар. Десе де, 19885 баланың 500-ден астамының сабақ үлгерімі төмендеп, «үштік» бағамен бағаланған. Сондай-ақ екпінділер саны 12831 болса, қалғаны үздік оқушылар қатарында. Бір сабақтан ғана «үшке» бағаланған 56 бала бары анықталып, келер тоқсанда екпінділер қатарына қосылуға жүйелі жоспар түзіліпті.

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталғалы да айға жуықтады. Осы уақыт аралығында 600 баланың құжаты қабылданды. Келер жылы бірінші сыныпқа 1700 бала қабылданады деп күтілуде. Әр мектепте «өзін-өзіне қызмет көрсету» «eGov Mobile» бұрышы жұмыс жасауда. Осы қызмет арқылы ата-ана баласының құжатын рәсімдей алады.

Білім сапасын арттыруға ден қойған мектептерде басты мәселе – оқушыны оқулықпен қамту жайы болып тұр. Еске алсақ, жуырда Фейсбук әлеуметтік желісінде «жеке мектептердің мемлекеттік мектеп мөрі басылған оқулығымен оқып жатқаны» сынға алынған болатын. Ұққанымыз, білім министрлігінің арнайы қаулысында мемлекеттік мектепте артық резервте тұрған оқулықты жеке мектепке уақытша пайдалануға беру туралы мәміле болған екен. Алдағы уақытта бұған жол берілмейді. Мұны басқосуда бас ұстаз Бекжан Шәкизатұлы былай жеткізді:

– Біздің ауданда 44 меклекеттік мектеп, 8 жеке мектеп жұмыс жасауда. Мемлекеттік мектептердің өзінде оқулық жетіспеушілігі барын жасырмаймыз. Сондықтан оны жолдан бұрып, мәселені ушықтыру орынсыз. Келер жылы әрбір жеке мектеп арнайы баспадан кітап алуды ұйымдастырғаны жөн. Осы бастан сол қарекетке көшкен абзал. Оқулығы сай емес оқу ошағы анықталған жағдайда тиісті шара көріліп, қызмет көрсетуін шектейтін боламыз, –деді ол.

Кеңейтілген алқа отырысында талқыға салынған тағы да бір мәселе – мұғалімдердің бірнеше мектепте қызмет етуі. Кент орталығында 17 мектеп қызмет етсе, көптеген мұғалім қос мектептің кадрлық есебінде тұр. Бір ғана «Май бекеті» аймағында 6 жеке, бір мемлекеттік мектеп бар. Ал, кейбір мұғалім бір мектепте 16 сағат, екінші мектепте 12-15 сағат алыпты. Логикаға салсақ, бір адам қалайша күніне 18-23 сағат жұмыс жасауы мүмкін? Қаражат қамын күйттегендер баланың зейінін аша ала ма? Осы мәселені назарға салған Бекжан Есенбаев келер оқу жылы басында кадрлық мәселені түбегейлі қаралатынын тілге тиек етті.

Осы жиында білім бөлімінің әдіскері Мира Жандарбекова, №110 мектеп лицейінің директоры Фариза Ниязова, №160 мектеп директоры Жанаділ Ибрагимов, №162 мектеп директоры Серік Дүйсебаев, №209 мектеп директоры Лаура Үсенбекова, Жұмаділла Өскенбай атындағы дарынды балаларға арналған жеке мектеп директоры Ләззат Әбсаттарова, “Daryn school” мектебі директорының міндетін атқарушы Шынар Әбуова мектеп жетістігі жайында есеп берді.

Үшінші тоқсан жағымды жаңалыққа толы болды. ҰБТ көрсеткішінен үздік, білім деңгейі жөнінен үшінші орында тұрмыз. Шәкірттер мен ұстаздардың шығармашылық өрлеуі де жоғары деңгейде. Кемел келешегіміз жас ұрпақтың қолында болса, өскелең жасты сапалы білім мен тәлімді тәрбиемен қамту білім беру ұйымдарының құзырындағы жұмыс. Жас буынның жарқын болашаққа сенімді қадам басуы, кейінгі өмір сапасының жоғары деңгейде болуы мектептен алған оқу және білім сапасымен өлшенеді. Сол үшін білім ордаларында қажырлы еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен оқытушылардың маңызды рөлін жете түсініп, олардың кәсіби құзыреттіліктерінің дамуына барынша жағдай жасау керек. 

Соңғы жылдары жастардың әлеуетін көтеру, болашағына бағдар беріп, жол сілтеуге бағытталған бағдарламалардың саны көбейді. Қандай сала болсын жастарға демеу болу үшін түрлі жобалар жүзеге асуда. Әсіресе кәсіпкерлік саласына көбірек көңіл бөлініп, грант беру, төмен пайызбен берілетін несие және өзге де жеңілдіктер қарастырылуда. Сол секілді жасөспірімдердің де спорт, өнер, ғылым бағытына ден қойып, жетістікке жетуге әлеуметтік қолдау аз емес. Бірақ осындай қолдау бола тұра қоғамда жастар мен жас өскіндердің бұзақылығы, тәртіпсіздігі тұралап тұр. Біздің ауданда бұл күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Өткен апта соңында аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің биылғы алғашқы отырысы өтті.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың есебі. Жұмыссыз жастар қата¬рындағы орта және жоғары, кәсіптік білімі бар түлектерді тұрақты жұмысқа орналастыруға ықпал ету мақсатында атқарылған жұмыстар. Үшінші, жұмыссыз жастар мен олардың бос уақытын тиімді өткізуде атқарылған жұмыстар мен өткізілген шаралардың есебі. Кеңесті аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов жүргізіп, мәселелердің маңыздылығына тоқталды.

– Президент: Жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек, олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет деп тапсырма берді. Жастардың бүгіні – біздің болашағымыздың баспалдағы. Олар – мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, тәуелсіздігімізді баянды ететін ұрпақ. Сондықтан жастар кеңесінің негізгі міндеті де жастарымыздың бағыт-бағда¬рын саралап, түзілген жоспарларымыздың нәтижелі болуына қол жеткізу, – деді Бектас Балғабайұлы.

Алғашқы мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орын-басары Нұрлыбек Қордабаев мәлімдеме жасады. Баяндамада 2023 жылы атқарылған жұмыстар баяндалды. 2023 жылы кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың 4 дерегі орын алып, оның ішінде суицидтің 2 дерегі тіркелген. Одан бөлек, қаншама істер дерек болып тіркеліп, ата-аналар айыппұл арқалады. Айта берсек, тәртіпсіздік аз емес, бұл ата-аналардың тәрбиесіне жүре қараған жасөспірімдердің ісі. Кәсіпкерлердің де тәртіпсіздігі жазасыз қалмайды. Ал, құқық қорғаушылар тиісінше жұмыстарын жүргізіп келеді. Бекітілген іс-шаралар, жиналыстар мен дөңгелек үстелдер жиі өткізілуде.

– 2024 жылдың қаңтар айында күнділікті рейдтік іс шаралар барысында барлығы 30 азаматқа әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127 бабыны 3-бөлігімен ата-аналық міндетін тиісінше орындамағаны бойынша 2 азаматқа әкімшілік шара көріліп, іс аудандық сотқа жолданды. ӘҚБтК-нің 442 бабының 2 бөлігімен 28 азаматқа түнгі мезгілде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орында жүргені бойынша әкімшілік шара көрілді. Жасы кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу бағытында ата-аналарға және колледжде құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында дәрістер оқылып, құқықтық көмек пен консультация интернет желісі арқылы ұйымдастырылды. Ақпан айында күнділікті рейдтік іс шаралар барысында барлығы 62 азаматқа әкімшілік іс қозғалды. Сол кодексінің 127 бабыны 3-бөлігімен ата-аналық міндетін тиісінше орындамағаны бойынша 4 азаматқа, ӘҚБтК-нің 442 бабының 2 бөлігімен 54 азамат¬қа әкімшілік шара көрілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132 бабының 1-бөлігімен 1 азаматқа шара көріліп, айыппұл салынса, сол ойынсауық мекемесінде анықталған 1 жасөспірімнің ата-анасына шара көрілді. Қоғамдық орында коммуналдық қалдық тастап, қоғамдық орынды ластағаны үшін 1 кәмелетке толмағанға айыппұл салынды, – деді Нұрлыбек Құбанәліұлы.

Біздегі тағы бір мәселе, топтық төбелес тыйылмай тұр. Салдарынан бала денсаулығына ауыр зиян да келуде. Бұл да назардан тыс қалмайтын тақырып. Келесі жұмыссыз жастарға байланысты хабарламаны аудандық «Мансап орталығы» КММ-нің директоры Жаңабек Тұрлыбе¬ков жасады. Жоғары айтқандай, гранттар және жұмысқа қабылдау бойынша жауап¬ты мекеменің қызметі жауапкершілікті талап етеді.

– Мемлекеттік бағдарламалар арқылы талай жас тірлігін түзеп, тұрақты жұмыс орындарына қабылдануда. Мәселен, 2024 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 38 жобаға 455 адамды тұрақты жұмыспен қамту белгіленген болса, оның ішінде 60 пайызы жастардың үлесінде. Жалпы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын» құру тапсырмасына сәйкес, ауданда 165 жұмыс орны ашылған болатын. Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға өткен жылы 899 адамнан жастар үлесі 450 немесе 50 пайызды толық құрады.

Ауданда «Мансап» орталығы арқы¬лы тұрақты түрде бос жұмыс орындары¬ның жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Тиісінше, 2023 жылы 10 рет бос жұмыс орындар жәр¬мең¬кесі ұйымдастырылды. Онда 128 жұмыс берушіден 410 бос жұмыс орны ұсынылды. Бос жұмыс орындары жәрмең¬кесіне қатысқан 560 жұмыссыз азамат¬тың 55-і тұрақты, ал 29 адам уақыт¬ша жұмысқа орналастырылды. Жалпы аталмыш жәрмеңке арқылы жұмыспен қамтылғандардың 38,7 пайызы жастардың үлесінде, – деді Жаңабек Оразбекұлы.

Бұл мекеменің қызметі жастарға өте тиімді. Жастармен тығыз байланыста болатын орталыққа 1 сәуірге жұмыс іздеуші ретінде 3328 хабарласса, оның ішінде жастар 876 адам немесе 26,3 пайызға жеткен. Жұмыс жоқ емес, әсіресе кәсіпке икемі бар азаматтарға қолдау өте көп. Соңғы болып Сунақата ауылдық округінің әкімі Ақылмұрат Жұмаділлаев пен Ақүйік ауылының әкімі Азамат Мамеков баяндама жасады. Қос әкім ауылдағы ахуалды, жастардың бос уақытын қалай өткізуде екенін түсіндірді. Бұл ауылдардың белсенділігін көріп жүрміз, әсіресе балуандар мекені саналған Бірлік ауылында футбол спорты дамып келеді. Иә, жастардың жарқын жолы, биігі мен белесі – біздің болашағымыздың бет-бейнесі.

Үнемі шығармашылық болып, кәсіби және жеке өзін-өзі тәрбиелеу мұғалімнің педагогикалық шеберлікті меңгеруі қажетті дағдыларды дамытуға көмектеседі. Ал нағыз ұстаз әрдайым ізденіс үстінде болатын ұстаз деп сөзімді түйіндеймін.

Мақпал МАРҚАБАЙ
 

Тағы да оқыңыз: