Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы №261 С.Лапин атындағы мектеп енді өзін-өзі басқару бағыты бойынша тірек мектеп ретінде жұмыс жүргізеді. Ұлттық құндылықтардың барлық элементтерін енгізген білім ұясы түрлі жобалардың таныстырылымын өткізді.

«Тәрбие мектебі: Бала шақтан болашаққа» тақырыбында өткен шараға облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, облыстық оқу-әдістемелік оқу орталығының директоры Сырым Асқаров, қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаева және лига құрамындағы директорлар қатысты.

Таныстырылым барысында меймандар мектептегі жылыжай кешенін аралады. Мұнда оқушылар қызынақ, қияр, бұрыш, шалқан, баклажан еккен. Мұнан кейін мектеп жанынан ашылған үйірмелердің жұмысы көрсетілді. Балалар таза ауада асық ойнап, бестас атып, ұлттық ойындарды дәріптеді.

Білім ұясында әке-ана мектебінен бөлек, әжелер мектебі де жолға қойылған. Ұлттық нақыштағы ұлттық өнерді дәріптеу, ата-ана институтын бала бойына сіңіруде әжелер мектебінің мүшесі қонақтарға ұлттық дәм ұсынды.Іс-шарада қонақтар мектеп оқушыларының өздері өндірген қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесіне қатысты. Үйірме арқылы балалар тоқсанына бір рет жәрмеңке ұйымдастырып, түскен қаржыға қолөнер бұйымдарын сатып алады. Мектепте «Алтын домбыра» кабинеті, тірі табиғат бұрышы, STEM кабинетіндегі оқушылар түрлі бағытта жұмыс жүргізуде.

Шара форумен жалғасып, мектеп президенті және түрлі секторлардың басшылары қонақтарға сауал жолдап, қызықты диалог жүргізді. Мектептің білім министрі Ақзира Бақтыбайқызын сабақ беруге шақырып, көшбасшылық қасиеттерді дамыту туралы пікірін білді.

Мектептегі өзін-өзі басқару жобаларын саралаған Ақзира Қасымова әрбір жобаның ұлттық құндылықтармен ұштасқаны жас буынның жігерін жанитынын жеткізді.

«Бүгін мектептегі әрбір жобаны таныстырған оқушыларға қарап өзін-өзін басқару дегеннің жарқын мысалын көріп отырғандай әсерде отырмын. Біз «Серіктес директорлар» лигасы арқылы мектептерге 20 бағытты айқындап бердік. №261 мектебі «өзін-өзі басқару» бағытын алды. Бүгін сол жобаның алғашқы нәтижесін көрдік. Жақсы тәжірибелер облыстың басқа мектептеріне магнитті мектеп ретінде таралатын болады», – деді Ақзира Қасымова.

Тағы да оқыңыз: