Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жас ғалымдары АҚШ-тың Мичиган мемлекеттік университетімен бірлесіп, құны 38 мың долларды құрайтын жаңа гранттық жобаны ұтып алды.

Жобаның негізгі мақсаты – экология, қоршаған орта саласы бойынша жас ғалымдардың білімін тереңдету мен оқытушы профессорлық құрамның біліктілігін арттыруға бағытталған.

«Біздің ғалымдар жоба аясында АҚШ-тың іргелі оқу орындарымен тәжірибе алмасып, экология саласының оқытылу процесімен таныспақ. Аталған жоба екі ел университеттері арасындағы ынтымақтастықтың артуына және студенттердің жоғары тәжірибе алмасуына ықпал етеді. Жоба барысында жас ғалымдарға он күн бойы Мичиган мемлекеттік университеті, Вашингтон, Оңтүстік Дакота, Майн және Нью-Йорк қалаларындағы Пэйс университеттерінің профессорлары офлайн форматта дәрістер өткізіп, Арал теңізі жанына барып дала жұмыстарына зерттеу жүргізеді. Бұл жоба АҚШ-тың елшілігі тарапынан қаржыландырылады», – деді Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Гүлназия Әлмаханова.

Айта кетейік, жобаға еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарын қатыстыру жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: