Kyzylorda-news.kz. Назарбаев Зияткерлік мектебі мен қарапайым мектепті қаржыландырудың арасындағы айырмашылық 6 пайызды құрайды. Ал ауыл мектептерімен 44 пайызды құрап отыр. Бұл туралы экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облысында өткен «Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесте айтты.

«Біздің басқосуымыз жас буынның тәлім-тәрбиесіне, біліміне қатысты көкейтесті мәселелер талқылап, ортақ шешім қабылдауға бағытталып отыр. Қазіргі оқып жатқан мектептерде, колледждерде, университеттерде студенттер, оқытушылар 80-90 жылдарда дүниеге келген ұрпақ оқытып жатыр. Олардың мектеп қабырғасындағы балалық шақтары социолистік қоғамнан нарықтық қоғамға, әлі де болса толық құнын анықтай алмаған кезге сәйкес келеді. Есімізге түсіріп көрейікші, кешегі 90-жылдардың басында біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба, біз қайда барамыз, қандай күйде боламыз деген сұрақтар 13 жыл бойы санамызда тұрды. Сол уақытта балабақшалардың барлығы талан-таражға салынып, мектептерде оқу-білім, тәлім-тәрбиеге қаржы жетпей, айлар бойы айлық алмаған кездер болды. Сол кезеңде тәрбие алған ұрпақтар балабақшаларда, мектептерде жұмыс жасап жатыр. Бұл үшін ол ұрпақтарды кінәлауға болмайды. Оған біз, қоғам кінәлі. Сол кезден бастап қатыгез, мейірімді ұмытқан, үлкенге деген құрметі азайған, қала мен ауыл, бай мен кедей, әсіре діншіл дүбара ұрпақтың қалыптасуына ұласты. Білім, еңбек, парасаттылық, отбасылық құндылық деген ең қажетті қасиеттерді сіңіру екінші, үшінші орынға ығысты. Тек соңғы жылдары ғана мемлекетіміз есін жинап, білім мен тәрбиеге үлкен мән бере бастады. Осы тұста біз қоғам қалыптастырушы орта мектептерге ерекше назар аударуымыз қажет. Өйткені жаңа ұрпақтың өзіне деген сенімі төмендігіне, маман, тұлға ретінде тиісті дәрежеде қалыптаса алмауына біздің ұрпақ та жауапты. Бір-бірінен алшақ әлеуметтік топтардың болуы, олардың бір-біріне ашық қарсы шығуы, қатыгездік пен озбырлыққа баруының түп-тамыры білімде жатыр», - деді Мұрат Бақтиярұлы. 

Экс-сенатор баяндама барысында зерттеу бойынша еліміздегі 3,7 млн оқушылардың 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатқанын айтып өтті. 

«Оқушылардың көпшілігі екі немесе үш ауысымдық мектепте оқиды. Әлемнің ең мықты мектептерінде екі ауысымдық мектеп жоқ. Оларда тек бір ауысымдық мектептер. Олар қалған екінші-үшінші ауысымды үйірмелерге арнайды. Біз өкінішке орай, бұл жағдайға жете алмай отырмыз. Демек, білім берудегі теңсіздік пен алшақтық бар, қала мен ауыл мектептерінің арасы айтарлықтай үлкен. Мысалы, Назарбаев Зияткерлік мектебі мен қарапайым мектепті қаржыландырудың арасындағы айырмашылық 6 пайыз болса, ауыл мектептерімен 44 пайызды құрайды. Енді ауыл мектептеріндегі оқушылардың Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушысының білім деңгейіне жетуі үшін 6 жыл уақыт керек», - дейді Мұрат Бақтиярұлы. 

327329544_1632633963836799_1806359065622193182_n.jpg

Тағы да оқыңыз: