Kyzylorda-news.kz. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек»-деп айтқан өсиеті қазіргі кезде де өз мәнін жойған жоқ. Бүгінде ауданның көпшілік білім ордаларында балаларды кәсіпке баулуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

26 мамыр күні осындай мектептің бірі М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейде «Ынта, талап, еңбек – кәсіпке апаратын жол» тақырыбында аудандық семинар өтті. Оқушыларды кәсіби тұрғыда құзіреттілігін дамыту, заманауи дағдылардың практикалық базасын қалыптастыру, мамандық таңдауға бағыт беруді көздеген семинарға мектеп директорлары, орынбасарлары, психологтар  мен ұстаздар қауымы қатысты. 

Жиынға келген қонақтарды бастауыш сынып оқушылары салтанатты түрде қарсы алып, семинардың ашылуы болды. Мектеп ауласында оқушылар қызанақты егу, өсіру, баптау жұмысы туралы  ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде практика жүзінде көрсетті.  9 «В» сынып оқушысы Оспан Айберен жылыжайда қорғалған топырақта өсімдіктерді өсіру технологиясы туралы таныстырды. Жиынға қатысушылар білім беру ісінің үздігі –Игіліков Жұмабек Әбдіразақұлының есімі берілген физика кабинетінің ашылуының куәсі болды. 

Бұдан кейін «Инклюзивті білім беруді қыш өнермен интеграциялау-табыс кепілі» тақырыбында кешенді шаралар өтті. Мәселен, «Экологиялық таза қыш кірпішін алу-экономикалық тиімді технология» тақырыбында жоба жұмысымен химия пәні мұғалімі Жексембиева Эльмира таныстырды. Сонымен бірге «Саздан денсаулыққа пайдалы емдік қасиеттерін тұтыну перспективалары» тақырыбында жұмысын баяндаған биология пәні мұғалімі Жұма Нафиса, тәжірибе жүзінде саздың адам терісіне пайдасын көрсетіп, қонақтардың қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ, «Қыш мүсін, каллиграфия өнеріне баулу арқылы оқушыларға кәсіптік бағдар беру» жұмысы бойынша  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Абдулла Алия мен ағылшын тілі пәні мұғалімі Бердалиева Жадыра ЕББҚЕ оқушымен бірге  жасалынған, қыштан жасалған бұйымдардан құралған көрмені көрсетті. Технология пәні мұғалімі Көпжасар Тілектес  жергілікті табиғи өнімді пайдалану арқылы сапалы саздан бұйымдар дайындауға болатынын өзі жасаған көрмедегі заттары  арқылы  танытса, «Менің кәсібім-менің бизнесім» (жергілікті өңімдерді өңдеу, сақтау технологиясы бизнес жобасы)  «Көкөністер консервілеу» - 9 «Б» сынып оқушысы Таңсықбай М., «Жемістерді консервілеу» - 9 «В» сынып оқушысы Иманқұлова М., «Бизнес план сушки и заморозки фруктов и овощей»  11 «А» сынып оқушысы Садуакасова Н. еңбектерін жария етті. 

Ал заман талабына сай білім ордасында құрылған «Меdia&Film School» мектеп киностудиясы жұмысымен ( Қазалы қаласының тарихы) 10 «Б» сынып оқушысы Тастыбай Нұрила, «100 жылдық тарихы бар мектептің Қазақстанға еңбегі сіңген түлектерінің өмір жолы» жайлы 3 «В» сынып оқушысы Мырзахмет Інжу, Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйін «Өнер» үйірмесінің мүшелері орындап шықты. 
Сонымен қатар меймандар ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасауда мәні зор  «ART TIME клубы» жұмысын көрді. Психолог Тілеуқабылова Алияның жетекшілігімен жасалған жоба қонақтарға ерекше әсер етті.

Қорытынды бөлімде Ш. Айтматовтың «Найман Ана» шығармасы бойынша «Жас таланттар» драма театрының мүшелерінің қатысуымен сахналық қойылым көрсетті. 

Шара  соңында  аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Әбілқасым Роман мен әдістемелік кабинет меңгерушісі Лаура Ізбасарова сөз сөйлеп, қорытындылады. Ал білім ордасының басшысы Дархан Сәдуақасов өз ұжымдастарының ізденімпаздығы мен табанды еңбектеріне, жаһандану дәуірінің өзгерістеріне сай кәсіпті дәріптеп, дамытуды көздейтін мектеп-лицей ұстаздарына алғысын айтты.

Тағы да оқыңыз: