Kyzylorda-news.kz  Қызылордада GameDev әлеміне жол ашатын – жаңа «Level Up» білім бағдарламасы іске қосылды.  Бұл бағдарламада бейне ойын индустриясына шолу, ойындарды дамытудағы процестер мен рөлдер, ойын дизайны негіздері, күрделі ойындар мен геймификация, ойын қозғалтқыштары, толықтырылған және виртуалды шындық құру, Midjourney және Chat GPT қолданбаларында бейне ойындар жасауға қарастырылады.

Level Up − бұл STEAM (science, tech, engineering, art, math) бойынша қыздарды қолдауға арналған БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі бағдарламасы аясында GameLab KBTU оқытушылары әзірлеген бағдарлама. 

Курстың алғашқы сабағында «GameLab» ойын әзірлеу зертханасының маманы Назым Жұмабаева қатысушылармен кездесіп, ойын әзірлеу технологиясы бойынша воркшоп өтті.

Семинар барысында қатысушылар ойын жасаудың негіздерімен, геймдизайн принциптерімен және қазіргі заманғы ойын индустриясының тенденцияларымен танысты. Шараның мақсаты − жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларды ойын жасаудың технологияларымен таныстыру және келешекте осы салада өздерін сынауға мүмкіндік беру. Бұл іс-шараның маңызы зор, себебі ол бірнеше маңызды аспектілерді қамтиды. Воркшопқа қатысушылар ойын жасау процесінің әр түрлі кезеңдерімен таныса отырып, өздерінің шығармашылық әлеуетін дамыта алды. Бұл жасөспірімдер мен жастар үшін өз идеяларын жүзеге асыруға және инновациялық жобаларды құруға үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ, ойын индустриясының мамандарының тәжірибелерімен танысып, осы саладағы мүмкіндіктер мен қиындықтар туралы көп мағлұмат алды. Бұл шара жасөспірімдерге болашақ мамандықтарын таңдау кезінде дұрыс бағыт алуға көмектеседі. 

Ойын индустриясы – жаңа технологиялардың алдыңғы қатарында тұрған сала. Семинар қатысушылары виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект және деректерді өңдеу технологиялары туралы ақпарат алып, оларды іс жүзінде қалай қолдануға болатынын көрді. Геймдев бойынша семинардың маңызы тек техникалық және шығармашылық білім берумен шектелмей, жастарды кәсіби дамытуға және болашақ мамандықтарын таңдауға бағыт беруімен де ерекше болды. Мұндай шаралар оқушылар мен студенттердің кәсіби дамуына серпін беріп, олардың алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады.

Gamedev – ойын жасау өнері мен ғылымы

GameDev ағылшын тілінен аударғанда «games development» – «ойын дамыту» − ойын құру процесі деген мағынаны береді. Яғни әзірлеу мен жобалаудан бастап нарыққа шығаруға дейін жұмыс процесі. Геймдев (ойындарды әзірлеу) – бұл компьютерлік ойындарды құру процесі. Бұл сала ойын идеяларынан бастап, олардың техникалық іске асырылуына дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Геймдев тек бағдарламалау мен графикадан тұрып қана қоймай, сонымен қатар сценарий жазу, музыка және дыбыс эффектілерін жасау, маркетинг және жобаны басқаруды да қамтиды.

Ойын әзірлеу процесі

Ойындарды әзірлеу идеядан басталады. Ойын концепциясы анықталғаннан кейін, оның жанры, мақсаты және негізгі механикалары туралы шешім қабылданады. Бұл кезеңде дизайнерлер ойынның басты ерекшеліктерін сипаттайды. Ойын дизайны кезеңінде концепция нақты ойын механикаларына, деңгейлерге, кейіпкерлерге және сюжеттік желілерге айналады. Дизайн құжаттары жасалады, оларда ойынның барлық аспектілері егжей-тегжейлі баяндалады. Бұл кезеңде ойынның алғашқы нұсқасы әзірленеді. Прототип ойынның негізгі механикаларын тексеруге және ойынды тестілеуге мүмкіндік береді. Бұл ойынның қалай жұмыс істейтінін және оның қызықты болатынын анықтауға көмектеседі. Өндіріс кезеңінде барлық компоненттер жасалады және біріктіріледі. Бағдарламашылар код жазады, суретшілер графика жасайды, музыканттар мен дыбыс дизайнерлері ойын үшін аудиожазбалар жасайды. Бұл кезеңде ойынның барлық элементтері біріктіріліп, толық нұсқасы жасалады. Тестілеу кезеңі өнімнің қателіктерін табу және жою үшін қажет. Бұл ойынның тұрақты жұмыс істеуіне және қолданушылар арасында сұранысқаа ие болу мүмкіндігін арттырады. Маркетингтік кампаниялар ойынның танымалдығын арттыруға және оны кең аудиторияға жеткізуге көмектеседі. Бұл кезеңде ойын жарнамаланып, сатылымға шығарылады.

Ойын әзірлеудің құралдары

Геймдевте қолданылатын құралдар ойынның қажеттіліктеріне және дамытушылардың таңдауларына байланысты әртүрлі болады:

- Unity және Unreal Engine – бұл ең танымал ойын қозғалтқыштары, олар кәсіби және инди-ойындарды жасау үшін қолданылады.

- Blender және Maya – бұл 3D моделдеу және анимациялау құралдары.

- Photoshop және GIMP –графика мен текстураларды жасау үшін қолданылатын бағдарламалар.

- FMOD және Wwise –дыбыс және музыка өңдеу құралдары.

Геймдев – бұл өнер мен ғылымның қиылысында орналасқан кешенді және көп қырлы процесс. Ойындар жасаушылар командасының әрбір мүшесі өз саласында маманданған болуы керек және ортақ мақсатқа жету үшін бірлесе жұмыс істеуі қажет. Геймдев индустриясы жыл сайын өсіп, дамып, жаңа технологиялармен толығуда.

Айта кетейік, «Level Up» білім бағдарламасы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі мен GameLab KBTU оқытушылары әзірлеген бағдарлама аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен өтуде.  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2017 жылдың мамыр айында  «Бизнес-Старт» жастар кәсіпкерлік орталығы құрылды.

Бизнес-инкубатор  –  өз істерін бастауды қалайтын, бірақ оған мүмкіндігі жоқ жас кәсіпкерлерді қолдау және коммерциялық тұрғыда тиімді өнім алу мен нәтижелі өндіріс құруда көмек көрсету мақсатында құрылған ұйым. Әлемдік практикада  жеткілікті түрде кең таралған орталықтар көптеген елдерде жұмыс жасайды. Мұндай мекемелер алғаш рет 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында АҚШ мен Ұлыбританияда ашылған. Олар табысты түрде жаңа жобалар мен стартаптарды жетілдіреді.

«Стартап» термині бизнес-инкубатормен ұдайы бірге жүретін термин.  Стартап немесе старт-компания ағылшыннан аударғанда «бастау» деген мағынаны береді және қазіргі уақытта енді пайда болған немесе құрылуы жоспарларған жаңа жобаны білдіреді. Бұл термин IT саласында және ғаламтор-жобаларының саласында жиі қолданылады.

Университет қабырғасында кәсіпкерлікті дәріптеу мен дамыту бағыты бойынша «Startup Bolashak. Menin armanym» жобасы, «Zhas project» бағдарламасы, «HackDay» және «Smart city Kyzylorda» хакатондары және тағы да басқа шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыс көлеміндегі «Smart city Hackathon», «PechaKucha Night Kyzylorda», «Startup roadshow», «Enactus Kazakhstan roadshow», «Startup Talapker incubation», «Innofest» облыстық инновациялық жобалар фестивалі», «SLL  workshop», «SocInn startup», «NoCodeDay», «Open Speech Kyzylorda» бағдарламалары мен іс-шаралары өткізілді. Қазіргі таңда бизнес-инкубатор өз жұмысын қарқынды жүргізуде.

«Бизнес − инкубатор» студенттерге қалай көмектеседі?

- Студенттік бизнес-жобалардың бастамашыларына бизнес-идеяға стратегиялық талдау жасауда көмек көрсетеді;
- Бизнес-жоспарды қалай құру жөнінде кеңес беріп, оған баға береді;
- Қаржы ресурстарын іздестіруге және тартуға ақпараттық түрде жәрдемдесетін болады;
- Сіздің жаңа бизнесіңізге маркетингтік қолдау көрсетеді;
- Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті студенттердің қатысуымен құрылған шағын бизнес субъектілерін қалыптастыру кезеңінде кеңсемен қамтамасыз етеді.

 

А.Текебай

Фото:csmls.org

Тағы да оқыңыз: