Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Айшабиби Ерланқызы мен Гайнижамал Берікқызы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін QOLDAU AI веб-платформасын әзірледі. Жоба ым-ишараны нақты уақыт режимінде танып, оны мәтін мен дыбыстық хабарламаға айналдыруға мүмкіндік береді. Оқушылар өз әзірлемесін алғаш рет Қызылорда қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №6 арнайы мектеп-интернатында сынақтан өткізді.

Платформаны пайдалану үшін қарапайым веб-камера мен интернетке қосылу жеткілікті. Жүйе қазақ ым тіліндегі ишараларды танып, оларды мәтіндік және дыбыстық форматқа түрлендіреді. Бұл есту қабілеті бұзылған адамдардың айналасындағылармен қарым-қатынас жасауын жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар пайдаланушыларға қосымша бағдарламалар орнатудың қажеті жоқ.

НИШ..jpeg

Сынақ барысында мектеп-интернат тәрбиеленушілері платформаны қолданып көріп, өз әсерлерімен бөлісті. Педагогтер жобаның тәжірибелік маңызын атап өтіп, жүйе танитын ым-ишаралар қорын кеңейтуді ұсынды. Сондай-ақ олар бұл технологияның балалардың жазбаша сөйлеу дағдыларын дамытуға қосымша құрал бола алатынына назар аударды.

– Мамандар мен ата-аналарға пайдалы көмекші бола алатын осындай платформа әзірлегені үшін оқушыларға алғысымды білдіремін. Ым-ишара тіліндегі кейбір қимылдарды нақтылап, жетілдіру қажет. Алдағы уақытта платформада оқыту материалдары мен бейнесабақтардың көбірек болғанын қалаймыз, – деді ым-ишара тілі маманы Зухра Қалжанова.

НИШ

QOLDAU AI жобасын жетілдіру жұмыстары физика пәнінің мұғалімі Айнұр Құрақбаева мен Қызылорда қаласындағы NIS директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Мадина Рашитованың жетекшілігімен жалғасуда. Сынақ кезінде алынған пікірлер мен ұсыныстар оқушыларға платформаны болашақ пайдаланушылардың қажеттіліктеріне сай жетілдіруге мүмкіндік береді.

Жаңа технологияны таныстыру екі білім беру ұйымы арасындағы кездесудің бір бөлігі болды. NIS оқушылары Республика күніне орай мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне арнап «Қазақстан – менің мақтанышым» атты сурет байқауын да ұйымдастырды. Балалар туған елдің мәдениеті, салт-дәстүрлері мен көрікті жерлерін бейнелейтін акварель жұмыстарын ұсынды. Байқау жеңімпаздары мектеп-интернат тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарлама аясында марапатталды.

НИШ.jpegНИШ.jpeg

Тағы да оқыңыз: