Ұстаз мәртебесін көтеру, лайықты сый-құрмет көрсету – білім беру саласын ілгерілетудің бірден-бір жолы. Мұны егемендік алғалы әлеуметтік мәселесі мәз болмаған мұғалімдер қауымы жақсы біледі. Жалақы аз, кадр тапшы болған кезді де бастан өткерді. Тек соңғы бесжылдықта «Педагог мәртебесі» туралы Заң күшіне еніп, еңбекақы да біршама өскен. Осылайша, ұстаздарды қаржылай демеу, сапалы жұмыс істеуге ынталандыру үзілмей келеді. Қала әкімінің үздік педагогтарға сыйақы беруі де сол үрдістің жалғасы еді. Осы орайда құрмет төрінен көрінген Мөлдір Дәуренбекқызымен сұхбаттасқан едік.

– Мөлдір Дәуренбекқызы, саладағы еңбегіңіз ескеріліп, өткен жылы марапат төрінен көрінген едіңіз. Сіз үшін марапаттың мән-маңызы қандай?    

 – Әрбір белес қажырлы еңбекті талап етеді. Аталған байқаудың жеңімпазы атану да осы ұстаным нәтижесінде қол жеткен жетістік. Әріптестерімнің ұсынысы бойынша «Үздік педагог» байқауына қатыстым. Жеткен жетістік, шәкіттерімнің білім көрсеткіші ескеріліп, сайыс жеңімпазы атандым. Жылдар бойы жинаған тәжірибе, шәкірттерімнің түрлі конкурс, олимпиада мен ғылыми жобалардан алған марапаты және қала, облыс, республика көлеміндегі кәсіби байқаулардағы нәтижем жеңіске жетеледі десем, артық емес. Осылайша, Қызылорда қаласы әкімінің сыйақысын иеленуге мүмкіндік туды. Әрбір педагог байқау үшін ғана емес, кәсіби қабілетін шыңдау үшін де үнемі ізденіс үстінде болуы қажет. Жаңа бағдарламаларды меңгеру, басылымдарға мақала беру, тәжірибе алмасу қашанда оң өзгеріске бастайды. Байқаудың жеңімпазы атануым ұстаздық жолымда оқушыларыма сапалы білім беріп, ұстаздық ұстанымды дәріптегенімнің жемісі деп білемін. 

– Педагогикалық, ғылыми жетістіктеріңізді айта кетсеңіз.

 – Бәрі кәсіби білімнен басталады. Сондықтан алған білімім алға жетеледі. Салада сапалы жұмыс істеу мақсатында педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін иелендім. Ғылыми айналымға үлес қосу мақсатында ІІ томдық ІТ сыныптарға арналған үйірме бағдарламалары (көмекші) оқу-құрал шығардым. «Жасыл мектеп» жобасын іске асыруға бағытталған әдістемелік ұстанымдар мен нұсқауларды да дайындадым. Оған қоса, «ONLINE MEKTEP» жобасы аясында информатика пәнінен телесабақтардан түсірілім жасағанымды да баса айтқым келеді. Телесабақтар Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының сараптама қорытындысымен мақұлданған. 

Сондай-ақ байқауларға қатысып, керекті мағлұмат пен тәжірибе жинағанды ұнатамын. Мәселен, жуырда «Педагогикалық идеялар» республикалық конкурсының жеңімпазы атансам, «Үздік информатика пәні мұғалімі» қалалық байқауынан бас жүлде иелендім.

 – Ұстаздың басты жетістігі – шәкірт нәтижесі. Байрақты бәсекелерде топ жарған қай шәкіртіңізді атар едіңіз?

 – Оқушыларым жыл сайын пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына қатысып келеді. Ерекше бәсекелерде топ жарған шәкіртім – Евгений Демиденко. Евгений Корей мемлекетінде халықаралық «Жас ғалым» ғылыми сайысынан алтын медаль, Алматы қаласында өткен халықаралық «Infomatrix Asia» ғылыми сайыстарының күміс медаль, Ресей федерациясы Мәскеу қаласында өткен «АдамЖер-Ғарыш» ғылыми конкурсының І орын иегері атанды. Н.Назарбаев Қорының оқушылар арасындағы байқау жеңімпазы. Қалалық «Мультимедиалық фестивалінің» жеңімпазы. Қазақстан-Британ техникалық университетінің грант иегері. Ал Думан Әскербек – информатика пәнінен қалалық, облыстық пәндік олимпиада жеңімпазы. Білімбілігінің нәтижесінде Сүлеймен Демирел университетінің грант иегері атанды. Осы екі шәкіртімді ерекше атағым келеді. 

– Ұстаз болудың қиындығы мен қызығы неде?

 – Ұстаз таудан арқырай аққан тау өзені секілді. Айналасына қуат беріп, жолындағыны нәрлендіріп, таудай қиындықты тастай домалатып, білім даласында тыныштық орнатады. Ұстаз – Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулысы түр-сипатын мың құбылтып жатса, бәз баяғы қалпында адамгершілік қасиет еккен диқаншы. Қиындығы мен қызығы мол мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу игілікті істердің бастамасы деп білемін. Мамандығыңды шын сүйсең, оның еш қиындығы жоқ деп ойлаймын.

 – Ата-анамен байланыс орнату үшін қандай әдіс тиімді? Бүгінгі ата-ана-ұстаз-шәкірт үштігінің байланысы қай деңгейде деп ойлайсыз? 

– Замануи технологиялар дамыған заманда ана-ұстазшәкірт үштігінің байланысы маңызды. Ақпараттық ағымның көптігінен оқушылар пайдалы ақпарат пен зиян ақпаратты сүзгілемейді. Салдарынан оқуға ынтасы болмай, әлеуметтік желілерге көп уақыт бөледі. Ата-ана мұғаліммен әрдайым байланыс орнатып, баланың оқуы мен дамуындағы өзгеріске хабардар болса, бәрі оңалар еді. Ата-ананың мектеп шарасына қатысуы да балаға пайда әкеледі. Мұғалім ата-ананы баланың білімі мен тәрбиесі жайында хабардар етуі тиіс. Сонда ғана үштіктің тиімді байланысын ұйымдастыруға болады. Сондықтан білімді де саналы ұрпақ тәрбиесі ата-ана, ұстаз байланысына тәуелді екенін ұмытпаған жөн. Абай атамыздың: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деген қасиетті қағидасы әрқашан ұстаздың жүрегінде ұстайтын ұстанымы болса екен.

 – Әңгімеңізге рақмет! 

Тағы да оқыңыз: