Kyzylorda-news.kz  Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлтың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Баланың шын мәнісіндегі адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбекті қажет ететін, ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу.

  Сырдария ауданы бойынша 17 мектепте 8193 оқушы білім алса, 30 мектепке дейінгі ұйымда 2050 бала тәрбиеленуде. Білім беру ұйымдарында оқушылар арасында қылмыстылықтың және құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтарының сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету бағытында бірлескен тәртіпте атқарылатын ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті  жұмыстар жүргізіліп келеді.

– Есепті мерзімде мектеп оқушыларымен жасалған құқық бұзушылықтар бойынша профилактикалық есепке 3 жасөспірім (№36 мектеп-лицей-1, №210 орта мектеп-1, ұрлық оқиғалары бойынша, 37 мектеп-1, қаңғыбастыққа салыну) алынып отыр. Мектепішілік есепке 38 оқушы алынған. (№36 мектеп-лицей – 17, №37 орта мектеп – 4, №126 орта мектеп – 3, №129 мектеп1, №210 орта мектеп – 5 оқушы, №35 мектеп-8). Есепке алынған жасөспірімдердің барлығы тұрақты бақылауға алынды. Аудан бойынша некесіз туылған (Ф4 есептегі) 
63 оқушы болса, өгей әкемен тұратын оқушылар саны 46, өгей шешемен тұратын оқушылар 15. Сонымен қатар, өмірдің қиын жағдайында қалған отбасында тәрбиеленіп жатқан бала саны 35. Есепке алынған оқушылардың әлеуметтік жағдайы мен оқу үлгерімі бақылауға алынып, үйірмемен және жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан бөлінген қаржымен, киім-кешекпен, ыстық тамақпен қамтылуы бірінші кезекте назарға алынған, – дейді Сырдария аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Бегайдарова.

2023-2024 оқу жылының аяқталуына орай оқушылардың арасындағы құқыбұзушылық туралы баяндаған Жанар Бегайдарова білім сапасын көтеруге бағытталған біршама жұмыстар жүзеге асырылғанын айтты.

– Барлық білім беру ұйымдарында жүргізілетін «Пікірсайыс қозғалысы», «Мектеп парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп және театр» жобалары бойынша жұмыстар жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, облыс көлемінде іс-тәжірибеміз таратылуда. Бұл бағытта ынталы оқушылар саны жыл сайын артып, қазіргі уақытта жобаға қатысатын оқушылар саны 4 мыңнан асты. Аталған жобалардың бала тәрбиесінде алар орны зор.  Сондықтан түрлі санатта есепке алынған балалар түгелдей жобаларға тартылды. Мектептерде рухани-адамгершілік тәрбие беру, адамзаттық құндылықтарды дамытуда «Ата-аналар комитеті», «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі», «Аналар Академиясы» жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін ата-әжелер, әке, аналардың қатысуымен  300-ден аса шара өткізілді.

Бала тәрбиесімен қатар олардың қауіпсіз ортада өмір сүруі – ерекше жауаптылықты қажет етеді. Осы орайда, барлық білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі жолға қойылып, бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды, – деді.

Мектеп қабырғасында білім берумен қатар ұлттық тәрбиеге ден қойып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді қажет етеді. Олай дейтініміз, қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзу, электронды темекіге әуестік, топтық төбелес, әлімжеттік, буллинг, кибербуллинг, түнгі жүрістің белең алуы тәрбие жұмыстарының әлсіз тұстарын көрсетті.

Осыған орай, аудан әкімінің салалық орынбасарының төрағалығымен жұмысшы тобы құрылып, барлық мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылды. Ардагер ұстаздар, әкелер кеңесінің төрағалары, аналар кеңесінің төрайымдары, ата-аналар комитетінің төрағалары, аурухана және полиция қызметкерлерінің қатысуымен жоғары сыныптың ер және қыз балаларымен бөлек өткізілетін кездесу барысында ер балаларға патриоттық бағытта насихат жұмысы жүргізіліп, нашақорлықтың, буллинг пен кибербуллингтің, суицидтің және түнгі жүріс, топтық төбелестің алдын алу бағытында түсіндірме жұмысы жүргізілсе, қыз балалармен әдеп пен сыпайылық, адамгершілік мәдениетін қалыптастыру және олардың бойында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығы жөнінде түсіндірілген.

Білім бөлімі тарапынан оқушылардың сабақтағы және каникул күндерінде бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленіп, іс-шаралар өткізілген. Демалыс және мереке күндері оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналыстары өткізілгенін де атап өту керек.

Алайда, тұрақты түрде атқарылған шараларға қарамастан, 2023 жылы түнгі мезгілде жүрген 97 жасөспірім анықталып, заңды өкілдеріне тиісті шара көрілген. 2024 жылы 4 жасөспірім анықталып, заңды өкілдеріне тиісті шара көрілген.

Өкініштісі, 2024 жылдың 07 қаңтарында түн мезгілінде Аманкелді ауылындағы №42 мектеп-лицейдің 9 және 8 сынып оқушысының арасында орын алған кикілжіңнің соңы кәмелетке толмаған жасөспірімнің қаза табуымен аяқталды. Аталған жағдайлар, баланың тәртібін қадағалауда босаңсуға болмайтындығын көрсетеді.

Айта кететін жайт, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың барлығы да сабақтан тыс уақытта орын алып отыр. Демек, бұл жерде ата-аналардың бақылауы мен қадағалауының жеткіліксіздігі байқалады.

Аудандық прокуратураның бастамасымен білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алынған сауалнама нәтижесінде оқушылар арасында электронды темекіге әуестік, бопсалау мен әлімжеттік және топтық төбелестің белгілері анықталған. Сауалнама нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданбақ.

        – Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарына «Денсаулық және өмірлік дағдыларын қалыптастыру» бағдарламасы енгізілген. Суицидалды мінез-құлықты балаларды анықтау үшін мұғалімдерге, ата-аналарға дәріс, оқулар ұйымдастырылды.  Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша білім беру ұйымдарының 20 әлеуметтік педагогы арнайы оқудан өтті. Осыған орай, бұл жұмыстардың сапалы жалғасуына білім берумен қатар, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы  қызметтердің бірлесе көрсетілуі маңызды екеін айтуымыз керек. Ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында, жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында «Валеология» курсының күшейтілген компоненті, мектептерде «Жаһандық құзыреттілік» пәні енгізілді. Қай дәуірде болмасын қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше жауапкершілік танытқан. Сондықтан, қыз тәрбиесімен бүкіл қоғам болып айналасқанымыз дұрыс. Осы орайда, қыздарды тәрбиелеу бағытында ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңа форматтағы жұмыстарды  енгізу бойынша әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетуді сұраймын, – деді бөлім басшысының міндетін атқарушы Жанар Бегайдарова.

Тәрбие жүйесіндегі мәселелерді шешуде отбасы мен мектептің ынтамақтастығын арттырудан бастау қолға алынған.

Ауданда зиялы қауым, ардагерлер кеңесі, балалардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерінен жұмысшы топ құрып, кешенді бағдарлама әзірленген. Бағдарламаға тәрбие жұмыстарының осал тұстары мен кемшіліктерін жою бағытында перспективті шаралар енгізілуде.

Сонымен қатар, 2023 жылдың қараша айында «Сенімен болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалымен өзара бірлесіп ата-аналар форумы өткізіліп, ынтымақтастық меморандумы жасалған. Меморандум аясында аудандық ата-аналар форумдарын өткізу, қолайсыз отбасыларымен тығыз байланыста жұмыс жасау жоспарлануда.

Осы ретте, биылғы жаңа оқу жылының жаңалығы облыстық білім басқармасының жанынан тәрбие жұмысын жаңдандыру мақсатында психологиялық-әлеуметтік жұмыстарды үйлестіретін, әдістемелік көмек көрсететін «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылып жұмысын бастағаны тәрбие саласына қосылған жақсы мүмкіндік.

Одан әрі оқу жылын аяқтау іс-шаралары туралы мағлұмат берілді.

– Білім бөлімінде оқу жылын аяқтау бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Биылғы оқу жылын барлығы 8193 оқушы аяқтайды. Оның ішінде, 9 сыныпты – 806 оқушы, 11 сыныпты – 438 оқушы бітіреді. "Алтын белгіге" үміткер – 28 оқушы, "Үздік атестатқа" үміткер – 46 оқушы. 24 мамыр күні 1-10 сыныптарда "Білімім-Отаныма" тәрбие сағаттары өтсе, 25 мамыр күні 11 сынып бітірушілер үшін "Мектебім – саған мың алғыс" тақырыбында кеш өткізіледі.  14 маусым күні «Жолың болсын Жас түлек» тақырыбында аттестат тапсыру салтанатты шаралары мектеп қабырғасында  өткізіледі, – деді Жанар Бегайдарова.

Білім сапасын арттыру мақсатында үлгірмеуші оқушылармен  27 мамырдан бастап 31 мамыр аралығында және 26-30 тамыз аралығында Жазғы мектеп ұйымдастырылатыны белгілі.

   Оқу жылын сапалы аяқтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында мектеп директорларымен, ата-аналармен мәжілістер ұйымдастырылған. Оқу жылын ұйымдастыруға байланысты ата-аналардан, педагогтардан ақша жинамау, үйлер, кафе, ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізбеу қатаң қадағалатын болады. Бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол бермеу, 25 мамыр, 14 маусым күндері тәулік бойы патрульдік полициямен күшейтілген кезекшіліктер ұйымдастырылады. Өзен-көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне қатаң тыйым тыйым салу және бақылауды күшейтіп, кезекшілік ұйымдастыру жөнінде  кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілгені де хабарланды.

Сонымен қатар биылғы жылы ҰБТ туралы түсінік берген Жанар Бегайдарова:

– Ағымдағы жылдың 6-14 мамыр аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең маңызды үшінші кезеңіне өтініштер (app.testcenter.kz сайты арқылы) қабылданды. Маңыздылығы сонда, бітірушілер осы тестілеудің қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грант конкурсына қатысатын мүмкіндікке ие болады. ҰБТ 16 мамырдан басталып 5 шілдеге дейін жалғасатын болады. Сырдария ауданының түлектері Қызылорда қаласында орналасқан тестілдеу пункітіне тапсырады. ҰБТ-ге 371 талапкер тіркелген (85 пайыз), – деді.

Жазғы тынығу маусымын ұйымдастыру да бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жазғы каникул кезеңінде бекітілген жоспарға сәйкес балаларды сауықтыру демалысымен қамту жұмыстары жүргізілетін болады. Оқу жылында 1-10 сынып аралығында 7752 бала оқыса, «Жалын» сауықтыру лагеріне 691 бала, мектеп жанындағы жатын орынсыз ұйымдастырылатын лагерьде 2927 бала, жатын орынмен 315 бала, көркейту- көгалдандыру топтарында 1323 бала, экскурсиямен 1100 бала, мектеп жанындағы шатырлы және қараүйлі лагерьде 1000 баланы қамту жоспарлануда.

Демеушілер есебінен де басқа қалаларға экскурсиялар мен тынығу іс-шаралары ұйымдастырылатын болады. Арал ауданындағы «Қамбаш» лагерінде демеушілер есебінен 50 бала және Шымкент қаласындағы «Машат» тынығу лагерінде 50 бала демалады.

– Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз да басты тұлға да – ата-ана. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер – отбасында балаға сөзбен, теориямен дамымайды. Ол үлкендер үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, ана да балаларының жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн.

Әрине, жас өренді білімді, тәрбиелі етіп қалыптастыру барысында жауапкершілік жүгі мектепке артылатыны түсінікті. Дегенмен, бала тәрбиесі баршамызға ортақ іс. Мектеп, ата-ана, қоғам болып жарқын болашағымызды бірге қалауымыз қажет. Білім беруді тәрбиемен жаңаша ұштастырып, оның сапасын көтеру – мәртебесі биік, маңызы зор, жалпыұлттық мүдде. Осы абыройы ортақ істі баршаңызды аса жауапкершілікпен бірлесе атқаруға шақырамын, – деді Жанар Бегайдарова.

Тағы да оқыңыз: