Мектептің дамуы, оқушының білімінің шыңдалуы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал сол мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Жалағашта ауданның абыройын асқақтатуда, оқушыларды тәрбиелеп шығаруда Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі Марал Ниетқұлованың да үлесі зор.
ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның және ғылымның дамыған заманы. Заман кез келген адамның әмбебап болуын талап етеді. Оның ішінде мұғалімдер де заман ағымымен бірге өзгеруі тиіс. Бүгін кейіпкеріміз де 20 жылдық тәжірибесінде тек білім беріп емес, оқушылармен қоса өзі де үздіксіз білім алып жүретіндігін айтады. Ол – бүгінде «Көптілді меңгерген ұстаз» номинациясының иегері. Ағылшын тілінде түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, химия пәніне қатысты авторлық бағдарламалар ойлап тапқан. Ұстаз білім бәйгесінде сол арқылы шыңдалып жүргенін айтады.
– Ұстаздардың басты міндеті – жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу. Ол заман ағымына ілесуі керек, өз тәжірибесінде әр түрлі әдістерді қолданып, материалды еркін меңгеруі тиіс. Тек сабақ сұраумен шектелмей, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруы қажет. Мен өзім химия пәнінің мұғалімі болғандықтан тәжірибелік-зертханалық жұмыстар жасату арқылы сабақты қызықты өткізуге тырысамын. Одан бөлек қазіргі оқушыларға кітаптағы мәліметтерден бөлек мультемедиялық көріністер арқылы түсіндірген сабақ өтімді. Сондықтан оқушылардың мәліметтерді жеңіл қабылдауы үшін әртүрлі бағыттар қолданып, олардың әр тақырыпты тереңінен ұғуына жағдай жасауымыз керек. Кейде жоғары сынып оқушылары мамандық таңдауда өз қабілетін білмей басқа салаға қызығып жатады. Ал біз оның қабілетін көріп тұрғасын бағыт-бағдар береміз. Нарқыз деген оқушым ағылшын пәнін таңдаймын деп жүргенде оның химия пәніне деген қабілетін байқадық, бұл пәнді ағылшынша оқуға болатынын да айтып, бірге жарыстарға барғанбыз. Республикалық ауылдар арасында өткен пәндік олипиадада жүлделі І орын иеленіп, алтын медаль иегері атанды. Осылайша пәнге деген қызығушылығы артып, өз қабілетін байқады. Осындай оқушыларға бағыт-бағдар беру үшін де мұғалімдер жан-жақты, білімді болуы тиіс деп ойлаймын, – дейді Марал Қуанышқызы.
Иә, мектеп жасындағы оқушының өмірінде ұстаздың орны ерекше. Оның берген тәлім-тәрбиесінен бөлек, тәжірибелілігінің арқасында берген бағыты да дұрыс болып шығады.
Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейдегі ұстаздық еңбек жолын 2008 жылы бастаған кейіпкеріміз – қазірде педагог-зерттеуші санатындағы маман. Тоқтаусыз ізденісі мен еңбегінің арқасында көптеген жетістікке жеткен. Сондай-ақ өз пәні бойынша есептер шығару мен таңдау курстары бойынша әдістемелік құралдары мен бағдарламалар авторы. Аудан, облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен, «Құрмет» грамотасымен де марапатталған. Ауданның үздік жаңа формация мұғалімі, жыл ұстазы, «Үздік қысқа мерзімді жоспар – 2023» байқауында І орын иеленген.
– Әр оқушының пәнді жақсы білуі оны оқытатын ұстазына байланысты екені белгілі. Оқушының сабаққа қызығушылығын оятып, өзінің шеберлігімен шәкіртінің жүрегіне жол таба білетін, өз мамандығын жақсы көретін Марал Қуанышқызы талай шәкірт дайындап, жыл сайын химия пәнін таңдаған оқушылардың грант иегері атанып, жарысқа қатысушы шәкірттерінің аудан, облыс, республика көлемінде шамшырағын жағып, жол көрсете білді. Төккен маңдай тер мен адал еңбектің жемісін көріп, көптеген марапаттарға ие болды. Одан бөлек ол – пән мұғалімі ретінде жаңашыл бағытты ұстанып, әрдайым ізденісте жүретін, әрбір оқушының жүрегіне жол таба білетін білікті маман, – дейді Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің директоры Жеңіс Райсбекұлы.
Бүгінгі таңда мұғалім білім көзі ғана емес, сонымен қатар оқу-тәрбие процесінің белсенді қатысушысы болуы керек. Ол сол арқылы ел болашағын мықты етер ірі тұлғаларды тәрбиелейді. Оның міндеті – әр баланы оқу прцесіне қатыстырып, оны тыңдай білу, оқушының көзімен оның түсінбеген мәселесіне үңілу. Міне, осы жаңашыл мұғалімнің бойынан табылуы қажет қасиеттер бүгінгі кейіпкеріміздің бойында тұнып тұр.
Марал Қуанышқызы өзінің еңбекқорлығы, ізденісі мен кішіпейілділігінің арқасында сабақтарында оқушыларды химия пәнін терең түсіндіруде өмірмен байланыстыра отырып, мамандық дұрыс таңдауда, сыни ойлауға үйретуге, отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді. Осындай үздік мамандардың арқасында білім алып жатқан шәкірттер үшін мүлде алаңдамауға болады. Себебі мұндай маманның тәрбиесі арқылы болашақ ғалымдар мен ақындар да, мемлекеттік қызмет иелері мен түрлі саланың басшылары да өсіп жетілері анық.
