Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына айырықша назар аударып, мұғалімдердің жағдайына жіті мән беріп отыр. Қабылданған жаңа заңның аясында педагогтардың мәртебесін көтеруде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Оның мақсаты – мұғалімдердің жағдайын жасау арқылы жаңашыл, ізденімпаз мұғалімдердің қатарын көбейту, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие бере отырып, оларды жаңа методикалар арқылы әлемдік стандарттарға сәйкес оқытуға мүмкіндік туғызу.
Жалағаш ауданындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей мұғалімдері дарынды балаларды, білікті шәкірттерді тәрбиелеуде республикада алдыңғы қатарлы білім ордаларының қатарында. Осы орайда, озат мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі пәндерінің білікті ұстазы Салтанат Қосжанованы ерекше атап өтуге болады.
Білікті мұғалім Салтанат Қосжанованың ұстаздық жолға келгеніне де 15 жылдай уақыт болыпты. Ең алғашқы еңбек жолын Астана қаласындағы №49 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейіннен осындағы мемлекеттік гуманитарлық колледжінде ағылшын тілі пәнінен, Астана медицина университетінде шетел тілдері кафедрасында ағылшын тілі пәні бойынша, 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Гуманитарлық ғылымдардың магистрі Салтанат Қосжанованың сабақ беретін сыныптың оқушылары талай білім бәйгесінде қатарларынан оза шауып, ұстаз мерейін асқақтатты. Өз ана тілін, әдебиетін, қазақтың ақын-жазушыларының өнегелі өмірлерін, шығармашылығын тереңінен оқып білген оқушылар сайыстарда, байқауларда топ жарып жүр.
Шәкірттердің білім бәйгесін үздіктер қатарынан көрінуі де заңдылық. Себебі ұстазы Салтанат Қосжанова да білім саласының дамуына қосқан үлесі мен нәтижелі жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сонымен бірге 2017 жылы іскер, қабілетті басшыны анықтау мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Менің басшым – ең үздік директор» атты эссе байқауда жүлделі ІІ орын алса, осы жылы облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», «Үздік сындарлы сабақ», педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, «Жас ғалымдардың заманауи көзқарасы» тақырыбында өткен білім бәйгелерінде жүлделі орындармен марапатталған. Бұдан бөлек, «Үштілділік – білім берудің жаңа мүмкіндігі» облыстық байқауында ІІ орын, 2018 жылы оқушыларды ҰБТ-ға жүйелі дайындағаны үшін «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру» орталығының дипломымен, 2018 жылы «BILIM LAND» сайты ұйымдастырған «Жаңашыл мұғалім-2018» байқауының финалисі атанғаны үшін «Алғыс хатпен», 2018 жылы Арал қаласында Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша өткізілген облыстық командалық дебатта ІІІ орын иеленген.
Сонымен қатар, «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік белгісімен, инклюзивті сыныпқа арналған сабақты жоспарлау облыстық байқауында ІІ орынмен, шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңында көрсеткен үздік жұмыстары үшін Құрмет грамотасымен, Әл-Фараби – әлемдік тұлға республикалық-ғылыми конференцияға қатысып, кәсіби шеберлік көрсеткені үшін республикалық «Дарын» орталығының дипломымен, республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы» атты республикалық конференцияда І орынмен, өткен жылы «Педагогикалық идеялар фестифалі – 2020» республикалық байқауында ІІІ орынмен марапатталып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице министрінің грамотасы мен медалін иеленді.
Білікті ұстаз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған жолдауындағы білім саласына байланысты бағыттарын кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Білім беру ісінің үздік педагогі – 2020» атты республикалық байқау жеңімпазы атанып, жүлделі І орынды иеленген.
Салтанат Қосжанованың марапат тақтасын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын білім беру ұйымдары мн білім алушылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер» атты республикалық байқауда иеленген І орын дипломы, Мемлекеттік тілдің дамуына қосқан елеулі үлесі мен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрмет грамотасы, «Педагогикалық идеялар фестифалі – 2020» республикалық байқауында алған ІІІ орын дипломы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице министрінің грамотасы мен медалі толықтырып тұр.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын республикалық «Үздік педагог – 2022» байқауы жуырда мәресіне жетіп, қорытындыланды. Биыл аталған білім бәсекесіне республика бойынша 5 500 талапкер қатысса, соның 123-і облыстан іріктеліп, республикалық кезеңге өтті. Яғни, байқаудың соңғы кезеңінде білім беру саласының 123 қызметкері бақ сынады. Олардың ішінде Жалағаш ауданынан Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова да қатысты. Байқаудың қорытынды нәтижесінде алғаш рет өңіріміздің төрт ұстазы әртүрлі пәндер бойынша жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы Ұлжан Есмаханова, №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей интернатының география пәні мұғалімі Ләззат Құлымбетова және Жәлел Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі Айгүл Қиясова 2022 жылдың үздік педагогы деп танылды.
Елордадағы «Radisson Hotel Astana» қонақ үйінде өткен байқаудың салтанатты марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтаса, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 3 млн теңге сыйақы мен «Үздік педагог» төсбелгісін табыс етті.
«Мұғалім – ең қастерлі мамандықтың бірі. Сіздер Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлтына адал қызмет еткен көрнекті ағартушылардың ізін де, ісін де жалғастырып келесіздер. Мемлекет басшысының өзі білім саласына, ұстаздарға көп көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде «Педагог мәртбесі туралы» заң қабылданды. Мұғалім мәртебесін көтерудің алғы шарты – мұғалімдердің айлық жалақысын көтеруді көздеді. Сонымен бірге ұстаздарды өзінің қызметтік міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға мүмкіндік берді. Мұғалімдерге одан да басқа қолайлы жағдайлар жасала бастады. Алайда білім сапасына қатаң талап қойылды. Бүгін мәресіне жетіп отырған байқау да білім сапасын жақсартудың бір тетігі. Жылдан-жылға бұл байқаудың маңызы артып келеді және соған орай қатысушылардың да қатары көбейіп отыр. Бұл байқау мұғалімдерге өзінің білім деңгейін анықтап, салада жинаған тәжірибесін саралауына, еңбегін бағалауына мүмкіндік береді. Қай салада да бәсеке болуы керек. Сонда ғана даму болады, алға ілгерілеу болады. Әрине бүгінгі байқаудың жеңімпаздары өздерінің білім деңгейі мен біліктіліктерін дәлелдеп шықты. Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын және білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Асхат Аймағамбетов.
Салтанат Қосжанова – үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл мұғалім және жиған білімі, тәжірибесімен шәкіртті ғана емес, өзін де үнемі жетілдіріп отыратын нағыз ұстазға тән бекзат болмыстың иесі. Оқырмандардың ойына тағы да сала кеткенді жөн көрдік, Салтанат Қосжанова – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Абайтану» оқулығын әзірлеген авторлардың бірі. Нақтырақ айтсақ, биыл жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына еніп, пән ретінде оқытыла бастаған қосымша әдістемелігі «Абайтану» хрестоматиясын жазып, даярлаған республика бойынша үш мұғалімнің бірі.
Сондай-ақ, Салтанаттың өз пәні бойынша дайындаған оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындар иеленіп жүр.
«2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқауға қойылатын талап өте жоғары. Байқаудың ережесі бойынша әр қатысушы мұғалімнің республикаға тараған педагогикалық тәжірибесінен жинақталған әдістемелері, авторлық бағдарламасы, республикалық конкурстарға, фестивальдарға, конференцияларға қатысқаны, ондағы жасалған баяндамалары болуы тиіс. Сонымен бірге түсірген телевизиялық сабақтары, «Оқуға құштар мектеп» жобасы, дебаттық қозғалыс бойынша атқарған жұмыстары және ата-аналармен қарым-қатынас жұмыстары, волонтерлық қызметтері, қайырымдылық іс-шараларына белсенділігі және басқа да педагог атқаруы тиіс жұмыстардың барлығы сұралады. Мен байқаудың облыстық кезеңінде өзге әріптестерімнен басым ұпай жинап, республикалық кезеңге өттім. Байқаудың ережесі бойынша бұрын көрмеген мектебімізде болып, танымайтын оқушыларға сабақ бердік. Сабақтарымды талдау кезеңінде комиссиядан жоғары баға алдым. Сабақтың құрылымы, сабақ барысында қолданылған тың әдістәсілдеріңіз, сабақтың әр кезеңінде оқушылармен қарым-қатынас орнатуыңыз, соның ішінде олардың әрбір сөзі мен әрекетіне жіті мән беруіңіз, оқушылармен жұмыстарды саралауыңыз көңілімізден шықты және біз оны тәжірибе ретінде өз сабағымызда қолданатын боламыз. Шынымды айтсам, комиссия мүшелері мен әріптестерімнің осындай бағасы мен үшін байқаудың жүлдесінен де қымбат болды», – дейді Салтанат Қосжанова.