Kyzylorda-news.kz. ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының  делегациясы өңірлік ғылымды дамыту мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жетекші ғалымдарымен, облыстық басқарма басшыларымен кездесті.

Делегация құрамы алдымен білім ордасының материалдық-техникалық базасын көріп, ғылыми инфрақұрылымын аралады. 
Алдымен «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханадағы коммерцияландыруға дайын үздік жобалармен танысты. Қазір ғалымдар мұнда гранттық қаржыландыру аясында «Жануарлар мен адамдардың әртүрлі ауруларының терапиясында потенциалды белсенді симметриялық және симметриясыз типтегі жаңа орынбасқан каркасты фосфонаттарды жасау» жобасын жүзеге асыруда. Сондай-ақ, ғалымдар полифункционалды биологиялық белсенді заттар синтезімен айналысуда.

Мұнан кейін «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығын аралады. Орталықта гранттық қаржыландыру аясында «Мұстафа Шоқай мұрасындағы қолжазбалардың тарихи-деректік құндылығы», «М. Шоқайдың мемлекеттілік мұраттары: тарих сабақтары, идеялық сабақтастық» жобалары бойынша зерттеу жүргізілуде.

Делегация «Aрхеология және этнография» ғылыми орталығының жұмыстарымен де танысты. Орталықта гранттық қаржыландыру аясында «Шығыс Арал маңының археологиялық мұраларын өзектендіру (Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жаңа архивтік деректерін жүйелеу)» бойынша жұмыстар іске асырылуда. Сонымен қатар, ортағасырлық Жанкент қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасты.

Академия өкілдері Т.Д.Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру орталығы, А.Тапалова атындағы «Жалпы және бейорганикалық химия» оқу-зерттеу лабораториясы, А.Саданов атындағы микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы, К.Сәдуақасқызы атындағы химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы, ҚР еңбек сіңірген гидротехнигі М.Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейімен танысты.

Жиында ҚР ҰҒА Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев өңірлік мәселелерді шешуде ғылымның өте маңызды екенін айтты.

«Академия өңірдегі ғылымға айрықша көңіл бөліп отыр. Шараға атқарушы мемлекеттік орган өкілдерін арнайы шақырдық. Ұлттық ғылым академиясы салаға қатысты мәселелерді шешу үшін ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Сол арқылы біз ғылымға да, ғалымға да кең жол ашып береміз», – деді Руслан Ерғалиұлы.

Сондай-ақ, академия делегациясы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына қатысып, ғылымды дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды баяндады.

Айта кету керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті QS рейтингі бойынша Азияның үздік университеттерінің ТОП-551-600 (570-орын), сондай-ақ Қазақстан Республикасының ТОП-10 үздік университеттерінің қатарында 8-ші орында. 

Биыл университет QS–2024 халықаралық рейтингтік агенттігінің талдауы бойынша жаһандық рейтингтің ТОП-1200-1400 еніп, алғаш рет әлемдік тұғырға көтерілді. 

Бүгінде университетте 26 ғылым докторы, 193 ғылым кандидаты, 43 PhD докторы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 40 түлегі, 25 шетелдік оқытушы жұмыс істейді.

2022 жылы университеттің 6 оқытушысы «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасында жеңімпаз атанып, АҚШ, Германия, Ресей және Беларусь елдерінің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтті. 2023 жылы 14 үміткер «500 ғалым» жобасының жеңімпазы атанды.

Университетте ғылыми-зерттеу жұмыстары гранттық қаржыландыру бойынша түрлі жобалар, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорындардың тапсырыстары, халықаралық келісімдер аясында жүзеге асырылады.

2022 жылы жалпы сомасы 191 млн теңгеге 17 ғылыми жоба жүзеге асырылды. 2022 жылы ғылымнан түскен табыс 2020 жылмен салыстырғанда 76%-ға өсті.

Ал, биыл ҚР ҒЖБМ 9  жоба жеңімпаз атанды, жобалардың жалпы сомасы 528 710 мың теңге.
Университетте ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру аясында 1,5 млрд теңге сомасына «Инновациялық технологияларды қолдану арқылы мұнай қалдықтарын өңдеу» жобасы жүзеге асырылуда. 

3d0f00c3-856f-4dc4-9aa5-35debcc1b5cd.jpg

 

e1941929-df98-4587-ab2d-5bd95ace153b.jpg


 

IMGL4027.JPG

 

IMGL3890.JPG

Тағы да оқыңыз: