Kyzylorda-news.kz. «Білім саласының үздігі», 2019 жылғы «Дарын» номинациясының иегері, саналы ғұмырын білім саласына арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты жан Ләззат Палымбетовамен сұхбат құрдық. Ләззат апай зейнетке шықса да, қоғам өмірінен бір сәтке қалыс қалмаған. Ардақты ана, аяулы ұстаз Ләззат Әуезханқызымен болған шағын сұхбатымызды назарыңызға ұсынамыз.

– Ләззат Әуезханқызы, бірден өзіңізден, қызметіңізден бастасақ.

– Мен 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгенмін. Кейін Сыр өңіріне қоныс аударып, Шіркейлі ауылында мектеп қабырғасын тәмамдадым. Кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты физика-математика мамандығы бойынша оқып, білімімді жалғастырдым. Алғашқы білім жолымды №129 мектепте мұғалім болып бастадым. Кейін отбасы құрып, бала тәрбиесімен біраз жыл демалыста болдым. Араға алты жыл салып, қызметке қайта оралдым. Алғашқыда оқушылар үйінің директоры болып, кейіннен аудандық білім бөлімінде бас маман қызметтеріне дейін көтерілдім. 2004 жылдан бастап №35 мектепте директор болып жұмыс атқардым. Бұл менің қажырлы жұмыс жасаған жылдарым болды. 2011 жылдан бастап екі жыл Қалжан ахун ауылдық округіндегі №126 мектепте, 2013 жылдан бастап Қызылдихан ауылдық округіндегі білім ордасы №131 мектепте директор болдым. Осы жерден биылдан бастап зейнет демалысына шықтым.

– Ел ертеңі шәкірт тәрбиелеу жолында ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Шәкірттеріңіз бүгінде ұстаздан озып, биік белестерден көрінуде. Үздік шәкірттеріңіз туралы айта кетсеңіз.

– Баланы мен жалғыз тәрбиелемеймін. Оның ата-анасы берген білімі бар, өзге ұстаздардың еңбегі орасан. Десек те, үздік шәкірт дегеніңізде, менің есіме Досжан Елеусінов деген оқушым түсіп отыр. Ол сондай білімді, әрі тоғызқұмалақшы. Және бір мақтан тұтарлығы, Досжан біздің аудан бойынша тұңғыш рет «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алған. Өзі мектепті үздік аяқтап, Қазақ-Британ университетіне оқуға түсті. Қазір елордада мұнай-газ саласында жұмыс жасайды. Дәл қазіргі уақытта келісімшартпен Данияда жұмыс жүргізіп жатыр екен. Өмірге деген көзқарасы бөлек, алға қойған мақсаты айқын жігіттің әлі талай белесті бағындыратынына сеніміміз мол.

– Ел Тәуелсіздігіне, Қазақстан Республикасының азаматы, өз елінің ұлтжанды перзенті ретінде қандай үлес қостым деп ойлайсыз?

– Мен мынадай нәрсе жасап, еңбек сіңірдім деуден аулақпын. Білім саласында ұзақ жыл еңбек еттік. Қызметте болған жылдарымызда білім саласын, мектеп өмірін жандандыруға, жас ұрпақтың саналы білім алуына ықпал етуге тырыстық. Нәтижесін де көрдік. 2008 жылдары №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектепке «лицей» дәрежесіне көшіру туралы жұмыстар жүргіздік. Бір жылда бес бірдей «Алтын белгі» иегерін бітірткен жылдар да болды. Мұның бәрі ел үшін, халық үшін, келешек ұрпақтың жарқын келбеті үшін жасалған дүниелер деп білемін. Десек те, бұлар жалыз менің еңбегім емес. Бетке ұстар, үлгі тұтар ұстаздарымыз болды. Жаңашыл жас мамандарымыз болды. Есесіне, маңдай тер елеусіз қалмады. Министрліктің Құрмет грамотасын, әр жылдары облыс, аудан әкімдерінің алғыс хатына ие болдық. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткеніміз үшін бір іссапармен де, демалысқа да шетелдерге жіберді. Бұның бәрі мәртебе. Десек те, атқарылған жұмыстың барлығы ұжымның бірлесе жасаған еңбегі. Жастар, шәкірттеріміз сәлем беріп, ауылдастарымыз құрметтеп тұрса, бұл да менің қоғамға пайдалы адам болғаным ғой деп марқайып қалып жатамын. Азды көпті осындай еңбегіміз бар. Алда әлі де қосар үлесіміз мол деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, егемендігіміз мәңгілік болуы үшін не істеу керек?

– «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұстанымды жадында сақтаған дана халқымыз біртұтастық пен ауызбіршілікті – бірлігі бекем мемлекеттің негізі деп санаған. М.М.Сперанский: «Қазақтар шөлейтте өсетін балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты. Сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бір-біріне айдап салып, әлсіретіп барып бастарына құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген тұжырымға келген. Бірақ біздің дана халқымызтарих қойнауынан талай теперішті көрсе де, бірлік пен ынтымақты бәрінен биік қойып, жетімі мен жесірін жылатпай, өзге ұлттарды да өз бауырына басқан. «Сыйлағанға құшақ ашар дос, Жау болғанға қиып түсер қылыш» болған қазақтүрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинап, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деді.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген.Бізді осы Тәуелсіздікті алып берген де, одан әрі елдің елдігін нығайтатытын да  – бірлік, татулық, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмылған жұдырықтай әрекет ету деп ойлаймын. Алдағы уақытта мемлекетіміз одан әрі дамып, бәсекеге қабілетті озық елдер қатарына қосылуды көздейді. Бұл тұста, бейбітшілік пен ауызбішілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болатыны сөзсіз.
Және білім мен ғылым саласына аса көңіл қойылу керек деп ойлаймын. Дарынды, білімді жастарымыз жетерлік. Соларға жеткілікті жағдай жасалса, өз елімізді дамытуға тарта білсек, өндіріс, ауылшаруашылығы сынды маңызды салаларды дамытсақ, бізден мықты ел болмайды деп ойлаймын.

– Аудан халқына қандай жүрекжарды тілек арнайсыз?

– Шекарамыз бар, ұлттық құндылықтарымыз бен еліміздің елдігінің көрінісі мемлекеттік рәміздеріміз бар. Төл теңгеміз бар. Егемен елміз. Аллаға Шүкір! Ендігі тілек – сол Тәуелсіздіктің баянды болуы. Ел аман, жұрт тыныш болса екен деймін. Ұрпағымыз мың жасап, мылтық даусын естімесе екен. Теледидардан кей елдердегі жойқын сұрапылды көріп, көңіліме қаяу түседі. Ондайдан Алла сақтасын. Ел-жұртымыз аман, бейбітшілік заман болсын.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет.

 

 

 

Тағы да оқыңыз: