Kyzylorda-news.kz. Кез келген мемлекет білім мен ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Олай болатыны да заңдылық, себебі барлық салада серпін қалыптастыруда бұл мақсат-міндеттер ерекше маңызға ие. Қазақстан да тәуелсіздік алған жылдардан бері аталған салаға ерекше қолдау көрсетуде. Нәтиже де жоқ емес, қазір сөзімізді қуаттай түсу үшін салада қалыптасқан серпін жайын тілге тиек етсек, Жалағаш ауданының өзінде бірқатар жетістік бар. Жыл сайын түлектердің басым бөлігі мемлекеттік грантпен білім алуға қол жеткізуде. Аудан аймақта білім саласымен алдыңғы қатардан көрініп келеді. Әлбетте бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың және ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегінің жемісі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Мереке қарсаңында аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықовпен ауданда саланың даму барысы қалай, әлі де қандай мәселелер бар, жаңа оқу маусымында білім беру жүйесінде нендей өзгерістер бар, осы және өзге де бірқатар сауалдардың түйінін тарқатқан едік...
– Талғат Құрақбайұлы, биыл ауданда сала бюджетінде өсім бар ма?
– Биыл ғана емес, жыл сайын білім саласына бөлінетін қаражат көлемінде өсім қалыптасып келеді. Мәселен, 2022 жылы білім саласына бөлінген қаржы 10 млрд теңгені құраса, 2023 жылға жоспарланған қаржы 14,5 млрд теңгеге жетті. Орташа есеппен сала бюджеті 30 пайызға артты деп толық айта аламын. Биыл да салаға бөлінген қаражат көлемінде өсім болды.
– Осыған дейінгі сұхбаттарыңызда мектепке дейінгі тәрбие ісі тыс қалып жатады. Жалпы ауданда мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту барысы қалай, ауданда ондай қанша ұйым бар, оның қаншасы мемлекеттік, қаншасы жеке балабақшалар?
– Жалағаш ауданында жалпы 36 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 10-ы – мемлекеттік, 23-і – жекеменшік балабақшалар. Мұнан бөлек 3 шағын орталық бар. Қазір бұл ұйымдарда 3048 бала тәрбиеленуде. Ауданда 3 жастан 6 жасқа дейін балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызға жетіп отыр. Яғни мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз етуде мәселе жоқ.
Сөзіңізден мектепке дейінгі тәрбие ісімен айналысатын ұйымдардың ішінде жекелердің үлсі басым екенін аңғаруға болады, оның қаншасы ауылдық елді мекендерде, қаншасы аудан орталығында? Жалпы ауылдарда бұған қатысты мәселе бар ма? Жалпы балабақшалардың ішінде апатты жағдайда тұрғандары бар ма және мектепке дейінгі тәрбие ісімен айналысатын ұйымдардың алдағы жылу мауысымына дайындығы қалай?
– Жеке балабақшалардың үлесі 85,2 пайызды құрайды. 23 жекеменшік балабақшаның 13-і кентте, 10-ы ауылдық округтерде орналасқан. Қазіргі таңда апатты жағдайдағы балабақша жоқ, Кентте орналасқан «Күншуақ», «№19 санаторий», «Ақмаржан» балабақшалары табиғи газбен жылыту жүйесіне қосылды. Ал «Арай», «Жауқазын» балабақшаларын көгілдір отынға қосуға байланысты жобалық-сметалық құжаттар дайындауға 9 млн 356 мың теңгеге бюджеттік өтінім жасалды.
– Енді орта білім беру жүйесіне көшейік, ауданда қанша мектеп бар, жаңа оқу жылын қанша оқушымен бастадыңыздар?
– Ауданда 20 мектеп жұмыс жасайды. Оқушы саны – 7063. 2023-2024 оқу жылында бірінші сыныпқа барлығы 628 оқушы қабылданды. 2021-2022 оқу жылында 358 түлек мектепті тәмамдады.
– Олардың қаншасы ҰБТ-ға қатысты, нәтиже қалай?
– Ұлттық бірыңғай тестілеуге 323 түлек қатысты. Орташа балл – 83,1. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен білім беру гранты конкурсына қатысқан 302 талапкердің 86 пайызы, яғни 260 түлек грант иегері атанды. Әрине бұл – үлкен жетістік, мұның артында мемлекеттің салаға деген ерекше қолдауы мен әріптестерімнің еселі еңбегі жатыр. Бірақ біз бұл жетістікке тоқмейілсуден аулақпыз, керісінше жасаған жұмысымыздың жемісінен шабыт алып, әрі қарай да бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға аянбай еңбек етеміз.
Қосымша және инклюзивті білім беруде нендей мәселелер бар?
– Жалағаш ауданында 1 оқушылар үйі, 1 өнер және 2 спорт мектебінде 2 300 бала қосымша біліммен қамтылған. Осы оқу жылында 20 мектеп жанындағы 126 үйірмеге 1825 бала қатысуда. Бүгінде 343 ерекше білім беруді қажет ететін балалар анықталып отыр. 169 бала мектепте, 22 бала арнайы психикалық дамуы тежелген сыныпта, 54 бала үйден оқытылуда, 60 бала балабақшада, 43 бала психологиялық-педагогикалық түзету, 45 бала ресурстық орталықта, 30 бала логопедиялық пункте түзету сабақтарын алуда. Әр оқу жылында ақыл-ой бұзылысы бар, нашар көретін және брайль шрифтімен жазатын оқушыларға арналған арнайы оқулықтар алынуда. Биылғы оқу жылында сұранысқа сай 2 млн 350 мың теңгеге оқулықтар алынды. Жұмыс жасайтын пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыруда арнайы инклюзивті курстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Мәселен, қазірге дейін 1 275 педагогтың 44 пайызы арнайы инклюзивті курстан өткен.
– Жалпы білім ошақтарының материалдық инфрақұрылымы қалай?
– Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2022 жылы 17 млн 800 мың теңге бөлінген, 2023 жылға барлығы 89 млн 346 мың теңге қаралып, тиісті қаражат көлемі 5 есеге артып отыр. 10 млн 727 мың теңгеге кент орталығындағы №31 мектеп-гимназиясы, Бұқарбай батыр ауылындағы №33 мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге байланысты жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына келсек, №31 мектеп-гимназиясына 805,1 млн теңге, 33 орта мектепке 435,8 млн теңге қажет.
Модернизация жаңғырту жұмыстарына 2023 жылы 6 мектеп жоспарға енгізіліп, барлығы 79 млн 297 мың теңге жұмсалды. Аудан мектептері 100 пайыз кеңжолақты интернет желісіне қосылған. Сонымен қатар бүгінгі күні мектептер 95 пайыз жаңа модификациялық физика, химия, биология пәндік кабинеттерімен жабдықталған. Мектептер бойынша құрал-жабдықтар алуға, яғни 2023 жылға LTD экран, парта, тақта, акт зал орындықтары, бейне бақылау камерасы, дабыл нүктесі, жылу жүйесінің құрал-жабдықтарына 107 млн 817 мың теңге бөлінді.
– Бұрын тек көмекке мұқтаж балалар ғана мектеп қабырғасында ыстық тамақпен қамтылатын, қазір бастауыш сынып оқушылары да бұл мүмкіндікке қол жеткізді. Жалпы ауданда қанша балаға білім ошақтарында ыстық тамақ беріледі?
– 2023 жылдың қаңтар айынан бастап 1-4 сыныптарда оқитын 1 899 оқушы 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылды. Көмекке мұқтаж 2074 баланы бір реттік қаржылай көмекпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 83 млн теңге бөлінді. Балаларға берілетін астың сапасы ұдайы бақылауда болады. Олардың ыстық тамақпен қамтылуында осы күнге дейін ешқандай мәселе туындаған емес, алдағы уақытта да жол бермейміз.
– Жалпы мемлекет тарапынан салаға басқа да қандай қолдаулар бар?
– Қазір білім саласына мемлекет тарапынан ерекше қолдау бар, оны жоғарыда айттым. Мұндай қолдау болмаса, сұхбат барысында сүзгіден өткізген қаншама шаруа осынша ширамайтын еді. Мұнан бөлек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Президенттің бастамасымен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жуырда балабақша тәрбиешілерінің де айлығы 30 пайызға артты. Ұстаздардың еңбек демалысы да ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне әлі де мән беріліп жатыр. Қазір мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап та күшейді. Осы саладағы студенттердің шәкіртақысы 2,5 есеге артты. Бір сөзбен айтқанда, білікті ұстаз даярлау ісіне ерекше мән берілуде.
– Сұхбатыңызға рахмет!
