Мобильді қосымшалар уақыт пен қаржыны үнемдеуге елеулі көмектесетін рас. Осы орайда қызылордалық оқушылар жасаған «Еasier together» жобасымен таныстырмақпыз.

Қызылорда қаласындағы №264 мектептің 11 сынып оқушысы Жансая Ержанқызының «Еasier together» жобасы бүгінде керемет нәтиже көрсетуде. Еasier together – сабақ беруге арналған онлайн платформа. Иә, бір қарағанда ерекшелігі жоқ, кезекті жоба болып көрінуі мүмкін. Алайда Жансаяның ақпараттық технологиялар саласындағы бұл жобасы еріктілер мен білімге құштар аз қамтылған отбасыларды бір алаңға біріктіреді. Репетитор мен оқушыны қосатын онлайн платформаның ұстаздары Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика математика мектебі, Білім инновация мектебінің үздік оқушылары мен жоғары оқу орындарының білім алушылары.

– Бүгінде біз 5 оқу ағынын жүргіздік. 13 мемлекеттің оқушыларын 3 тілде STEM бағытында оқыттық. Атап айтсам, Қазақстан, Ресей, Украина, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Латвия, Тәжікстан, Испания және Белорусь мемлекеті. Ал біздің қызметті пайдаланған оқушылар саны 2500-ге жуық, – деді Жансая Ержанқызы.

Онлайн білім беру командасындағы еріктілер айырбастау негізінде жұмыс істейді.

– Волонтерлер оқушыларға сабақ береді, ал біз олардың ерікті екенін растайтын сертификат табыстаймыз, ресми сайтта көрсетеміз. Сондай-ақ, шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық және халықаралық емтихандарды тапсыру бойынша құнды ресурстар жиналған жабық телеграм арнасына кіруге мүмкіндік береміз. Шетелдегі университеттер үшін студенттерінің еріктілер тобында болғаны өте маңызды, – дейді жоба авторы.

Бағдарламаға кез келген бала тіркеле алады. Ең бастысы – қолжетімділік. Жансаяның айтуынша, егер Қазақстанда орташа есеппен айына бір пәнді репетитормен оқу 28 000 теңге болса, онлайн платформада 3000 теңге. Оқуға қабылдау үшін оқушыларға қойылатын арнайы критерийлер жоқ. Бағдарламаға қатысушылар 5 пән бойынша білімін жетілдіре алады. Нақтырақ айтсақ, биология, математика, бағдарламалау, физика және химия бағыты.

– Шетелдік еріктілер және студенттермен байланысуда ешқандай мәселе жоқ, себебі әлеуметтік желі немесе Zoom арқылы хабарласамыз.

Сайтты өзім жасадым. Себебі IT саласы бойынша түрлі курстардан өттім. Сондықтан қиындықтар болған жоқ. Менің қолдаушым – ата-анам. Веб-сайтты алғаш құрған сәтте отбасым қатты қуанып, бұл жоба қоғамға оң әсер етіп, пайдалы болса, соңына дейін жалғастыруымды қалады.

Алдағы уақытта жобаға қосымша бағдарлама жасау бойынша жұмыстар жүргіземіз. Сонымен қатар, аудиториямызды кеңейткіміз келеді, – деді кейіпкер.

Айта кетейік, Жансая жақында ғана Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы ұйымдастырған Idea Battle байқауында жүлделі II орын иеленді.

 

Ә.Жанәбілқызы

Тағы да оқыңыз: