Kyzylorda-news.kz. Соңғы қоңырау шаралары Министрліктің ұсынысына сәйкес биылғы жылдың 1 маусымында Балаларды қорғау күніне орайластырып өткізіледі. Салтанатты шараны өткізу туралы шешімді мектептер өздері дербес қабылдайтын болады. Ал аттестат тапсыру шарасы мектеп қабырғаларында 20-22 маусымда өткізілетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникация алаңында өткізілген баспасөз брифингінде облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет мәлімдеді.

Биылғы оқу жылы ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес 31 мамырда аяқталып, мектеп оқушыларының каникул мерзімі 1 қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Соңғы оқу күнінде жалпы білім беретін мектептер бекітілген кесте бойынша сабақтар өткізеді және оқу күнін сынып сағатымен аяқтайды.

«Сынып сағаттары мен салтанатты жиын ұйымдастыру кезінде дипломдар мен сертификаттарды салтанатты түрде табыстау болатынын еске саламыз. Педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында іс-шараларды өткізуге, аниматорларды, демалыс агенттіктерін, жеке студияларды тарту үшін ата-аналардан қаражат жинауға жол берілмейді. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде қаражат жинауға тыйым салынады. Бұл мақсатта облыстық білім басқармасы арнайы бұйрық шығарып, қалалық және аудандық білім бөлімдері арқылы барлық білім беру ұйымдарына тыйым салу жөнінде ескертілді. Ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді», - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылы аймағымызда 15 546 оқушы 9-сыныпты және 8210 түлек 11-сыныпты аяқтауда.

Тағы да оқыңыз: