Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларымен жиын өткізді.
Облыстағы 30 колледждің басшысы қатысқан мәжілісте ағымдағы мәселелер сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды.
Басқарма басшысы алдымен 2022-2023 оқу жылында талапкерлерді оқуға қабылдау, ұлттық бірыңғай деректер қорына, электронды платформаға ақпараттар енгізу мәселелеріне қатысты кемшіліктерге тоқталды. Сондай-ақ мемлекеттік колледждердегі штат бірлігі, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі бойынша тапсырмалар берді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселеде аттестациядан өтетін мемлекеттік колледж басшылары сөз болды. Мейрамбек Зинабдинұлы мерзімі келген директорларға жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар мәжілісте «Worldskills-2022» республикалық чемпионатына дайындық барысы пысықталды. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге бағытталған байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Бірақ, республика бойынша қызылордалық студенттер төмен нәтиже көрсетіп жүр. Өз кезегінде басқарма басшысы алдағы уақытта жарысқа тыңғылықты дайындықпен қатысу керектігін жеткізді.
Басқарма басшысы жиында модульдік білім беру, дуальды оқыту жүйесі бойынша жұмыстарды күшейту керектігін айтты.
Білім беру - жан-жақты және жүйелі жұмысты қажет ететін күрделі, әрі ауқымды сала. Сол үшін әрбір басшы мекемесіне тың серпін, жаңаша леп әкелуі қажет. Әсіресе жұмысқа деген ынтасы мен креативті идеясы жоғары болуы керек. Мейрамбек Зинабдинұлы колледж басшыларына осы үдеден көрінуді тапсырды.