Kyzylorda-news.kz. Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте өткен «World Robot Olimpiad-2023» әлем чемпионатының ұлттық кезеңінде Сыр өңіріндегі NIS оқушылары үш жүлделі орынды иеленді.

«Future Engineers» санатында сайысқа түскен 10-сынып оқушылары Нұрдәулет Әділбек пен Ернұр Сәду автономды көліктер құрастырып, оларды сынамадан өткізді. Нәтижесінде, бір командаға ғана есеп жіберіп, күмістен медаль тақты. Негізгі жоғары санатында үздік шыққан 11-сынып білім алушылары Максим Усольцев пен Дінмұхаммед Абдиев те ІІ орынмен марапатталды. Сыр елінің қос командасы да  роботтар олимпиадасының қараша айында өтетін ақтық кезеңіне жолдама ұтып алды.

10-сынып оқушылары Амина Омарова мен Жасия Болат шығармашылық сайыста «Prediction of Tsunami» атты жобаларын таныстырып, ІІІ орынды иемденді. Бұл автоматты жүйе табиғат апаты – цунами туралы алдын ала ескертіп, апаттық толқынға қарсы жасанды толқын жасап, қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.  

«Соңғы 20 жылда цунами салдарынан 250 мыңнан астам адам қайтыс болды. Жалпы экономикалық шығын 280 миллиард долларды құрады. Әсіресе, Үнді және Тынық мұхиттарының жағалауларында орналасқан елді-меккендер зардап шегуде. Қазақстанда цунами апаты мүлдем орын алмайтындықтан осы технологиямызды өзге мемлекеттерге экспорттау арқылы экономикамызды біршама жақсартуға болады», – дейді жас өнертапқыштар.

Айта кетейік, өткен жылы да қызылордалық өрендер ұлттық құрамада Германия еліне барып, ел намысын қорғаған болатын.  
Оқушылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне ат салысқан информатика пәнінің мұғалімдері: Серік Ахметов пен Анар Кенесары.

Тағы да оқыңыз: