Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысы бойынша 1-10 сынып аралығындағы 163 399 баланың 100 мыңнан астамы жазғы тынығу лагерьлерінде демалатын болады. 2 маусымнан бастап аймақтағы 10 балалар тынығу лагерьлері өз жұмысын бастайды. Бұл туралы бүгінгі брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет хабарлады.

Қызылорда облысында биылғы жылы 10 мемлекеттік және 3 жеке жазғы тынығу лагерьлері балалар үшін жұмыс жасайтын болады. Аталған лагерьлер 7 ауысымда 8 890 бала тынығады деп жоспарлануда.

Мұнымен қоса, Мейрамбек Зинабдинұлы облыс бойынша мектептердің барлығында мектеп жанынан күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдастырылып, онда 98 мыңға жуық оқушы қамтылатынын айтты.

«Естеріңізге сала кетейін, жазғы тынығу лагерлеріне бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар жазғы демалыспен қамтылады. Бұдан басқа, 1 326 бала жергілікті жердегі меценаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен облыстан тыс жердегі лагерьлерде демалады. Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау көрсету мақсатында 2023 жылғы жаз мезгілінде«Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында облысқа 600 орынға квота бөлді», - деді басқарма басшысы.

Жазғы тынығу кезеңінде оқушыларға қосымша Сыр өңірінің тарихи орындарына және еліміздің басқа қалаларына Астана қаласы, Байқоңыр ғарыш айлағы, Шымкент, Тараз қалаларына және Сауран, Сығанақ қалашығы мен Түркістан облысының киелі жерлеріне, Қорқыт ата ескерткішіне экскурсиялар мен арнайы турлар ұйымдастырылып, музейлерге 17 300 бала саяхаттайтын болады.

Ал бұл жұмыстарды үйлестіруде «Жасыл ел» әлеуметтік жобасы аясында 1871 оқушы мен студенттер маусымдық жұмыспен қамтылатын болады.

Тағы да оқыңыз: