Kyzylorda-news.kz    Қызылорда қаласындағы Сақтапберген Әлжіков атындағы орта мектеп ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғында «Ақ школ» деген атпен құрылған 100 жылдық тарихы бар білім ордасы. Бұл білім ошағы алғаш ашылған оқу жылында  жиырма шақты баланы қабылдап, оған 1 ғана ұстаз сабақ берген екен.

«Ақ школ» атанған бастауыш мектеп 1950 жылдарға дейін бастауыш, кейін жеті-сегіз жылдық болып, оқушы санына қарай өзгеріп, 1964 жылы орта мектепке айналған. Ал 1966-1970 жылдары №144 В.И.Ленин атындағы қазақ орта мектебі, 1971-1997 жылдары №144 В.И.Ленин атындағы аралас мектебі, 1998-2001жылдары №144 Сақтапберген Әлжіков атындағы қазақ орта мектебі, 2003 жылдан 2014 жылға дейін №144 Сақтапберген Әлжіков атындағы қазақ орта мектебі 12 жылдық білім беру бағдарламасының эксперимент алаңы болған.

Ғасырға жуық тарихы бар білім ошағын алғаш ашылған уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін өз заманының білікті де білімді мамандары басқарып келді. Атап айтсақ, 1939-1941 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысының ардагері Н.Бекдулеев, 1941-1944 жылдары Ш.Көшекбаев, 1945-1951 жылдары халық ағарту ісінің озық қызметкері Э.Қадіркожаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері 1951-1955 жылдары Д.Тайманов, 1955-1957 жылдары Ұлы Отан соғысының ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері К.Ерназаров, 1957-1964 жылдары Ұлы Отан соғысының ардагері , халық ағарту ісінің озық қызметкері Ұстабаев Жүсіпәлі, 1965-1970 жылдары халық ағарту ісінің озық қызметкері Ө.Серікбаев, 1970-1972 жылдары және 1984-1993 жылдар аралығында халық ағарту ісінің озық қызметкері Д.Наурызбаев, 1972-1984 жылдары Ә. Досхожин, 1993-1997 жылдары С.Жұматаев, 1997-2000 жылдары С.Қарапаев, 2000-2004 жылдары Жүсіпәлиев Марат Қамбарұлы, 2004-2014 жылдар аралығында Ниязбекова Балайым Сейітжанқызы, 2014-2018 жылдары Балатай Ләззат Балатайқызы, 2018 жылдың қараша айынан бастап мектепті Сейдахметова Жұмагүл Әбдіманапқызы басқарып келеді.

С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің білім көкжиегінде қанат жайып, талай шәкіртті түлеп ұшыруына мектеп қабырғасында еңбек еткен білікті ұстаздардың еңбегі зор. Олардың басым көпшілігі бүгінде ардагер ұстаздар қатарында. Оның ішінде Қуанышев Әбілда, Тасқараева Бижамал, Жұматаев Сақташ, Ыдырысұлы Қожахмет, Шектібаева Айжамал, Ибрагимов Жаңабай, Шарапатова Алтын, Баратов Шәріпбай, Балмағанбетова Бақытжан, Едербаева Сайлаукүл, Сағындықова Ақсұлу, Нұрмағанбетов Медетбай, Райымбекова Аймереке, Қарапаев Сағатбек, Қарапаева Райкүл сынды ұстаздар бар.

Білім ордасы 2014 жылдан бастап Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектеп болып қайта құрылады.

Мұнда ғасырға жуық уақыт аралығында мектеп даңқын арттыруға ерінбей еңбек етіп, ұстаздық келбетімен ел есінде сақталған ұстаздар көп. Әсіресе соғыстан екі аяғынан бірдей айырылса да, 40 жылдан астам оқушыларға дәріс берген «Қазақ Мересьеві» Бәкібай Дүйсенбиев, майдангерлер Ермахан Баймағанбетов, Жүсіпәлі Ұстабаев, Кәрім Досхожин, Дауылбай Наурызбаев сияқты алдыңғы буын ардагер ұстаздардың сара жолы бүгінгі ұжымдағы ұстаздарға үлгі боларлықтай. Мектептің алғашқы шәкірттері елімізге танымал жазушы Сақтапберген Әлжіков «Ара» журналын ұзақ жыл басқарып, өшпес із қалдырған. Оған қоса Садық Нұрмағанбетов партия совет органдарында жауапты қызмет атқарған. Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында ұзақ жылы жемісті еңбек еткен. Директордың бірінші орынбасары болып, республикадағы педагогикалық ғылыми ой мен зерттеулерге бағыт беріп, басшылық жасаған. Көптеген ғалымды тәрбиелеп, өзі де бірнеше танымдық, тәрбиелік кітап жазған. Сонымен қатар жоғарғы соттың бірінші орынбасары болған, белгілі заңгер – Әлімжан Шәріпов, медицина ғылымының докторы, Алматы медициналық институтының кафедра меңгерушісі – Жәдібай Абдуллаев, педагогика ғылымның кандидаты, профессор – Әкімжан Сайлыбаев, педагогика ғылымның кандидаты, профессор – Бақытжан Сайлыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Қаракөз Ақдаулетова, ғылым кандидаты – Тұяқбай Садуақасов, белгілі сатирик, ақын – Орынбасар Әлжіков, медицина ғылымның кандидаты – Сабит Әбдіраимов, филология ғылымының докторы, профессор – Зәуреш Ерназарова, аға судья – Зәуреш Қиясова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты – Ұлтай Ешимова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облыстық филиалының кабинет меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты – Құралай Жырауова, Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі – Нұрсұлтан Ибрагимов, медицина ғылымының кандидаты – Ғани Берстенов, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университеті, студенттік мәселелер жөніндегі департамент директоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор – Қуаныш Дәуренбеков, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қашықтықтан білім беру технологиялары және бағдарламалармен қамтамасыз ету» басқармасының басшысы – Нұрлан Нұрмағанбетов сияқты азаматтар аталған мектептің түлеп ұшқан шәкірттері. Бүгінде қоғамның әр саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған оқушыларын мектеп ұжымы мақтанышпен айтады.

Бүгінде білім ошағы Қазақстан Республикасы Білім беру заңының талаптарын жүзеге асыру жолында бірінші орынға білім беру сапасын қояды. Оқушыларды тәрбиелей отырып, сапалы білім беруді мектеп негізгі мақсат еткен. Мектепте  мектепалды даярлық сыныптарын қоса алғанда 2913 білім алушы білім алады. Ал білім ордасының ұжымы І жарты жылдықты 65 процент білім сапасымен қорытындылаған. Сапалы білім беруде қажетті барлық заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген оқу ордасында қазіргі таңда 1 педагог-шебер, 59 педагог-зерттеуші, 65 педагог-сарапшы, 100 педагог-модератор, барлығы 267 педагог қызметкер өскелең ұрпақтың сапалы білім, өнегелі тәрбие алуы жолында аянбай еңбек етіп келеді. Аталған білім ордасындағы мұғалімдердің тиісті бейіні бойынша біліктілігін арттыруы қамтамасыз етілген. Ал білімін кәсіби тұрғыда жетілдіру үлесі – 100 процентті құрап отыр.

Білім бәсекесінде еркін қанат қаққан ұжымның ауыз толтырып айтарлық жетістігі де баршылық. Бұл ретте Алматы қаласында өткен республикалық «Педагогикалық идеялар» байқауынан «Шеберлік палитрасы» номинациясы бойынша өзінің тың жобасымен информатика пәнінің мұғалімі Айбек Оразбахов жүлделі І орын алып келген. Сонымен қатар, пәндік, спорттық, танымдық, зияткерлік, өнер, шешендік, экологиялық, эстетикалық бағыттағы 180-ге жуық үйірме жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылдың өзінде шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық шаралардан мектеп қоржынына 908 жүлде қосқан. Оның ішінде қалалық пәндік олимпиадалардан-56, облыстық пәндік олимпиадалардан-5, «Жаһандық құзіреттілік» курсы бойынша республикалық пәндік олипиададан-1, ғылыми жобалардың қалалық кезеңінен-32, облыстық кезеңінен-7, спорттық сайыстардың қалалық кезеңінен-60, облыстан-35, республикалық кезеңінен-15, халықаралық кезеңнен-2 жүлде алып, мектеп мерейін өсірді. «INNO FEST QYZYLORDA-2022» шығармашылық фестиваліне қатысқан оқушылары 50.000, 200.000, 300.000 тенгелік жүлделер жеңіп алған. «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалы және «GRANT MASTER» бағдарламалау мектебінің ұйымдастыруымен өткен «CP OPEN CUP – 2023» бағдарламалау олимпиадасында І орын алған 2 оқушысы Қорқыт ата атындағы университеттің грантын жеңіп алған. Ауылдық мектептердегі талантты жастарды анықтау және қолдау бойынша қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өткізілген осы олимпиададан информатика пәнінен 9 сынып оқушысы Қарақат Шешенбай мен ағылшын тілі пәнінен 10 сынып оқушысы Айлуна Сырымқызы облыста оза шауып, республикаға жолдама алған. Облыстық білім бөлімі тарапынан ұжымға берілген «Ынтымағы жарасқан ұжым-2022», қалалық білім бөлімінен берілген «Үздік ауыл мектебі – 2023» номинациялары оқу-тәрбие үдерісіндегі тынымсыз еңбектің жемісі. Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық математика және механика бойынша зерттеу жобалары байқауында 11 сынып оқушысы Сайдилдаева Замира жүлделі ІІ орын, республикалық «Дарын» 9-11 оқушыларына арналған ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде биология секциясы бойынша 9 «Г» сынып оқушысы Маратұлы Нұрислам жүлделі І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алған. Республикалық «Зерде» ғылыми жобалар және шығармашылық жұмыстар байқауының қалалық кезеңінде 12 оқушы жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ, «Кeruen art» XI республикалық өнер байқауында «хореография» номинациясы бойынша «Нұрлы-Таң» би ансамблінің  «Ақ пен қара» сюжеттік биі бас жүлдені иеленіп, 20 мың қаржылай сыйақыны ұтып алған. «Ақжелең» республикалық байқауында вокал номинациясы бойынша  8 «А» сынып оқушысы Өміртай Рамазан үздік өнер көрсетіп бас жүлде  иеленген.

Спорттық додалаларда да аймақ мерейін ғана емес, мектеп мәртебесінде асқақтатып жүрген оқушылар көп. Мәселен, белбеу күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында Н.Улугбекова қола жүлде, дзю-до күресінен жасөспірімдер арасында Азия чемпионатынан Ж.Жайсаңбай қола жүлде, республикалық турнирде қазақша күрестен Б.Абылай алтын жүлде, республикалық тоғызқұмалақ, қазақша күрестерден топтық есеп бойынша алтын, күміс, қола жүлде және облыстық «Ұлттық мектеп лигасынан» футболдан, волейболдан қыздар командалары үздіктер қатарынан көрінген. Мектептің 11 «Б» сынып оқушысы Ұлықбекова Нұрбибі Ақтау қаласында өткен Азия чемпионатында самбо күресінен 1 орын алып, Азия чемпионы атанған. Қазақ күресінен республикалық турнирден 7 «З» сынып оқушысы Есен Ерасыл ІІ орын иеленді.

Таеквондодан балалар мен жасөспірімдер арасындағы облыстық біріншілікте 14 оқушы жүлдеге ие болған. Бұдан бөлек 3-сынып оқушысы Амангелді Ілияс Социалистік Еңбек Ері Байдүйсен Оразовты еске алуға арналған қазақ күрестен Еңбекші спорт клубының республикалық ашық біріншілігінде және қалалық күрес байқауында І орын иемденген.

Білім көкжиегінде ғасырлық тарихы бар С.Әлжіков атындағы №144 мектептің қаладағаы өзге де мектептер арасында өзіндік ойып алар орны бар. Мұндағы әрбір ұстаз өзінің ізденімпаздығы мен біліктілігінің арқасында шәкірт жүрегіне білім нәрін құйып, үлкен өмірге қанат қақтыруда. Мектеп ұстаздарының бұл еңбегі де жеміссіз емес. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 67 түлек мектепті бітіріп, оның 6-уы «Алтын белгі», 4-еуі «Үздік аттестат» иегері атанған. Сонымен қатара, ҰБТ-да білім ордасының орташа баллдық көрсеткіші – 90 балды құраған. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарына 55 түлек мемлекеттік грант негізінде түскен. Мектептің соңғы 3 жылдағы ҰБТ бойынша орташа балы да 90-нан төмен түспеген.

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: