Kyzylorda-news.kz Ұлт сауатты болу үшін, білім сапалы болуы тиіс. Бүгін білектінің емес, білімдінің сайран құрған заманы екенін ескерсек, білім беру жүйесі осал елдің «болашағы бар» деп айту асылық болар. Өткен 2023 жыл Шиелі аудандық білім саласында несімен есте қалды? Саралап көрелік.
САН МЕН САПА
Ұрпаққа сапалы білім беру – әрбір ұстаздың парызы. Ал білім беру жүйесі – қай кезеңде болмасын қызығы мен қиындығы мол күрделі сала. Оқушыларға жүйелі білім беріп, білікті азамат етіп шығару ұстаздар тарапынан үлкен ізденіс пен қажырлықты талап етеді. Шәкірттерге сапалы білім беру үшін Шиелі ауданының мектептерінде мейлінше жағдай жасалуда. Шиелі аудандық әдістемелік орталық арқылы мұғалімдердің шығармашылық ізденістерін дамыту, кәсіби біліктіліктерін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу бағытында кәсіби байқаулар, конференциялар, педагогикалық оқулар және дарынды оқушылармен жұмыстар ұйымдастыру, оларды анықтау, танымдық деңгейлерін көтеру, шығармашылық жұмыстарға баулу бағытында танымдық шаралар өткізіліп, мектеп бітірушілерді ұлттық бірыңғай тестіге дайындықты жетілдіру мақсатында әдістемелік көмектер ұйымдастырылуда. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында ауданда білім сапасы жылдан жылға көтеріле түсуде. Нақтырақ айтқанда, 2023-2024 оқу жылы І тоқсан қорытындысымен барлық білім беру мекемелері бойынша білім сапасы 55,1 пайыз, үлгерім 99,93 пайызды көрсеткен.
Шиелінің ауданының білім бөліміне қарасты 38 мектепте 18 462 оқушы бар. Оның 1606-сы мемлекеттік мектептерге 1-сыныпқа қабылданса, ал 122-сі жеке мектептердің (Самғау скулл, Зияткер) табалдырығын аттаған.
665 БАЛА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ АЛАДЫ
Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе – балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен инклюзивті білім беру. Компьютерлік технологияның арқасында көптеген мүмкіндік пайда болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Баланы оқыту қызметін ынталандыру жағдайында оның ықпалы орасан. Сондай-ақ инклюзивті білім беру инновациялық әдістермен, оның ішінде компьютерлік технология, интерактивті тақта сияқты білім беруге қажетті жаңа ақпараттық технологияларымен қамтамасыз етілсе, келешекте мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру жүйесіндегі кедергілер азаяды деген сөз. Кемтар балалардың ата-аналары көмекшіге немесе арнайы мектептерге, арнайы интернаттарға, балабақшаға баласын бергісі келмесе, инклюзивті білім беретін мектептерге апаруға бүгінде толық құқылы. Шиелі ауданында инклюзивті білімді қажет ететін балалардың жай-күйін білмекке Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы Жібек Баймұратоваға хабарласып, сұрадық.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша қазіргі таңда педагогикалық-психологиялық кабинеттің қорытындысына сәйкес, ауданда 665 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға оңтайлы жағдайлар жасалынды. Жалпы ауданда инклюзивті біліммен қамтылған мектептер үлесі – 87,5 пайыз. Оқу үдерісін сапалы ұйымдастыруды қамтамасыз ету мақсатында жылма-жыл жаңа модификациялы пән кабинеттерімен толықтырылуда. Мәселен, 2021 жылы жаңа модификациялы 5 пән кабинеті және 10 мектепке инклюзив кабинеттері алынса, 2022 жылы 5 мектепке инлюзив қолдау кабинеттері алынып, 6 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 6 логопункт кабинеті ашылды. Онда логопед, психолог, әлеуметтік педагог мамандары жұмыс жүргізеді. Кабинетте баланың психикалық дамуын жетілдіру, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету, танымдық процестерін дамыту үшін арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған, – деді.
БАЛАЛАР ҮЙІРМЕГЕ ҮЙІР
Баланың жан-жақты сауатты, салауатты, өнерлі де талапты болып қалыптасуына үйірменің үйретері көп. Қолы қалт еткенде пайдалы іспен шұғылданса, өзі үшін де, ата-анасы үшін де маңыздыт. Бұл ретте Шиелі ауданында 2 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оған екі мыңға жуық бала қатысып, білім нәрімен сусындауда. Ал мектеп жанындағы спорттық секциялар мен үйірмелерге ынтасы ашылып, тіркелген 16 мыңнан астам жеткіншек бар екен. Қоса кеткен жөн, барлық білім беру ұйымында жүргізілетін «Ұлттық пікірсайыс қозғалысы», «Мектеп парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп және театр» жобалары бойынша бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Креативті жобалардың есебінен ынталы оқушылардың саны артып, қазіргі уақытта құрамындағы балалар саны 9 мыңнан асып жығылады. 5-7 сынып оқушылар арасында өтетін республикалық «Зерде» конкурсының облыстық кезеңіне 13 оқушы қатысып, оның үшеуі ІІ орын, 6 оқушы ІІІ орын, төртеуі грамота алған. 9-11 сыныптарға арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 25 оқушы қатысқан. Оның 4 оқушысы ІІІ орын, 1 оқушы ІІ орын, тағы біреуі І орын, ал қалған төртеуі алғыс хатпен марапатталған.
БАҚЫЛАУ КҮШЕЙГЕН
«Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Иә, бүгінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің біріне айналып отыр. Әлгінде айтқан ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда білім беру ұйымдарында бейнебақылау жүйесі күшейтілуде.
Тиісінше аудан мектептерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Оны біз білім бөлімінің басшысы Жібек Орынбайқызымен тілдескенде естідік.
– Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен күшейтілген режимде аудандық полиция бөлімшесімен бірлескен шараларды жүзеге асырудамыз. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген білім беру объектілерін қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бойынша 40 білім беру ұйымының 14-де бейнебақылау камерасы полиция бөлімдеріне қосылса, 16 мектепке турникет орнатылды. 2023 жылға 30 білім беру ұйымдарына дабыл түймесін орнатуға қаржы бөлініп сатып алу жұмыстары жүргізілді, – деді.
Қалай болғанда да, ауданның білім сапасын көтеріп, саналы да тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеп шығару қажет. Ол үшін ата-ана, мұғалім, оқушы болып тығыз байланыста жұмыс істеген игі. Себебі үштік одақ біріксе, мыңды жығады.