Kyzylorda-news.kz. Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында аудандық «Жалын» тынығу-лагері жазғы маусымын бастады.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, жас өрендерді құттықтады.
«Бүгіннен бастап балаларымыз жазғы мектеп аясында лагерьлерде демалып, шығармашылықпен айналыса алады. Биылғы маусымда жазғы демалыспен 6 мың бала қамтылса, тарихи экскурсиялармен 1 мың жас жеткіншекті таныстыру қолға алынбақ. Бұл демалуға тиісті балалардың 90 пайызын құрайды. Оның ішінде аз қамтылған əлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасынан шыққан балалар 100 пайыз демалыспен қамтылады. Сонымен бірге балалар жылы аясында демеушілер есебінен аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан
100 бала Алматы облысындағы «Тау Жаңашар» лагеріне жіберілетін болды», – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Айта кетейік, аудан әкімінің қолдауымен облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов «Жалын» тынығу лагеріне демеушілік етіп, музыкалық аппаратура сыйға тартылды. Мерекелік іс-шара балғындардың концертіне ұласты.