Kyzylorda-news.kz Конституция және Білім күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан орталығындағы 400 орындық мектептің ашылу рәсімінде тұрғындарды құттықтады. Жаңа мектептің жанында 200 орындық жатақханасы бар.
Аймақ басшысы өскелең ұрпақтың жайлы мектептерде білім алуы, қосымша білім беру ұйымдарында қабілетін шыңдауы үшін атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпақтың игілігі жолындағы шаруаларға баса мән берілетініне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деп атап өтті.
– Биылғы оқу жылы облыс түлектері үшін жемісті әрі нәтижелі болды. Өңіріміз соңғы төрт жылда Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балл көрсеткішімен республикадағы алғашқы үштікке енген еді. Биыл жиырма өңірдің ішінде бірінші орыннан көрінді. Мемлекеттік грант конкурсына қатысқандардың 76 пайызы, яғни 4 752 оқушы еліміздің жоғары оқу орындарына түсті. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен отбасы балалары үшін аймаққа қажет мамандықтарға облыс әкімінің 100 гранты бөлінді. Алдағы уақытта да дарынды балаларымызды, талантты жастарымызды қолдау шаралары жалғасын табады», – деді аймақ басшысы.
Салтанатты рәсімде Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Самұрат Имандосов жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, қоғам қайраткері Әбдіғаппар Әмірғалиев бата берді.
Іс-шара соңында қонақтар жаңа ғимаратты аралап көрді.
Айта кетейік, биыл Сыр өңірінде білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд. 100 млн. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 пайызын құрады. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салу жоспарланған. Оның 10-ның құрылысы биыл аяқталса, 11 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі.
«Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Өткен аптада Шығармашылық-инновациялық орталығының іргетасы қаланды. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты, Ақшатау ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараттары жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтеруде. Облыстық бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Өңірде жеке білім беру ұйымдарының желісі артып келеді. Биылдың өзінде олардың саны 7-ге көбейеді, осылайша, жаңа оқу жылында жеке мектептер саны 40-қа жетеді. Соның бірі – бүгінгі зияткерлік мектеп-интернат. Білім ошағы заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Қазір 400-ден астам оқушы қабылданды, оның 64-і мектеп табалдырығын алғаш аттайды.
Ашылу рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы бастамаларды, қолға алынған жобаларды, алдағы атқарылатын жұмыс жайын талқылады.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі