Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының Арал ауданындағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің ұстаздары Қызылордадағы Зияткерлік мектептегі тағылымдаманы сәтті аяқтады. 

Ауыл ұстаздарының біліктілігі мен педагогикалық тәжірибесін арттыруға арналған оқыту курсында қатысушылар  NIS мұғалімдерінің жаратылыстану-математикалық және тілдік пәндер бойынша ашық сабақтарына қатысып, жоспарлау, оқыту мен оқуда заманауи әдіс-тәсілдер қолдану, критериалды бағалау ерекшеліктерімен танысты. Сондай-ақ оқу үдерісін басқару, инновациялық кітапханалар жұмысын ұйымдастыру, психологиялық қызметті жүргізу бағытындағы шеберлік сыныптардан тәжірибе жинақтап,  әдістемелік қоржындарын тың идеялармен толықтырды.

«Бұл тағылымдама мен үшін пайдалы ақпараттарға толы болды. Қарапайым дүниелерді сабақта тиімді пайдалану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру, оқу үдерісіне белсене араласып, жаңа тақырыпты қалай игертуге болатынын көрдік. Бұл мектепте ұстаздардың сабақ жоспарын бірлесіп құруы жақсы қолға қойылған екен», – дейді аралдық ұстаз Жанна Нарикеева. 

Тағылымдамашылар NIS желісінде тәрбие жұмысын іске асырудағы ерекшеліктерімен де танысуға мүмкіндік алды. Зияткерлік мектептің педагог-кураторлары жүргізген практикумдарда мұғалімдер «Ұлы дала ақындары», «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер», «Ұрпақтар сабақтастығы», «100 күйдің тарихы», «Қазақ әндері», «100 кітап», «Ата-аналар университеті», «Әкелер кеңесі»  секілді  тәрбиелік жобалар мен әлеуметтік тәжірибелер бойынша құзыреттіліктерін дамыта түсті. Жатақхана қызметкерлері ұйымдастырған әдістемелік алаңда оқушылармен жүргізілетін жұмыстардың жаңашыл тәсілдерін меңгерді. 

«Тәрбие саласында бірнеше жобалардың жүзеге асырылып жатқанын көрдік. Көптеген педагогикалық инстайттар ала білдік. Алған білімдерімізді алдағы уақытта өз тәжірибемізде қолданамыз деп ойлаймын», – деп бөлісті ауылдық мектеп директорының орынбасары Жадыра Аймағанбетова.

316939305_3255698418093403_3273454291080208099_n.jpg
317422589_3255698301426748_2817010289418884992_n.jpg

Тағы да оқыңыз: