Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы 22 мамырда Корея Республикасының Сеул қаласына іссапармен барды. Делегация құрамында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасының Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова бар.

Іссапардың алғашқы күні делегация мүшелері білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату үшін Шинхан университетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесті. Әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша маңдайалды ЖОО-лардың бірі – Шинхан университеті 1960 жылы құрылған.

Кездесуде Канг Сонг Чонг мырза Қызылордада университет филиалын ашуға ынталы екенін білдірді. Осы ретте алдағы 20-30 жылдықта өңірдің еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын екіжақты зерттей келіп, жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда. Осы мәселелерді әрі қарай пысықтау үшін алдағы шілде айында Шинхан университеті президентінің Қызылордаға іссапарын ұйымдастыру көзделген. Еңбек нарығының болашақтағы бағыты зерттелгеннен кейін Шинхан университетінің филиалы қандай мамандықтар бойынша ашылатыны нақтыланады.

Корея Республикасындағы іссапар Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университетінің Президенті Ли Донг Хун мырзамен кездесумен жалғасты. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек вице-министрлермен бірге онлайн қосылып, бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

Корея мен Қазақстан арасында жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін биыл Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жоба әзірленді. Жоба Корея Республикасының Үкіметінде мақұлданып, Білім министрлігінен гранттық жоба ретінде 1 млрд теңгедей қаржы бөлінеді.

Сондай-ақ, университет проректорлары, институт директорлары мен кафедра меңгерушілері және де түрлі салалар бойынша құрылым басшылары 16 мың студенті, 9 факультеті, 300 оқытушы-профессоры бар Сеул Кибер университетімен танысты.

Университет басшылығы алдағы уақытта Сеул Кибер университетімен әріптестік байланысты нығайтып, бірлескен жобаларды атқару жөніндегі келісімге келді.

347434824_707267324504578_8764509409672333584_n.jpg
348851487_246670861384561_5927337041038792129_n.jpg

 

348946604_639786564267374_6630152952632611898_n.jpg

 

349130660_1389113394966096_3160525898221007750_n.jpg

 

348862103_130844856631048_1824340909723594332_n.jpg

Тағы да оқыңыз: