Kyzylorda-news.kz Бүгін еліміздің барлық мектебінде бір мезгілде «Білімім - Отаныма» бірыңғай сынып сағаты өтті. Сынып сағатының аясында министр барлық мектеп оқушыларын 2024-2025 оқу жылын табысты аяқтауымен құттықтады.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, биылғы оқу жылы толағай табыстар мен жарқын жетістіктерге толы болды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бір жыл ішінде рекордтық көрсеткіш - 257 жаңа мектеп ашылды. Оқушыларымыз халықаралық білім додаларында 362 медаль иеленіп, оның 41-і алтын медаль болды. Ел тарихында алғаш рет колледж студенттерінен құралған Қазақстанның Ұлттық құрамасы Францияда өткен 47-ші WorldSkills чемпионатында зор табысқа жетіп, 7 медальон иеленді. Мұның барлығы — отандық білім беру жүйесіндегі жүйелі реформалар мен қажырлы еңбектің нақты жемісі, — деп атап өтті министр.
Ол педагогтердің жетістіктеріне жеке тоқталды. Биыл білім беру саласында алғаш рет бірден екі педагог — Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Траисова Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды.
– Сіздер – мектептің жүрегі, білім мен тәрбиенің алтын арқауысыздар. Академиялық біліммен қатар, шәкірттеріңізге ұлттық құндылықтарды дарытып, олардың саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сіздерге өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі жанашырлықтарыңыз, ұстаздық миссияға деген адалдықтарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Ғани Бейсембаев.
Оның айтуынша, осы жылдағы маңызды бастамалардың бірі – балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің нығая түсуі. Осы мақсатта мемлекет балалардың білім, тәрбие алуына, дамуына және оларды қорғауға бағытталған үш негізгі заң қабылдады. Сондай-ақ министр барлық ата-анаға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, 217 мың мектеп бітіруші мен 173 мың колледж түлегіне жарқын болашақ тіледі.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында оқушыларға кәсіби бағыт беретін «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жайлы мектептердің» ең басты ерекшеліктерін атады.
Фото: Нұрболат Нұржаубай