Kyzylorda-news.kz. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім, адамдықтың тепе-теңдігі болатын алтын таразы мектеп екені хақ. Сондықтан жас ұрпаққа саналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Ел болашағы жолында ізгілікті мақсат етіп, егемен еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етуде білімнің қасиетті қара шаңырағы Жалағаш ауданындағы №31 мектеп-гимназиясының өзіндік орны бар. 

Білім беру нысаны алғаш рет 1939 жылы пайдалануға беріліп, 347 оқушыға есігін айқара ашқан. Аталған білім ордасы 2016 жылы гимназия атағын иеленген. Содан бері білім беру жолында елеулі еңбек етіп, талай шәкірттің талабын ұштаған алтын ұяда бүгінде 446 оқушыға 95 мұғалім дәріс беріп келеді. Өскелең ұрпақты тұлға етіп қалыптастыру жолында 19 педагог-зерттеуші, 23 педагог-сарапшы, 27 модератор еңбек етуде. Биыл мектеп бітіретін 18 түлектің 1-еуі «Алтын белгіге», ал 3-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Өскелең ұрпақты оқытып тәрбиелеуде аталған білім ордасы биік белестерді бағындыруда. Ұстаздар мен оқушылар аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен пәндік олимпиадалардан, спорттық сайыстардан жүлделі орындар иеленіп жүр. 

Айта кетейік, №31 мектеп-гимназиясы жыл сайын білім бәйгесіндегі жетістіктері үшін аудан әкімінің «Жеңістің биік тұғыры», «Шабыттың ақ желкені» сынды түрлі номинацияларын иеленіп келеді. Сондай-ақ «Жылдың үздік мұғалімі» номинациясын да аталған мектеп ұстазы Тоты Жалиева иеленген. Аудан әкімі мен облыстық білім басқармасы басшысының «Құрмет» грамотасымен Ляйла Ешниязова, Света Әлиева, Әмір Тәженов, Ақмаржан Бүркітбай марапатталған. Әрине бұл жетістіктің барлығы ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегі, шәкірттерінің бойына білім дарытып, бәсекеге қабілетті тұлға етіп қалыптастыру жолында бар білім-білігін сарп еткенінің жемісі деуге болады. 

– Жаңа оқу жылын 400-ден аса оқушымен бастадық. Оның 28-і мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Одан бөлек мектепалды даярлыққа 39 бала қабылданды. Былтырғы оқу жылын жақсы жетістікпен қорытындыладық. Биыл да жоғары деңгейде аяқтаймыз деген мақсатымыз бар. Межеге жету үшін ұлағатты ұстаздар бар қарым-қабілетін жұмсауда. Биылғы мектеп бітіруші түлектерді ҰБТ-ға дайындау жұмыстары басталып кетті. Барлығы 18 оқушы мектепті тәмамдайды. Ал оның 17-сі ҰБТ-ға баруға ниетті, 1-еуі шығармашылықпен оқуға түсуге талпынып отыр. Оқушыларымыз алдын ала дайындық сынақтарынан жоғары көрсеткіш көрсетіп, алды 100 баллдан астам ұпай жинауда, – дейді директор Гүлжанат Басанова.

Айта кетейік, былтыр аталған білім ошағын 24 бала тәмамдаған. 100 пайыз ҰБТ-ға қатысып, барлығы мемлекеттік грантқа құжат дайындаған. Нәтижесінде 24 баланың 23-і жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алуға қол жеткізсе, 1 бала ақылы оқуға құжат тапсырған. 

Әрине бұл нәтижеге оқушыға сапалы білім беруде оқу ордасы қажетті заманауи технологиялармен, ақпараттық ресурстармен жоғары деңгейде қамтылғанынан қол жеткезгенін аңғардық. Себебі мектеп қазіргі заман талабына сай техникалық құралдар, компьютерлер, интерактивті тақталармен жабдықталған. Атап айтар болсақ, мұнда химия, физика, биология, информатика, IT кабинеті бар. Онда сапалы интернет желісі де тартылған. Мұндағы ұстаздардың айтуынша, жоғары сыныптағы оқушылардың басым бөлігінің мамандығы жаратылыстану бағытында болғандықтан осы бағытта тереңдетіп оқытуға ерекше көңіл бөлінген. 

Сондай-ақ мектеп қабырғасында дефектолог маманның кабинеті жасақталған. Онда дефектолог Ақмаржан Бүркітбай мүмкіндігі шектеулі, арнайы диагнозы бар балалармен жұмыс жасайды. Мектепте ерекше білімді қажет ететін оқушыларға жағдай жасалған. Маманның айтуынша ол ерекше білім беруді қажет ететін балалармен коррекциялық жұмыстар жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткізуде. Ол шәкірттерін ХVІІІ-ші республикалық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестиваліне қатыстырып, жүлделі орындарға ие болған.

Мұнан бөлек мектепте оқушыларды жан-жақты дамытып, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында бірнеше үйірме жұмыс істейді. Әрине үйірменің үйретері көп. Оның басым бөлігі спорт саласына бағытталған. Робототехника, дебат, волейбол, баскетбол, дойбы, жүзу, жеңіл атлетика, қол добы мен  аяқдоп шеберлері арасындағы ойындарда тартысты ойын өрнегін көрсетіп жүрген спортшылар бүгінде осы мектеп қабырғасында білім алып, үлкен додаларда топ жарып жүр. Сондай-ақ білім ордасында мектеп парламенті де тағайындалған. Оның басты мақсаты – оқушылардың қоғамдық, әлеуметтік, шығармашылық қабілетін арттыру.

Мектепте оқушыларды білім-ғылымға баулитын түрлі шаралар көбіне кітапханашының ұйымдастыруымен өтеді. Күн сайын іші балаға лық толатын кітапхана қорында 22 964 кітап болса, оның 15057-сі – оқулық, қалғаны көркем әдебиет, әдістемелік құралдар мен электрондық кітаптармен толыққан. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың поэзияға деген құлшынысын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеп оқуға деген ынта-ықыласын көтеруде кітапханашы Сара Буханованың үлесі зор. Себебі ол оқушылардың шығармашылық жұмыстармен көп шұғылдануына бар жағдай жасайды. Осы орайда кітапханада «Оқуға құштар» мектеп жобасы аясында көптеген танымдық іс-шара өткізіліп, көрмелер ұйымдастырылады. Қазіргі таңда кітапханада «Туған жердің тұлғалары», «Абай әлемі», «Мәңгілік ел – Қазақстан» сынды көрмелер бар.

 Мектепте әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан 129 оқушы, 1-4 сыныптағы 114 оқушы, барлығы 243 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оқу жылы аяқталғанда оқу озаттары мен белсенді оқушылыр Көкшетау, Астана, Алматы қаласындағы тынығу лагеріне жолдама алып, жазғы демалысты тиімді әрі көңілді өткізеді. Мақаламызға арқау болған мектептің тыныс-тіршілігімен танысқанымызда 90-нан астам ұстаздан құрылған ұжым әлі де талай бүлдіршінді биік белестерге жетелеуде қажырлы еңбек етіп, білім мен тәрбие негізінде шыңдап, тұлға етіп қалыптастыра беретініне анық көзіміз жетті. 

Тағы да оқыңыз: