Kyzylorda-news.kz.  Білімді ұстаз – мектептің тірегі, һәм жүрегі. Қай заманда болмасын, көреген халқымыз ұстаз мәртебесін жоғары бағалаған. Оның дәлелі, «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп, бар жақсы ниет- тілекті ұстазға арнаған. Ұстаз шәкірттеріне сапалы білім ғана емес,  сонымен қатар бойындағы бар мейір-шапағатын аямай, оларды    қамқорлық шуағына бөлеп, білімнің асқар биік шыңына шығаруға  бар  күш-жігерін жұмсағанда ғана білім беру жүйесінде үлкен жетістік пен оның жемісі көрінері айқын. Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мән қылған ардақты да қадірлі мұғалімдер өңірімізде жетерлік. Сондай жандардың бірі – Ақгүл Қалжанова.

Ол 1991 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Сол аудандағы №234 орта мектепте оқып, білім алады.    Қарашаңырақтан түлеп ұшқан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне грант негізінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, үздік дипломмен бітіреді. Одан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне грант негізінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына магистратураға түсіп, педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін алған. Талапты жастың еңбек жолы 2013 жылы  Ақсуат ауылдық округіне қарасты Ж.Маханбетов аулындағы №268 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде басталады.

«Осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жауапкершілігі мол мамандықтың иесі болғаныма әркез қуанамын. Менің  мақсатым – еліміздің ғылымының  дамуына тамшыдай болса да өз үлесімді қосу. Осы мақсатым мені ғылымға ден қойып, педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін иеленуіме  өз ықпалын тигізді. Міндетім – ел болашағы болар жас ұрпақты тәрбиелеу жолында жаны мен тәні таза, рухани бай, алған білімін болашақта қолдана алатын, сандық сауаттылығы артқан, өз ойын еркін жеткізе алатын, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. 
Жаңашыл ұстаз – заман талабы. Ендеше, теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асыра алатын, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз жеке тұлға болу – біздің басты міндетіміз. «Жаңа Қазақстан, жаңашыл ұстаз, жаңа ұрпақ» — бұл білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті маман даярлау, білім кеңестігіндегі мәдениет пен өнердің даму негізі», - дейді Ақгүл Қалжанова.

10 жылдан бері оқушыларды білім нәрімен сусындатып келе жатқан жан бүгінде екі баланың анасы. Отбасылық өмірімен қызметін қатар алып келе жатқан сол  мектеп-лицейдің қоғамдық жұмыстарына, оқу-тәрбие істеріне  белсене араласып, шәкірт тәрбиелеуде еңбек етуде. Облыстық, қалалық деңгейдегі  іс-шараларда белсенділікпен қатысып келеді. Ұйымдастырылған кәсіби байқаулар мен сайыстарға қатысып, жетістікке жетіп, кәсіби шеберлігін шыңдауда. 2021 жылы өткен қалалық «Үздік қазақ әдебиеті пәні мұғалімі - 2021»  кәсіби байқауының  I орын иегері атаныпты. Одан басқа да түрлі марапат иесі атанған Ақгүл Қуанышқызы бағдарлама бойынша мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Жұмыс жасау кезінде білім алушылары  да түрлі байқаулар мен сайыстарға қатысып, биік белестерді бағындыруда.

«Білімді, жан – жақты, бәсекеге қабілетті, жаңашылдыққа  бейім  тұлғаны дайындаушы тек мұғалім екенін үнемі жадымда сақтаймын. Осы мақсатта, білім жүйесіне  енген реформаны меңгеріп, өз тәжірибемде пайдалану үшін  жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өттім. Өз позициямды іске асыру мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде  сын тұрғысынан ойлау технологиясын дамыту, топтық, жұптық әдістер арқылы оқушылардың өзара ынтымақтастығын нығайту және дамыту үшін жеті модульдің әдіс-тәсілдерін қолданып келемін. Оқушылар топтық жұмысты ұнатады, олар үшін ең маңыздысы терең білім алу және өздері үшін оқиды, яғни алға деген ұмтылыс бар. Өз ойларын сабақта айту оқушылар үшін өте маңызды. Оқушының әрбір жетістігін қалт жібермей мақтап, мадақтап отырып, оқушыға оң әсер қалдыру, қалыптастырушы бағалауға көп көңіл бөліп, оқушымен арадағы диалогты дұрыс, тиімді, мәдениетті және жетелеуші түрде ұйымдастыру нәтижесінде оқушылардың білім сапасының артқанын байқауға болады. Жаңашыл мұғалімнің міндеті – оқушының  белсенділігі мен  ой-еңбегінің дамуына  жағдай жасау, қажет кезде жол көрсету болып табылады. Мұнда мұғалімнің шығармашылық жұмысы үлкен рөл атқарады. Нәтижесінің маңызы – оқушы жинақталған білімін тәжірибеде, өмірде  пайдалана алуда», – дейді жас ұстаз.

Тағы да оқыңыз: