Kyzylorda-news.kz. Өткен жылы Елорда төрінде 11 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан білім беру саласының үздіктерін анықтайтын республикалық байқауда топ жарып, «Үздік Педагог - 2023» төсбелгісін алған, Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Қонарованың тұлғалық келбетін таныту мақсатында сұхбат жүргізген болатынбыз. 

– Сіз тәжірибелі мұғалім екендігіңізді дәлелдеп жүрсіз. Салыстырмалы түрде қарастырып көрейікші, бұрынғы білім беру жүйесі мен қазіргі жүйеде қандай ерекшелік бар?

– Менің мектепі өмірімнің бір бөлшегіне айналдырып, шәкірттердің туған баламдай білім көшіне бастап, жанашылық танытып, сол арқылы биік белестерді бағындырып келе жатқаныма да биыл 32 жыл болыпты. Былай қарап отырсақ бұл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде қаншама шәкірттің мерейі өскендігін көрдік. Оларға ақыл мен білімді қатар септік. Бұрын білім тек кітапта болды. Тақта мен бор, қолдан жасалған көрнекіліктермен оқушыны қызықтыруға тырыстық. Қазір жүйе толық цифрланған. Оқушы заман талабына сай білімін толықтыра алады. Мемлекет дамудың даңғыл жолына түсіп, жан-жақты өркениетті меңгеріп жатқан шақта білім беру жүйесі де толықтай жаңартылып, заман талабына сай жабдықталып келеді. Бұрын біз шәкірттерге тың дүние үйрету үшін көп ізденуші едік. Қазір оның бәрі цифрлық жүйе арқылы оңай қол жетімді болды. Мемлекет мұғалімге жақсы жеңілдіктер жасап жатыр. Жалақының еселеп өскені де білім берушілердің материалдық жағдайын жақсартып қана қоймай, мерейін де өсіре түсті. Қысқасын айсам үкімет мұғалімді өз «панасына» алды.  

– Сіз шәкірттерге қандай талап қоясыз?

– Тәртіп, жауапкершілік, адалдық. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының мына бір сөзіне тоқтала кетпеуге болмас. «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы» дейді ғой. Расында, тәртіп болмаған жерде еңбек еш кетеді. Ең алдымен оқушыны дұрыс сөйлеу, өзін-өзі дұрыс ұстауға, мұғалімді, үлкенді сыйлауға үйрету керек. Ал жауапкершілік адамның қоғамдағы беделін бекіте түседі. Жауапкершілігі жоқ адамнан ештеңе шықпайды. Ондайларға үміт артудың өзі артық. Сондықтан оқушының бойына жауапкершілікті сезіну және соған селкеу түсірмеу керектігін сіңіру керек. Және адалдық. Бұл әр адамның бойында болу керек қасиет. Өмірдің өзі жақсы мен жаман, ақ пен қара секілді, адалдық пен арамдықтан тұрады. Адал шәкірт өсіру, тұлға  қалыптастырудың тетігі деп ойлаймын. Және оқушының бойына тарыдай кезінен сіңіруге тырысамын.  

– Ылғи сіздің биік белестерді бағындырып жүргеніңіздің куәсі болып жатамыз. Бұл ізденімпаздықтан ба, әлде білім мен білігіңіздің нәтижесі ме?

– Сіз санамалап отырған қасиеттердің бәрі ұштасқан кезде адамның жетістікке жетпеуі, биіктерді бағындырмауы мүмкін емес. Мен ойлаймын, мұғалім ол шәкіртке үлгі болуы керек. Оқушыдан білімді, жетістікті талап ету үшін, өзің де сол талапқа сай болуың қажет. Олай болмаған жағдайда қадірің қашып, беделің төменшіктей береді. Тек 45 минутты өткізіп шығу мұғалімнің мүсәпірлігі. Шәкірт тәрбиелеп отырған адам үнемі ізденісте болуы міндетті. Заман мен техника күн сайын қарыштап дамуда. Бұрынғы ескіліктің сарқыншағын сақтау арқылы ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Терең білімді меңгеру керек. Ол, әрине, тәжірибемен келеді. Бүгін жұмысқа орналасқан маманнан үлкен жетістік күту де артық. Олар ізденіп, ысылуына мүмкіндік туғызу керек. Ал талай жыл осы салада нәпақа тауып отырған, бірақ бір де бір жеткен жетістігі жоқ әріптестерім де жоқ емес. Өзім алдыма мақсат қоямын. Және соған жету жолында өзімді дамытудан, білімімді жетілдіруден шаршамаймын. Іздеңімпаздық пен білімділіктің арқасында, мақсатыма қол жеткізіп келемін. 

– Сіз үшін мұғалім қандай болу керек?

– Мұғалім алдымен өзінің мамандығын жақсы көру керек. Және  балаларды  тұлға ретіңде тану қажет. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқан кезде жан-тәнімен беріліп істейді. Ол өзінің өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткенін де аңдамай қалады. Әсіресе мұғалім болуды таңдаған кезде басқадай мақсатпен емес, өзінің жан қалауымен келуі маңызды. Себебі біз болашақты жетілдірушіміз. Әрбір шәкірт ол болашақ бір-бір тұлға. Олардың шам-шырағы мектептен жағылып, өмір тетігі мектептен қалана бастайды. Сондықтан мамандығын сүйіп келген мұғалім білімді, жылдар өтке келе білікті ұстазға айналады. Бір сөзбен айтқанда мұғалім оқушының обалына қалмай, сауабын алуы керек. 

– Сіз қатал мұғалімсіз бе?

– Жоқ, мен талапшылмын. Осы арқылы шәкіртті тани алуға болады. Мен өзім берген білімнің нәтижесін күтемін. Және оқушының жан-жақты ізденісте болғанын қалаймын. Қазір қаталдық танытып нәтижеге жету мүмкін емес. Себебі оқушы өз құқығын жақсы біледі. Өзіміз оқушы кезде ағай, апайлардың қас-қабағынан қорқушы едік. Тіпті таяқтап жатса да  ата-анамызға бармайтын менің замандастарым шағымданған емес. Сонда мұғалім бізді ойлағандықтан сондай қадамға барғандығын кейін түсіндік қой. Қазір ол өткеннің еншісінде қалды. Оқушыға қаталдық таныту артық. Тек талап қою арқылы ғана бағамдауға болады. 

– Бүгінгі шәкірттердің ерекшелігі неде?

– Бүгінгі шәкірттер ашық, өз көз қарасын білдіре алады. Және шыншыл. 32 жылда мыңдаған оқушы алдымнан өтті. Кейін өзіммен әріптес болып келгендері де бар. Тәуелсіздікпен бірге адамдардың ой өрісі, өмірге деген көзқарасы, психологиясы да дамыды. Қазіргі оқушы өзінің ойын ашық жеткізе алады. Өзіндік ұстанымы бар. Көзқарасын айқын білдіре алады. Бұл жақсы деп ойлаймын. Жастар жаңалыққа құмар. Мен өскелең ұрпақтың болашағынан көп үміт күтемін. 

– Ойыңыз бен тәжірибеңізді ортаға салып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.

Тағы да оқыңыз: