Kyzylorda-news.kz.  Кітапханаға оқушы кезімізде жиі бас сұғатынмын. Ол мектеп кітапханасы болсын, орталық кітапхана болсын, сабақтан қолым қалт еткенде жиі бас сұғатын орнымның бірі еді. Кітапхана ұйымдастарған іс-шаралардың да әрдайым басы-қасынан табылып, үнемі белсенділік танытушы едім. Сондағы мақсатым – ақылдың кілті болған кітап үйіне бір қадам жақын жүру. Кітапханаға арнайы барып, бірнеше әдеби-танымдық кітапты белгілі бір белгіленген мерзімге алып, олжалы қайтқандай үйге қуанып көңілді оралатынмын. Бір жағынан, кітапханадан том-том кітап алып оқу – әкемнен дарыған қасиет әрі отбасымның өнегелі тәрбиесі деп білемін. 
    Сол уақыттарда маған бір ой келетін еді. «Мына кітапханашы апайлардікі, сірә неткен жақсы жұмыс. Кез келген кітап қолжетімді. Қалағаныңды ал да оқи бер. Тіпті бүкіл жұмыс уақытыңды кітап оқып өткізсең болады» деп таңданатынмын іштей. Бала көңіл анау темір жолдың арғы бетіндегі үйіме бірнеше кітапты арқалап қайтуды қиын көргені ме, әлде бірнеше кітап алғанымды місе тұтпай, көп кітаптың ортасында отырып, қалағанымды алып оқығым келе ме, әйтеуір осындай ой болатын. Бір жағынан, кітапханашының жұмысы – кітап оқу деп ойласам керек.
    Сол кездерден бері кітапхана мен кітапханашы апайларға өте жақынмын. Жақында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей жанындағы кітапхананың кітапханашысы Зәуре Үйсінбаевамен әңгіме-дүкен құрған болатынмын. Білімнің кені болған кітаптар үйінде, әдеттегідей, жүзі жылы, мейірімді апайлар жұмыс істейді. Менің бала күнгі түсінігімде солай қалыптасқан. Білікті кітапханашымен әңгімелесу барысында бұл ойымның дұрыстығына тағы бір мәрте көзім жете түскендей. Мектеп-лицей кітапханасына арнайы бас сұғып, жұмыс барысымен, кітап қорымен жақынырақ таныстым.
    Аз-кем таныстықтан соң Зәуре Маманқызы бізбен бұрыннан таныс кісідей ақтарылып сөйлесіп кетті. Журналист те, кітапханашы да «илегені бір терінің пұшпағы» демекші, екеуі де шығармашылықтың адамдары ғой. Содан болса керек, апаймен әңгімеміз тез жараса кетті. Мақала арқауы етіп өз өмірін айтудан бұрын кітапханамен таныстырып, жұмысын көрсеткен кітапханашының өз ісіне беріле кіріскен жан екенін аңғардық.
    – Жақында кітапханамыздағы кітап қоры 300-ге артты, – деп қуана дауыстады ол сүйіншілегендей.
    – «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Оқушылармен бірлесе отыра,, мектепішілік байқаулар, танымдық кештер мен кездесулер ұйымдастырамыз. Әр баланың қабілеті әртүрлі ғой. Сол сияқты кітап оқуға, кітапхана жұмысына белсенділік танытатын оқушылар бар. Әрине оқушылардың барлығы дерлік кітапханаға бас сұғып, керек кітабын тауып, қажет ақпаратын алып жатады, – дейді Зәуре Үйсінбаева.
    Білікті маманның балаларға деген ықыласы да өте ерекше екен. Кітапханаға кірген оқушыны құшақ жайып қарсы алып, жылы лебізін білдіріп шығарып салып жатты. Біз сұхбат құрып отырған аз ғана уақыттың ішінде келген оқушылардың да кітапханашы апайға ерекше еркелеп, сыйластық көрсететінін байқадық.
    Зәуре Үйсінбаева – 1973 жылдың тумасы. Алғашқы еңбек жолы 1990 жылдан бастау алыпты. Алғашқыда түрлі салаларда еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, жан-жақты ысылып, тәжірибе жинаған жас маманның 2012 жылдан бастап білім ордасындағы қызметі басталған. Алғашқыда зертханашы, тәрбиеші болып жұмыс жасай жүріп, балалармен жақсы қарым-қатынас орната білді. Жүзі жылы, жүрегі мейірімді адамға бала да үйір, жақын болады емес пе. «Адамның жақсысын бала біледі» деп айтады бұндайда. Ол – рас. Зәуре апай жаспен де, жасамыспен де тіл табыса алатын, үлкенге де, кішіге де сый-құрметін аямайтын жайдары жандардың бірі де бірегейі. Кітапханашы мамандығын игеріп, 2017 жылдан бастап мектеп кітапханасында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде өз жұмысының қыры мен сырына әбден қаныққан ол әр жұмыстың қызық та, қиын да тұстары болатынын айтып өтті.
    – Балалармен жұмыс жасаған қызық қой. Баланың энергиясы кісіні шаршатпайды. Керісінше, күш-қуат береді адамға. «Бала тілі – бал» деген, кейде «өмірімізді ұзартып алатын» сәттер де кездесіп жатады. Өзім де кітап оқығанды ұнатамын. Кітап – ақы сұрамайтын ақыл кені. Нағыз шынайы дос бола алатын дүние. Негізінен өзім орыс сыныбында оқығанмын. Бірақ қазақ әдебиетіне, оның ішінде поэзия жанрына деген қызығушылығым басымырақ, – дейді кітапханашы.
    Журналист болған соң, әр түрлі саладағы адамдармен кездесіп, тілдесіп, сұхбат құрып жатамыз. Бір сұхбат барысында-ақ кісінің қандай екенін анық аңғаруға болады. «Бойыңызда қандай қасиеттеріңіз бар, айта өтсеңіз» деген сұрағымызға мақтанып ала жөнелмей, өзіне ұнамды қасиетін ашып айта қоймаған Зәуре апай туралы пікірді жанындағы әріптестерінен сұрастыруды жөн көрдік. 
    – Зәурені 2012 жылдан бері қарай білемін. Ол кісі туралы айту керек болғанда, ең алдымен «қарапайымдылық» деген ассоциация ойыма орала қалды. Өте қарапайым әрі көпшіл жан. Қолы ашық. Сондай жарқын мінезінің арқасында көпке сыйлы болып жүрген жайы бар. Балалар да үйір өзіне. Кітапхана жұмысына араласа бастағанына жеті жыл уақыт болып қалған екен. Сол сәттен бері бірге жұмыс жасап келеміз. Бірге қаншама жұмыстар атқардық. Қызметте сенімді әріптес, өмірде әпкелі-сіңлілі құрбыға айналдық. Зәуре – өте еңбекқор жан. Әдемілікті жаны сүйеді. Әр іске жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты атқарады. Ол өз ісінің нағыз маманы, өте ұқыпты, шыншыл, кішіпейіл, достарына адал жан деп ауыз толтырып айта аламын. Аялап өсірген қызы Бағжан өрісін кеңейтіп, анасына әже бақытын сыйлады. Бүгінде қос жиеннің қызығына тоймай, тілеулерін тілеп отырады. Адал еңбегі еленіп, аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасына» ие болғанын, кітапханашылар күні қарсаңында арнайы марапатпен марапатталғанын да айта кету орынды, – дейді мектеп-лицей кітапханасының меңгерушісі Ләззат Ниязбекова.
 

Тағы да оқыңыз: