Kyzylorda-news.kz Ауылдық жердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін анықтап, академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу мақсатында елімізде алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада өткен болатын. Аталған білім бәйгесі қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға арналған. 

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары ғана қатыса алады. Мұндағы мақсат – еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілетін анықтап дамыту және халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру. 

Ол республикалық олимпиадада академиялық адалдықты қамту үшін тапсырма әр қатысушыға жеке электронды түрде жіберіліп, барлық кезеңінде оқушылардың аты-жөні көрінбегенін, оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадада 3 кезең бойынша сынға түскенін айтады.  

Пәндік олимпиада – ғылымның алғашқы баспалдағы, оқушы санасына алғашқы ізденістерін қалыптастырып, болашақ ғалымдарды баулитын, ғылымға еркін бойлайтын жастарды қалыптастыратын ең үлкен және ең тамаша бәсеке. 

Айта кетейік, республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне Жалағаштан 387 оқушы қатысуға өтініш білдіріп, оның 122-сі жеңімпаз атанған. Яғни 51 оқушы ІІІ орын, 38 оқушы ІІ орын иеленсе, 33 оқушы көш бастап, облыстық кезеңге жолдама алған.  Еліміздің түкпір-түкпірінен 1 000-нан аса оқушы қатысқан олимпиадаға облыстан 34 оқушы, оның ішінде аудан абыройын арқалаған 6 оқушы сүрінбей өтіп, жалпы білім беретін пәндер бойынша Астана қаласында республикалық олимпиаданың үшінші кезеңіне қатысқан.

Олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарында 13 пән бойынша өткен. Сондай-ақ олимпиада қағидалары ең беделді әлемдік IMO,  IPHO, ICHO, IBO, IGEO, IOI, IOL олимпиадалардың ережелеріне сүйеніп жасалған. Жаратылыстану-математикалық бағыттың 6 пәні бойынша және қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 7 пәні бойынша бекітілген бағдарламаға сәйкес өткізілген. Олимпиадалық пән ерекшеліктеріне сәйкес тапсырмаларды орындауға әртүрлі уақыт бөлінген. Мәселен, математикаға 4 сағат, информатикаға 4 сағат, физикаға 2 сағат 30 минут, химияға 2 сағат 30 минут, биологияға 2 сағат және географияға 1 сағат 30 минут қаралған.

Республикалық олимпиаданың қорытындысымен ауданнан барған 6 оқушының 4-еуі І орын иеленсе, 1 оқушы ІІ орын және 1 оқушы ІІІ орын алған. Атап айтар болсақ, қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Өмірбек Айнабек математика пәні бойынша жүлделі І орын иеленген. Жетекшісі – Ғалымжан Нұрмахатов. Дәл осы білім ордасының бітіруші түлегі Асыл Жақсылық физика пәні бойынша І орын алған. Пән мұғалімі – Нұрбол Құдабаев. Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Нарқыз Төлепберген химия пәні бойынша І орын алған. Жетекшісі – Марал Ниетқұлова. Ал физика пәні бойынша І орын алған Азамат Тұрсынбек те аталған мектептің озат оқушысы. Жетекшісі – Айгүл Шілдебаева. 

Ақбота Ерғалиева жетекшілік жасаған Балқы Телғара информатика пәні бойынша ІІ орын иеленсе, Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ақжан Әсетқызы биология пәні бойынша ІІІ орынға тұрақтаған. Жетекшісі – Ақжайық Төлеуова. 

–  Жалпы олимпиадаға 2-3 сынып оқитын кезімнен қатыса бастадым. Ең алғаш 4 сынып оқитын кезде «Бастау» республикалық математикалық турнирдің аудандық кезеңінен ІІІ орын алдым. 7-8 сыныптарда республикалық юниор олимпиадаларына қатысып, ІІ, ІІІ орындар иелендім. «Кенгуру» олимпиадасына 9 сыныпта «биология» пәні бойынша қатысып, ІІ орын, республикалық пәндік олимпиадада ауданнан І орын, облыстан ІІІ орын алдым. Ал ауыл мектептеріндегі оқушыларға арналған республикалық олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңінен І орын, ал республикалық кезеңінен ІІІ орын алдым. Осы олимпиадаларға қатысуымның арқасында «Қамбаш» оқу-сауықтыру орталығы, «Балдаурен» тынығу орталығына демалуға, бір жағынан олимпиадаға дайындықты жалғастыруға бардым.Дайындық барысында әлеуметтік желіден кітаптарды оқуды тиімді деп санап, жиі кітаптар оқимын.Дайындық жүргізу барысында алдымен ұстаздарыма және резерв дайындықтарына алғысымды айтамын, – дейді №202 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ақжан Әсетқызы.

Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталған. Сондай-ақ барлық қатысушыларға сертификаттар мен  бағалы сыйлықтар табысталған. 

Айта кетейік, аталған олимпиадада 11 сынып оқитын жеңімпаздар еліміздің бірқатар ЖОО-ның ректорлық гранттарын да жеңіп алған. Мәселен, №123 мектеп-лицейінің бітіруші түлегі Асыл Жақсылық Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің білім беру грантын жеңіп алса, Айнабек Өмірбек Алматы қаласындағы КеАҚ «республикалық физика-математикалық мектебінің» грант иегері атанған. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, білікті ұстаздан білім алып, аудан абыройын асқақтатқан жастарымыз болашақта ел игілігі жолында тынымсыз қызмет ететіні хақ. 

Тағы да оқыңыз: