Kyzylorda-news.kz. Аз ғана уақыттан соң кезекті жаңа оқу жылы басталады. Биылғы жылдың ерекшелігі сол оқушылар алғашқы тоқсанды қашықтықтан оқиды. Осыған орай Қазалы ауданындағы мектептердің дайындығы қандай? Қашықтықтан оқитын құрал-жабдықтар жеткілікті ме? Осы және білім саласындағы басқа мәселелер жөнінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рүстем Үмбетов әкімдік мәжілісінде айтып берді.

“Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылының бірінші оқу тоқсанында еліміз бойынша барлық білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қашықтықтан оқыту енгізілді. Осыған орай ауданымыздағы 37 білім беру ұйымының 31-інде оқушылар қашықтықтан білім алатын болады. Ал бала саны 100-ден кем және шалғай елді мекенде орналасқан №78, №146, №134, №259, №258 және №93 мектептердегі 420 шәкірт штаттық режимде және екі ауысымда мектеп қабырғасында оқиды. Білім ордаларында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталады”, – деді Рүстем Үмбетов.

Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушының айтуынша, қазіргі таңда аз қамтылған және ерекше білім беруді қажет ететін 487 балаға планшет пен Sim карталарды алуға және арнайы «Bilim» тарифына қосуға қажетті қаржы жергілікті бюджеттен бөлінген. Сонымен бірге үйлерінде интернет нүктесі бар, бірақ компьютері жоқ 351 балаға мектеп теңгеріміндегі компьютерлер қайтарымды негізде беріліп, қашықтықтан оқытылатын болады.

Сондай-ақ Рүстем Үмбетов білім алушылардың жаңа оқу жылындағы оқулықпен қамтылуы, мектеп ғимаратына ішкі әжетханаларды орналастыру және «Жол картасы» арқылы жөнделіп жатқан білім ошақтары туралы қысқаша айтып өтті.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жақын күндері мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп, нәтижесін хабарлауды аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиевке тапсырды. Ал, Рүстем Үмбетовке «Мектепке жол» акциясы демеушілік есебінен балаларға қажетті планшеттер, роутер модем және ұялы телефон алып беру қажеттігін айтты.

Тағы да оқыңыз: