Kyzylorda-news.kz.  Шетелдік тәжірибеге сүйенер болсақ, әлемдік деңгейдегі университеттер білікті мамандар даярлаумен ғана шектелмейді. Олар кең спектрлі ғылыми зерттеулерді іске асыруға және оларды экономиканың нақты секторына конвертациялауға маманданған. Шетелдік танымал жоғары оқу орындары үшін   жетістіктерге жетуде негізгі үш фактор әсер етеді екен. Ол  - бір мүддеге жұмыс істейтін ұжым, икемді басқару жүйесі, оқыту мен зерттеулер жүргізу үшін оқытушы-профессор құрамына барынша жағдай жасау. 

Сонымен, Қазақстан ғылымы мен жоғары білім беруде 2023 жылы болған оң өзгерістерді атап өтейік:

Біріншіден, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде гранттар, әсіресе педагогикалық мамандықтар бойынша  саны көбейді, Педагогтардың зерттеу дағдылары мен цифрлық құзыреттіктерін дамытуға баса назар аударылды;

Екіншіден, 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың шәкіртақысы өсті. Қызылорда облысындағы экологиялық коэфицентті есептегенде педагогикалық білім беру бағдарламаларында оқитын студент – 87 360 теңге, магистрант -126 131, докторант – 282750 теңге алады. Бұл деген жас ұрпақтың білім алуына, болашағына деген мемлекеттік капитал деп ұғынуымыз керек.

Үшіншіден, Мемлекет басшысының қолдауымен ғалымдардың жалақысы, жас ғалымдарды қолдау шаралары көбейді, сондай-ақ отандық ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де артты;

Төртіншіден, Coursera — бұл әлемнің үздік университеттерінің онлайн курстарын ұсынатын онлайн білім беру платформасында білім алушылар кәсіпкерлік, бизнес салалары бойынша тегін курстарға қатысып, сертификаттар алды.  

Бесіншіден,  қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру кеңістігінде танылу деңгейі артты. Бір ғана QS WUR 2023 рейтингіне 21 қазақстандық ЖОО кірді, бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі есеге өсті;

Алтыншыдан, шетелдік ЖОО филиалдарын ашу жалғасты. Тіпті, өңірлердегі жоғары оқу орындарында алға ұмтылушылық, қарқынды даму байқалды. Мәселен,  Қызылордада Қорқыт ата атындағы университеті жанынан СеулТех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды;

Жетіншіден, жас ғалымдардың баспаналы болуына Отбасы банк арқылы жеңілдіктер қарастырылды.

Бұл да 1 жылға Қазақстан үшін аз көрсеткіштер емес, Қазақстан бүгінде посткеңестік елдер бойынша білім мен ғылымның дамуы жөнінен алдыңғы қатардан көрініп келеді. 2024 жыл бұдан да нәтижелі болады деген сенім мол.

Сағат Тайман, 

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Гуманитарлық-педагогикалық институт директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Тағы да оқыңыз: