Kyzylorda-news.kz Қазалыда өз ансамблі бар балабақша бар. «Тәрбиешілерді дайындаса, өнерлі ұжым шықпай ма?» деуіңіз мүмкін. Алайда бұл құраманың орын бөлек. Олар тәрбиешілер емес, балапан тәрбиеленушілер. Сөйлеу мен тамақтану дағдысын дұрыс қалыптастырып үлгермеген балақайларды өнерге баулу қиынның-қиыны. Солай бола тұра, балалақша атымен аталатын ансамбльдің жеткен жетістігі жеткілікті.
Әйтеке би кентіндегі «Гауһар Тас-2» балабақшасының ашылғанына көп болмаса да, тәлім алған тәрбиеленушілері түрлі өнер жарыстарында топ жарып келеді. Шығармашыл мұғалім, музыка жетекшісі Нағима Қарымсақованы сөзге тарттық.
«Ұзақ жылдардан бері оқушылар үйінде жұмыс істеймін. Онда жеке вокальистерге дауыс қойып, дайындайтынмын. Бір жолы орта мектептен біздің мекемеге қосымша ұсыныс түсіп, ол жерден хор ұжымын шығардық. Кейіннен аудандағы бір балабақшаға қосымша жұмысқа шақырды. «Мектепте бастаған бастамамды неге осында жалғастырмасқа» деген ой келді. Оңайға соққан жоқ. Еңбегім ақталып, жарыстарда жүлде алды», – деп бастады әңгімесін.
Ал «Гауһар-тас-2» тобы тәжірибелі маманның екінші балабақшадағы жобасы. Күнделікті музыкаға балаларды бейімдеуде түрлі аспаптарды дәрісінде пайдаланып жүрген ұстаздың тәжірибесі кішкентайлардың көңілінен шығады. Тіпті әлі сөйлей білмейтін балалардың өзі апайы жасаған әрекетті қайталауға қызығушылық танытады. Осындай зерделі бүлдіршіндерден топ жасақтау туралы ұсынысын алғаш балабақша меңгершісіне айтқаныда, ол қолдайтындықтарын жеткізеді.
Алдымен музыка сағаттарында ырғаққа ілесіп үйренген ұл-қыздар көп өтпей толық шығарманы орындай алатын жағдайға жетеді. Нағима Көптілеуқызы балалар жасына лайықты аспаптарға тапсырыс беріп, алдырады. Тәрбие ошағында өтетін түрлі шараларда өнер көрсеткен өрендер аудандық ауқымды шаралараға қатыса бастайды. Ел арасынан балауса өнер иелерін іріктейтін жарыс өтетіні туралы ұсыныс келгенінде, жетекші тәуекелге бел буып, ең кішкентай жобасын қатыстыруды мақсат тұтады. Ата-аналар мен тәрбиешілер, барлық ұжым қолдап, кішкентайларды қанаттандырып, ұйымдастырушылықтың ұтымды үлгісін көрсетеді.
Осы жылдың 24-25 ақпан аралығында «Жеті Өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Шабыт қанатында» IV Республикалық шығармашылық конкурсында құрам алғаш үлкен сахнаға имене шығады. Бұрын-соңды бұндай қадамға барамаған бүлдіршіндердің қалай бақ сынары жетекшіге де, жанкүйерлерге де белгісіз. Демдерін іштей тартып, тек тілеулес болып отырған жақындарын үміткерлер қуантады. Көпшілік ішінен топ жарып, бас жүлде иемденіп, Алматы қаласында жолдама алады.
Ару қаладағы айтулы жарысқа құрам үлкен дайындықпен барды. Орындаушылық шеберлік шыңдалып, репертуар таңдау, киім кию, сахна мәдениеті – бәріне жіті назар аударылады. Қазақстанның барлық облыстары мен қалаларының мықтылары іріктелген ортада орындаушылар Республикалық іріктеу кезеңінен финалға сүрінбей өтіп, «Жеті Өнер» жарысының VIII Халықаралық байқауына жолдама алады.
Таланттылар мен талаптылар тайтасақан сын «Жеті Өнер-Ташкент» Халықаралық өнер фестиваль-конкурсы 3 мемлекеттен жиналған 45 қатысушы топтарды қамтиды. Бұған дейін бірнеше белесті бағындырған, кәсіби мамандар шыңдаған шеберлер қатарында қазалылықтар да өнер көрсетеді.
Халықаралық деңгейде талантымен танылған кіл мықтылар төрелік еткен байқаудың қорытындысын шығару ұзаған сайын, бүлдірішіндерге тілектестерде дегбір қалмаған сәт туралы толқынысшы балалар тәрбиешісі Гауһар Қолдасбаева тілшілерге бьаяндап берді. Алайда, абырой ақталып, «Аспапта орындаушылық өнерімен» көзге түскен, «Гауһар Тас-2» бүлдіршіндер ансамблі бас жүлде иеленеді. Жүлдегерлерге «АZIA ÜZDIGI-2024» арнайы жүлдесі табысталады. Талаптыларды шыңдаған Нағима Қарымсақова «Үздік дарынды балалар жетекшісі» бағамына лайық деп танылады.
Ансамбль құрамында болған Аяла Бақтыбек, Әмір Мұхит, Айғаным Махсатқызы, Нұрмұхаммед Нұрқұлан, Зейнеп Сексенбай, Айбибі Зейнулла, Анель Серікбай, Әмір Асқат, Анель Бегайдар, Қанат Қасқырбай, Дидар Ізбасар, Нұрбақыт Байекеш, ағайынды Аянат, Расул Балғабайлардың барлығы ертеңінен үміт күтетін жан-жақты балалар, ата-аналарының көзқуаншы.
«Баласы атқа мінсе, үйде тақымын қысатын» ата-аналарды да сөзге тарттық.
– Немерелеріміз аспапта ойнайды дегенді естігенде, таң қалғанымыз бар. Бірте-бірте видеолары келіп, қуанышымызды еселететі. Ата-анаға баласының талабының ұшалғанын көруден артық бақыт бар ма? Балаларды осындай дәрежеге жеткізу оңай іс емес. Сезініп те, көріп те жүрміз. Оларды балаға санамай, бітіріп кетеді деп бейжай қарамай, сана саңлауындағы сәулені нұрландырған Ешмағамбет Тұрсынай бастаған Нағима Қарымсақова, Гауһар, Ізмағамбетқызы, Алтынай Закирова, Таңшолпан Еркін, Әмина Жұмаева сынды апайлардың барлығына аналық алығысымды білдірігім келеді, –дейді Баян Айгелді.
Алтын МЕЙІРХАНОВА