Kyzylorda-news.kz Оқу-ағарту министрлігі оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау науқанының басталу мерзімін 1 сәуірден 27 мамырға ауыстыратын шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында министрліктің өткен жылдардағы тәжірибені зерделей келе, осындай шешім шығарғанын алға тартты.
"Бұған дейін құжат 1 сәуірге дейін тапсырылатын. Алайда бұл кезде мектепте әлі сабақ жүріп жатады. Кей кезде мектеп басшылығы да, мұғалімдер де, IT саласының мамандары да өздері оқу процессімен қарбаласып жатқанда 1-сыныпқа құжат қабылдауды тиімді жүргізілмей қалғанын байқадық. Сондықтан осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін биыл біз 1-сыныпқа қабылдауды қайта қарадық", – деді министр.
Министрдің айтуынша, енді бұл 27-мамыр, сәрсенбіден басталып, 31-тамызға дейін жүргізіледі.
“Яғни мерзімін өзгерттік. Қазіргі таңда база бірнеше мәрте тесттен өтіп жатыр. Ата-аналар үшін барынша қолайлы жағдай жасалды. Оны қосымша таныстыратын боламыз", – деді министр.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
