Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласындағы іргелі білім ордасының бірі – С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейіне биыл 60 жыл толады. Іргетасы сонау 1964 жыл  қаланған білім ошағы жарты ғасырдан астам уақыт ұрпақ тәрбиесі жолында өзіндік ізін қалыптастырды. Сол кезеңде республикадағы алғашқы  орыс-қазақ аралас мектебі ретінде өз тарихын бастаған білім ордасы  әлі де жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда.

           Білім ордасы негізінен 964 орынға арналған. Уақыт өте келе оқушылар саны арта бастайды. Кейін1980-1990 жылдардың шамасында мектептегі оқушылар саны 1300-ге дейін жеткен. Ал өткен ғасырдың 70-90 жылдары орыс  тілінде оқытылатын орыс сыныптарының үлес салмағы басым бола бастайды. Ал 1985 жылы №23 орта мектептің ашылуына байланысты оншақты орыс-қазақ сыныптары осы мектепке ауыстырылған.

           Бұл білім ошағының тарихында тәуелсіздік алғаннан кейінгі елдегі жағдай, білім саласындағы реформаларға сәйкес түрлі өзгерістер орын алып отырған. Соның бірі ретінде қазақ-орыс мектебінің түбегейлі қазақ тіліндегі білім ордасы ауысыуы болды. Бұл 2000 жылдарға тұспа-тұс келеді. 1964 жылдан бастап 2000 жылға дейін қазақ-орыс сыныбы араласқан мектеп сол жылдан бастап №4 С.Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебі болып өзгереді. Ал ондағы орыс сыныптар 2000-2001 оқу жылында №23 Ж.Қизатов атындағы орта мектепке ауыстырылады. Замана көшінде түрлі өзгерістерді өткеріп, білім көкжиегінде талмай қызмет етіп келе жатқан білім ошағының бүгінде ІТ мектеп-лицейі деген дәрежесі бар.

           Алғаш пайдалануға берілген 1964 жылдан бері аталған білім ордасынан 4700-ге жуық шәкір тәлім-тәрбие алып, үлкен өмірге қанат қаққан. Сонымен қатар «Алтын медальмен» бітіргендер – 49 оқушы болса, «Күміс медальмен» бітіргендер – 22 оқушы, «Үздік аттестат» және  «Ерекше үлгідегі  аттестатпен» бітірген 98 оқушы бар.

           №4 С.Сейфуллин атындағы ІТ мектеп-лицейінде ұзақ жыл ұстаздық еткен тарих пәнінің оқытушысы, ардагер ұстаз Бақыт Ерескенова өзі қызмет еткен мектеп туралы былай деп еске алады.

    – Тарих беттерін кері қарай парақтай бастасам, әлі де  бояуы кеппеген  үш қабатты мектеп ғимараты көз алдымызға келеді. 1964 жылдың тамыз айында көктемдегі қарлығаштардай  алғашқы ұстаздар келе бастады. Ұстаздар керуенін бастап келген көшбасшы Қасымбек Ыбыраев болатын. Қ.Ыбыраев Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер ұстаз, тәжірибелі басшы  кадрлар қатарынан еді. Бұған дейін де  бірнеше мектептердің   басшылығы қызметінде болған Қ.Ыбыраев таңдаулы мұғалімдерді өзімен бірге ала келді. Қаладағы № 171 Ғ.Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебінен, №3 Ворошилов атындағы (қазіргі № 3 мектеп-лицей) және М.Горький атындағы (мектеп кейін таратылып, жабылып қалған) мектептерінің мұғалімдері жаңа мектепке ауысып,  алғашқы педагогикалық ұжым жасақталды. Жаңа мектепке сол жылы кеңес әдебиетінің негізін  қалаушы, ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдық мерейтойына байланысты  есімі берілді. Мектеп ғимаратының ішкі жұмыстары  әлі де толық бітпегендіктен мұғалімдердің өздері күні-түні еңбектеніп, бір жағынан  оқушыларына  білім мен тәлім-тәрбие беріп, бір жағынан мектептің  жөндеу жұмыстарын қатар атқарып отырған. Мектеп 1964 жылдың қазан айының соңында толық пайдалануға беріледі. Сондықтан, мектептің салтанатты ашылу шаралары 1964 жылы қараша айының алғашқы онкүндігінде өткізілді. Мектептің салтанатты  ашылу рәсімі сол кеңестік кезеңдегі  жоғары саяси мәні бар мереке – 7 қарашада  атап өтілетін «Ұлы Октябрь» революциясы даталы күніне сәйкес тойланды. Мектептің алғашқы оқушылары жоғарыда көрсетілген  мектептерден алынды. №171 Ғ.Мұратбаев атындағы мектептен келген ұстаздар өз сыныптарындағы оқушыларымен бірге келген. Айта кететін болсақ, Жүсіпәлі Ахметов өзі жетекшілік жасаған 10-сыныбының оқушыларымен бірге ауысқан. Қазақ сыныптары алғашқы кезде көп болмаған. Кейін бірте-бірте  оқушылар көбейе бастап, жаңа сыныптар ашылған. Ал, орыс тілінде оқытылатын сыныптардың оқушылары Ворошилов атындағы және Горький атындағы мектептерден жинақталды.  Бірақ, 1966 жылы  5 тамызда қалалық  білім бөлімінің (сол жылдары ГорОНО аталатын) №48 бұйрығына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлер ауданында жаңадан ашылған №198 орта мектепке орыс сыныптарының  біршама мұғалімдері ауыстырылады. Осылайша, 1964-1965 оқу жылының аяғында алғашқы түлектер мектепті бітіріп шығады, – дейді ардагер ұстаз.

           Сол уақытта мектеп директоры болған Қ.Ыбыраев сапалы білімнің негізі тәртіпте деген қағиданы ұстанған екен. Оқушылармен қатар мұғалімдер ұжымында да темірдей тәртіпті талап етіп қоймай, оларға өзі де үлгі бола білген. Тиянақты іс-әрекеттері, нақты да нәтижелі жұмыстары, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасындағы сыпайылығы, талапшылдығы өзімен қызметтес болған ұстаздарды таң қалдырған деседі. Сол 1964 жылы тамызда өзімен бірге №171 мектептен келген мұғалімдер  қатарында бар саналы  өмірін ұстаздық қызметке арнаған мұғалімдерде аз емес. Ахметов Жүсіпәлі – химия,биология пәнінің мұғалімі, Ыбырашева Зылиқа, Әбуова Қаламқас, Айманова Үміткүл, Жүндібаева Рабиға – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің  мұғалімдері, Елубаева, Көшкенова Райхан, Мәдібеков Сәбит – физика-математика мамандары, Исаева Тәрбие, Үсенова Айша, Жүсіпбекова Саракүл – бастауыш сынып мұғалімдері, Сералина Райкүл – орыс тілі маманы, Жүнісов Сағындық – тарих, география пәндерінің  мұғалімі. Мектептің алғашқы директордың орынбасарлары қызметіне Қасымбек ағайдың ізбасарлары  Нұғманова Хадиша – оқу ісінің меңгерушісі (1967 жылы 1 қыркүйектен бастап басқа  қызметке ауысқан), Елубаев Исатай – тәрбие  жұмысы жөніндегі директордың орынбасары (1970 жылдан комсомол, партия саласындағы жұмыстарға шақырылып, ауысып кетеді), Кон Евгений Васильевич  (қаладағы Горький атындағы  мектептен  келген) – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады.

           Орыс сыныптарының алғашқы мұғалімдері №3 Ворошилов атындағы және Горький атындағы мектептерден келген. Олардың қатарында Е.В.Кон, бастауыш сынып оқытушылары –  Тарасова Раиса Федоровна, Чернышева Валентина Яковлевна, Цой Ирина Иннокентьевна, орыс тілі мен әдебиеті – Дудник Анна Никоноровна, Воропаева Лилия Николаевна, Сысоева Нина Павловна,  физика-математикадан – Дьяченко Эдуард Николаевич, Караульщикова Татьяна Ивановна, Канапатский Дмитрий Семенович, Мостовщиков Геннадий, Изюмников Е.Н., Пя Мария Степановна, химия-биологиядан – Гритчина Нини Семеновна, Нам Инна Прохоровна, Мостовщикова Людмила, еңбекке баулу  пәнінен (по трудовому обучению) – Некрасова Анна Григорьевна, Сәулебаев Ж., дене шынықтырудан  – Долинский Григорий Константинович  бар еді.

           1964 жылы  тамызда Алматы шет тілдер институтын бітірген жас маман Ибадуллаева Шынар  ағылшын тілінің мұғалімі, Қызылорда пединститутының физика-математика факультетін тамамдаған Спандияр Дүйсеков  физика пәнінің мұғалімі  болып жұмысқа қабылданады. Осылайша, мектептің педагогикалық кадрларының қатары жас мамандар легімен үнемі толықтырылып отырған. Сол жылдары  математика пәні  мұғалімдері  Қилыбаев Сәдуақас, Әбілова Камилә, Көшербаева Тоқсұлу, Күзембаева Қалима, Нахаева Жұмакүл, Боранбаева Г., химия-биология пәнінен Сәдуақасова Күлбарам, географиядан Әуезова Перуза, ағылшын тілінен –Есенжолова Жібек, Разақова Алуа, Шин Тамара Георгиевна, Мүсірепова Күләш Сағатовна, орыс тілінен Арыспаева Рысжан Әлиевна, Орлова Раиса Мустафьевна, Кульсариева Айнаш, Саблина Роза Владимировна, Хан Нелля Максимовна, бастауыш сыныптарға Елмұратова Мәрия, Бакаушина Н.Е., Наумкина, Худякова Нини Ивановналар  қосылды. Мектеп пионер ұйымының тәлімгері ретінде өз еңбек жолын Уполходжаева Зоя Серғазықызы да осы киелі шаңырақтан бастайды. Тәлімгерліктен басталған ұстаздық жол шын мәнісінде ізденіске, шығармашылыққа  толы жол болғандай. Мектептегі оқу ісінің орынбасары, мектеп директоры, Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшылығы қызметіне дейін жетелеген осы ұстаздық жол қиындығы мен қызығы мол үлкен тәжірибе мен үлкен еңбек жолы болды. Білім ошағындағы бұйрықтар кітабында аттары аталған Смаилов А.С., Жанітлесова М., Насырова, Жолымбетова, Зермұхамедова, Махмұтов, Ким Н.Б., Матвеева Р.П., Алибекова, Турекеева, Сазанбаева, Голенков, Кенжебаева, Ветрова З.И., Букеев Н.,  Шупенько А.К. ұстаздар қауымы да Қасымбек Ыбыраевтың басшылығы тұсында  жұмыс жасаған. Жоғарғы оқу орнын 1966 жылы бітірген Есенжолова Жібек,  1968 жылы бітірген Разақова Алуа, 1971 жылы бітірген Мүсірепова Күләш Сағатқызы, Бижанова Күлпаш  бірден мектепке  жұмысқа орналасып, ағылшын   тілінен сабақ берген. Еңбек кітапшасында тек бір ғана жол - №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепке  мұғалім болып орналасқандығы туралы бұйрық жазылған, осы мектептен зейнетке  шыққан ұстаздар да аз емес. Жоғарыда айтылған Ибадуллаева Шынар Әбдіхалыққызы, Есенжолова Жібек,  Разақова Алуа сынды ұстаздар тек бір ғана жерде, бір ғана мектепте қызмет атқарып, бейнетінің зейнетін көріп отырған асыл жандар, ардагер ұстаздар. Олар қаншама түлектерді ұясынан ұшырып, тұлға боп қалыптасуына өзіндік үлестерін қосты.  

         – Қасымбек Ыбыраев  басшылық жасаған жылдары  № 4 мектеп республика көлеміндегі белгілі білім ошағына айналады. Сол кезеңдегі барлық педагогикалық жаңашыл тың  идеялар мен бастамалар мектеп өмірінен орын алып отырды. Талапшыл, жаңашыл басшы мектеп мұғалімдерінің іс-тәжірибесін республика, одақ көлеміндегі  мектептермен тығыз байланыс орната отырып таныта алды. Ресейдің бірнеше қаласынан біздің мектепке тәжірибе алмасу мақсатында мұғалімдер келіп, жоспарлы түрде бірлескен жұмыстар атқарған. Мектептегі әдістемелік кеңесте жаңа идеялар, тың ұсыныстар,  оқушылар  қызығушылығы  мен ынтасын   арттыратын сабақты ұйымдастырудың түрлі әдіс-тәсілдері талқыланатын. Сол кезеңдегі негізгі міндеттер оқушыларға жан-жақты білім берумен қатар, патриотизм, интернационализм, коммунистік идеология үнемі басты назарда болатын. Мектепте түрлі бағыттағы осы идеяларды насихаттайтын ұйымдар, клубтар жұмыс істеді. Пионер, комсомол ұйымдары мектеп өмірінің негізгі ұйтқысына айналды. Мектептегі КИД жұмысы жақсы жолға қойылып, басқа одақтас республикалардағы ұйымдармен  тұрақты байланыс  орнайды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында қайтыс болған, бауырластар бейітінде жерленген жауынгерлердің ерлік жолдары іздестіру, хат жазысу, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталып отырған. Мектептің КИД мүшелері Прибалтика, Украина, Ресей республикаларына барып, жаңа тарихи фактілерді жинақтап, зерделеген. Фотоальбомдар жасалған. Мектебіміздің музейінде осы мәліметтер осы күнге дейін сақталып тұр, – дейді тарих пәнінің ұстазы Бақыт Ерескенова. Білім ошағының шарықтау кезеңі 1968 жылы Қазақ КСР оқу-ағарту  министрлігінің шешімімен № 4 орта мектеп  ұжымының төрт жылдық жұмысының нәтижелі қорытындысын Москва қаласындағы Бүкілодақтық Халық шаруашылық көрмесіне қойып, іс-тәжірибесін тарату жоспарланған тұсқа сәйкес келеді. Осы тұста ұстаздар күні-түні еңбектеніп, көрмеге дайындық жұмысын бастап кетті. Көрмеге мектеп өмірін толық суреттейтін екі үлкен альбом дайындалып, Қазақ КСР-індегі алдыңғы қатарлы мектеп ретінде Москва қаласына жіберіледі.  Қорытындысында, №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің ұжымы, КСРО оқу-ағарту министрлігінің Құрмет Грамотасымен, ал, мектептің директоры Қасымбек Ыбыраев «Алтын медальмен» марапатталады. Бұл мектеп ұстаздарының еңбегінің жоғарғы деңгейде бағалануы еді. Мектептің іргетасының қалануынан бастап еңбек жасаған мұғалімдердің осы күнге дейін мақтаныш сезімімен айтып отыратын айтулы оқиғасына айналған  осы жетістік қазіргі күні де өз мәнін жойған жоқ деп айта аламыз. Оқу ордасын Қасымбек Ыбыраев басқарған кезеңдегі жетістіктердің шыңы іспеттес осы жетістік әлі де талай ұрпаққа мұра болары сөзсіз. 1970 жылдары оқушыларын  Москва қаласына экскурсияға апарған  Айманова Үміткүл апай әдейі осы  ВДНХ-ның көрме залына барып, мектепте өздері басынан-аяғына дейін жүріп дайындаған екі фотоальбомды көргенін, оларды парақтап көрген  сәтінде  үлкен мақтаныш, толқу сезімінде болғандығын еске түсіріп, біздерге айтып отыратын. Айманова Үміткүл – Қазақ КСР оқу ағарту ісінің үздігі, 1967-1968 жылдары Қызылорда қалалық Кеңесінің депутаты, тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысы бойынша «За трудовое отличие» медалімен марапатталған, «Құрметті қала азаматы» тақтасында суреті ілінген атақты ұстаз. 1973-1974 оқу жылында Үміткүл апайдың жетекшілік жасаған сыныбынан Жүсекеева Алтын, Бисенов Қылышбек сынды шәкірттеріміз «Алтын медальмен» бітіріп шығады.  Мектептің жұлдызды түлектері бүгінгі таңда тұлға боп қалыптасқан, өзіндік орны бар тұлғалар, – дейді ардагер ұстаз.

           Биыл С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейінің 60 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Қазіргі таңда білім ордасын білікті басшы Рахметов Алмат Бақытбекұлы басқарып отыр. Мерейтой қарсаңында атап өтілетін түрлі мерекелк іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес дайындық жұмыстары да қызу жүргізілуде. 60 жылдық мерейтой қарсаңында мектептен түлеп ұшқан  қоғамның әр саласында еңбек етіп, өз орынн қалыптастырған шәкірттер шақырылмақ. Қасцымбек Ыбыраев негізін салып кеткен мектептің дара жолы әлі де жалғасын тауып келеді. Білікті ұтсаз бен білімді шәкірттер мектеп мақтанышына айналған. Ұстаздардың үнемі ізденісі мен талап, тәртібінің нәтижесінде оқушылар қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі шаралар мен олимпиадалар жеңімпаз атанып білім ордасының мерейін үстем етуде. Бүгінде мектеп жанынан жаңа ғимараттың іргесі қалануда. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өз мәроесіне жеткен соң, жаңа заман талабына сай білім ошағы оқушылар мен ұстаздарға пайдалануға берілмек.   

Тағы да оқыңыз: