Kyzylorda-news.kz. Биылғы оқу жылында Қызылорда облысында 8 мыңға жуық білім алушы мектепті бітірсе, оның 7 421-і Ұлттық бірыңғай тестілеуіне қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет хабарлады.

Өткен жылдан бастап ҰБТ электронды форматқа көшірілді. Басқарма басшысы мұның ең басты артықшылығы - барлық процестің ашықтығы мен азаматтарға қолайлы жағдай жасалуында екенін айтты.

«Жалпы ҰБТ өткізудің форматы өзгеріссіз. Тек «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Қазақстан тарихы бойынша сұрақтар саны – 20. Ол өткен жылы 15 сұрақ болған. Ал оқу сауаттылығы бойынша сұрақтар саны былтырғы жылы 20 болса, биыл 15 сұрақ. Сонымен қатар, 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады», - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Айта кетейік, білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін бұл тестілеу 22 мамырдан бастап Қызылорда қаласы, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы ҰБТ өткізу пункттерінде өткізілуде. Бүгінгі таңда осы кезге дейін тестілеуге жалпы облыс бойынша 1 903 бітіруші түлек қатысып отыр.

Тағы да оқыңыз: