Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданындағы Байсын ауылында 250 орындық жаңа мектеп салынып, есігін айқара ашты. Заманауи үлгіде бой көтерген №207 білім ордасының жаңа ғимараты бүгінде ауылдың ажары болып тұр.
Білім ошағының ашылу салтанатында тұрғындардың көп жиналғаны, Шиелі ауданының ардагерлері мен сала басшыларының, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысқаны, тұрғындардың қуанышына ортақтасқаны, бәрі-бәрі әлі ойда таспаланып тұр. Сол мезетте:
– Білім саласы әрдайым Мемлекет басшының басты назарында. Өйткені біздің болшағымыз осы білімді жастарға байланысты. Сондықтан бұл салаға жасалатын қамқорлық алдағы уақытта еселене бермек. Биыл бес білім нысаны ел игілігіне пайдалануға берілуде. Соның біреуі осы ауылда ашылып отыр. Жаңа мектептегі жұмыстар жаңа жетістіктердің бастауы болсын, – деген еді облыс әкімі.
Онан соң Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ауданның "Құрметті азаматы", "Шапағат" медалінің иегері Нәйла Палымбет ауыл тұрғындары атынан облыс, аудан әкімдеріне алғысын жаудырған-ды. Мерейлі сәтте жаңа мектепті сапалы әрі мерзімінде пайдалануға беруге атсалысқан құрылысшылар мен білім ардагерлері облыс әкімінің "Алғыс хатымен" марапатына ие болды да.
Ата-аналар атынан сөз алған, білім саласының ардагері Күләш Тоқпанбетова көпшіліктің қуанышын жеткізіп, "Осы салада өнімді еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шықтым. Қиыншылықтарды айтпағанда, талай-талай жақсылықтарды да көріп, куәсі болып келеміз. Соның ішінде бүгінгі өзіміз қатысу бақытына ие болып тұрған тұсаукесердің жолы бөлек, жөні ерек. Жаңа ғимарат кешегі мен бүгінді жалғастырар ғибратты істердің тағылымды ордасына айналғай. Өскелең ұрпақты, егемен елдің ертеңін тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жанып, шәкірттеріңіз жетістіктерімен қуанта бергей. Баршамызға баға жетпес жақсылық пен үлкен қуаныш сыйлаған, игілікті іске мұрындық болған жандарға алғысым шексіз" деп шаттық сезімін жеткізді.
Іргетасы 1965 жылы қаланған бұл мектептің өзіне ғана тән бай тарихы, қалыптасқан игі дәстүрі бар. Оның қабырғасынан әр жылдары еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың алдынан есімдері өңірімізге ғана емес, елімізге танымал талай азаматтар дәріс алып, тәрбиеленіп шықты. Сөзімізге білімнің бастауы болған "Әліппенің" авторы Әзия Жұмабаева дәйек.
Нысан құрылысын "Авангард ПГС" мекемесі жүргізіп, халық игілігіне ұсынды. Құрылысқа республикалық бюджеттен 800 миллионның үстінде қаржы жұмсалған. Екі қабатты ғимаратта оқушыларға қажеттінің бәрі бар. Ауласы қоршалып, абаттандыру жұмыстары да жасалған.
– Байсында жүзеге асып жатқан игі істер аз емес. Ауылымыздың ажарын айшықтайтын жаңа мектептің ашылуы осыған дәлел. Мектеп оқушылардың білім алуына қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Енді осы мүмкіндіктерді пайдаланып, оқушыларға дұрыс білім беруіміз керек, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роллан Мұстафаев.
Жаңаның аты жаңа емес пе? Қазіргі заман талабына сай жабдықталған пәндік кабинеттер, технологиялық дәріс беру бөлмелері, спорт, акт залдары, кең де жайлы асхана бәрі де сәулет-сымбатымен көз тартып, еріксіз назарыңды аударады. Осылардың барлығын облыс әкімі мектеп басшысы және басқа да шақырылған меймандармен бірге көріп, аралап шықты. Мінсіз атқарылған істің сапасына ешқандай сын жоқтығын алға тартты. Мектеп оқушыларының жыр жолдарын тыңдады. Білгеніміздей, мектепте жалпы саны 240 шәкірт дәріс алады. Олар екі ауысымда оқиды. Оқушыларға 35 мұғалім сабақ береді.