Kyzylorda-news.kz  Сейсенбі күні Қазалы аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Үздік оқырман – 2024» жас оқырмандар байқауы өтті. 
Қазалы ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің демеушілігімен өткен байқаудың мақсаты – оқырмандарды кітап оқу мәдениетіне, дүниетанымын кеңейтуге, көркем шығармалардың мән-мағынасын сезінуге, оқыған шығармаларын дұрыс бағалай білуге тәрбиелеуді көздейді. Сондай-ақ тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеуде кітап оқуға үндеу, көркем шығарманы оқыту арқылы әдебиеттің құндылығын арттыруды діттейді. 
Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. 
Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, жаһандық өзгерістерге бейім әрі патриоттық рухта тәрбиелеу қашанда өзекті мәселе болып келген. Қай кезеңде де тәрбие және білім берудің негізгі міндеттері – ең алдымен, дені сау, ұлттық сана сезімі ояу, рухани әлеуеті биік, ар-ожданы мол, парасатты, іскер адамды қалыптастыру.
– Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері олардың білім деңгейімен тікелей байланысты. Білім – ұлттық жаңғырудың басты алғышарты. Өйткені ой жүйесі терең, алыстан пайымдап, тереңнен тамырланған дүниетанымы кең адам ғана бәсекеге төтеп береді. Осыған орай "Үздік оқырман – 2024" байқауы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Байқаудың атынан белгілі болып тұрғандай, қай оқушы кітапханамен жақсы қарым-қатынас жасайды, кім көп кітап оқығанын, кітап оқу арқылы кімнің білімі мен білігі артық екенін бүгін анықтайтын боламыз, – деді Қазалы аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің маманы Нұргүл Әжіғұлова.
Білім мен біліктілік тартысына арналған сайыс 4 кезеңге бөлінді. Оның әр кезеңі 5 ұпайлық жүйемен бағаланды. Алғашқы кезең "Кітап – білім бұлағы" деген тараумен басталды. Бұл кезеңде сайыскерлер оқыған кітаптарын алдын ала әзірленген электронды слайд арқылы таныстырды. Талапкер өзіне ұнаған  қызықты кітабына қысқаша тоқталып, шығарма желісі бойынша шағын мазмұнды мәлімет берді. 
Келесі "Өлең – сөздің патшасы" атты кезеңде сайыскерлер ақын-жазушылардың шығармаларынан образға ене отырып, жатқа монолог немесе өлең оқыды. Үшіншісінде «Мақал – сөздің азығы» ұранымен аталған кезеңде қатысушы «Кітап», «Отан», «Достық» сынды тақырып төңірегіндегі және  тағы басқа да мақал-мәтелдердің басын бастап, аяқталмай қалған бөлігін жалғастырады.  Соңғысы «Кім тапқыр?» кезеңіне арналды. Онда ақын-жазушылардың әдеби-көркем шығармаларынан арнайы конвертте әзірленген сұрақтарды таңдап, жауап беру шарт етілді. 
Тартысты жарыста аудандағы білім ордаларынан қатысқан 10 оқушы өзара бақ сынасты. Байқауда өзінің оқыған кітаптары жайында  жақсы дайындықпен  келген, сондай-ақ, сұрақтарға дұрыс жауап беруі жағынан көзге түскен үздіктер әділ қазылардың төрелігімен анықталды.
– Кітапхана – білімпаздар мекені, біз кітапханаға барып, кітап алып оқып, кітаптан берілген тапсырмаларға дайындалып, білімдерімізді жетілдіреміз. Жазушы және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Мен кітапханаларды ақыл-білім, адамгершілік, парасат ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» деген. Кітап – руханият бағының баға жетпес жемісі. Ол қай ғасырда да адамзат тарихында ерекше ардақталып келе жатқан ең басты мәдени құндылық. Ал кітапхана – бір ұрпақтың екінші ұрпаққа парыз бен парасат өсиетін жеткізіп отырған қасиетті орталық. Ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік білім мен біліктіліктің, әділет пен адамгершіліктің  киелі ордасы. 
Қазіргідей ұялы телефон, әлеуметтік желі мен ғаламтордың дамыған кезінде арнайы кітапханаға келіп, кітап оқуға құштар жастардың барлығы көңілді көншітеді. Көз алдымызда ақыл мен ойды іске қосқан ізденімпаз жасөспірімдер бір-бірімен білім сайысына түсіп, өз қарым-қабілеттерін көрсетті. Бірінің актерлік шеберлігі мықты болса, бірі қоған сұраққа мүдірмей жауап берді. Араларынан шын мықтыны анықтадық. Жеңімпаздарды жеңісімен құттықтаймыз, – деді «Қызылорда облысының тілдерді оқыту» орталығы КММ Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тілдің оқытушысы Жұбатқан Таңжанов.
«Үздік оқырман – 2024» жас оқырмандар байқауының қорытындысы бойынша Азат Қыстаубай бас жүлдені жеңіп алса, Әнел Амангелді бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орынды Назым Нақыш пен Айзере Оразғали иемденді. Ал Балауса Қадірбек және Жаннұр Абдулла үшінші орынды қанағат тұтты. Қалған қатысушылар –  Азамат Әбдібай, Сая Бақберген, Балнұр Боздан мен Зарина Амангелдіге "Дарынды оқырман", "Оқу шебері", "Белсенді оқырман" және "Үлгілі оқырман" бағамы бұйырды. 
*
Қазалы аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен "Табиғатты аялайық" атты мектеп оқушылары арасында көркемсурет байқауы өткізілді. Мұндағы мақсат – жасөспірімдерді табиғатты қорғауға тәрбиелеу, танымдық ой-өрісін кеңейту, қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына баулу, экология және табиғатты қорғау саласындағы танымдық деңгейін арттыру болды. Байқау қатысушыларын шынайы бағалаған Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Индира Ағлепесова және Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ғалымбек Жылқыбай әділқазылар алқасында төрелік етті.
Байқау нәтижесі бойынша Жаннұр Байдәулет пен Айя Мақсұт бірінші орын иегері атанды. Екінші орынды Жанна Қосанова мен Айнара Нағымет және Жания Серікова, Бейбарыс Хамза жеңіп алды. Үшінші орындар Инабат Кәмілжан мен Раушан Жаңабайға тиесілі болды.
Шараны Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Әбенұлы қорытындылады. Байқауға қатысқан барша оқырмандар мен қылқалам шеберлерін марапаттап, сый-сыяпат көрсетті.
*
Қазалы ауданы әкімінің қолдауымен, «Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» ұйымдастыруымен Қазалы ауданы әкімдігінің орталық алаңында 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «КІТАПшоу – 2024» кітап фестивалі өткізілді.
Фестиваль бағдарламасы бойынша «Кітап – ғасыр мұрасы» атты тақырыпта кең көлемді кітап көрмелері ұйымдастырылды. Тақырыпқа сай маңайы  безендіріліп, түрлі-түсті шарлар ілініп, жалаушалар қадалынды. 
Бағдарламадағы Ахмет Байтұрсынов «Оқуға шақыру»,      Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне», Абай «Әсемпаз болма әрнеге», Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін», Жетіскен Мәкеналы «Мен Ғанимын», Рүстем Жанай «Қазақпыз ұлы халықпыз», Алмагүл Қаржаубаева «Қазалым», Жұмабек Табынбаев «Қазалы» сынды ақын шығармаларынан әдеби монтаж №266 мектеп-лицей 9 сынып оқушылары орындады. 
Сонымен қатар «Кітаптар сөйлейді» тақырыбында Қазалы қалалық балалар кітапханасының жас оқырмандары Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің 6-сынып оқушысы Совет Нұрдәулет, Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің 6-сынып оқушысы Қанибай Нұрдәулет  балалар кітабынан диалог ұсынды.
Ауқымды шараны Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы ашып берді. Кітап фестивалінің басты мақсаты – аудандық, қалалық, кенттік, ауылдық кітапханалар бойынша «Кітап – ғасыр мұрасы» атты өз өлкемізден шыққан ақын – жазушылардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау. Әрбір кітапхана өз ауылынан шыққан белгілі тұлғалары, олар жайында жазылған кітаптар немесе баспасөз материалдарынан жинақталған кітапшалардан тұратын кітап көрмелері мен «Адал адам» –мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасына сәйкес «Сұхбат-TIME», «Әлем ВООК» жобасы аясында тағы басқа да түрлі тақырыпта өлкемізден шыққан ақын-сазгерлердің шығармаларынан рухани танымдық-тағылымдық іс-шаралар өткізілді. 
Кештің төрінен орын алған ауданның зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар қатарында Шәмшия Жұбатова, ақын Едіге Кішкенеевтің жары Бағдагүл Кішкенеева, ақын Жетіскен Мәкеналының жары Мәрияш Марданова, Күләш Мергенбаева, Қадірбек Бекетов, Төлепберген Тілеуқабылұлы, Сахи Қапаров, Айжаһан Ысқақ, Ұлдай Рәшова, Бақытжан Түменбаев, Серік Қуанышбаев қонақ болды.
Қазалы ауданының ақыны, ұстаз Сағыныш Утеулиеваның түрік тілінде жарық көрген «Сырұя» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Сонымен бірге шара барысында «КІТАПшоу – 2024» фестиваліне арналып пісірілген тәтті торт кесілді.
Фестиваль аясында «Үздік оқырман – 2024»  байқауы, «Табиғатты аялайық» республикалық көркемсурет сайысы, «Ұлт денсаулығының кілті – саламатты өмір салты» атты спорттық ойындар сайысы өткізілді. Сонымен қатар «Білімдар ағашы» деп аталатын әдеби-викториналық сұрақтар жасырылған шара ұйымдастырылып, бақ сынаған оқырмандарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара «Кітап – адамзаттың асыл қазынасы» атты мерекелік концертке ұласты. Кітап мерекесіне арналған рухани-мәдени шараны Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев қорытындылап, шараға қатысушыларды марапаттап, сый-сияпат табыстады.


fc24dc32-dda1-47c3-9b2e-98f6a8828e57.jpg

d6770018-7024-4382-ab4c-037a4aa5eb62.jpg

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

Тағы да оқыңыз: