Kyzylorda-news.kz. Сөзді және сөздердің жиынтығы – тілдің сөздік құрамын зерттейтін сала -лексикология, ал сөздіктерді түзудің теориясымен және практикасымен шұғылданатын тармақ – лексикография деп аталатыны мәлім.

Осы салалардың зерттеу нысандары мен әдістері әбден нақты анықталған болса да, зерттеу объектісіне қатысты болғандықтан, бірқатар жайттарды ескерген жөн.

Әрбір тілдің сөздік құрамындағы сөздер қаншама көп және алуан түрлі болғанымен, олар бір-бірімен байланысты, өзара шарттас элементтердің жүйесі ретінде өмір сүреді және дамиды.

Лексикология – лексикалық және семантикалық топтарын, осы топтардың арасындағы парадигмалық және синтагмалық қарым-қатынастарды, әрбір топтағы нақты бір лексикалық тілдік бірліктің басқа тілдік бірліктермен ара салмағын, соларға қандай қатысы бар екендігін, семантикалық қарама-қарсылықтарды (синонимдер мен антонимдер және сөздің көпмағыналылығы) қарастыратыны да белгілі.

Дегенмен лексикология саласының басты міндеттерінің бірі – тілдік бірлік ретіндегі сөздің мағынасын, сөз мағыналарының әртүрлі типтерін, сөз бен ұғым арасындағы қарым-қатынасты және байланысты зерделеу. Бұл мәселелер сөздің мағынасымен, сөздің тілден тыс құбылыстарды жеткізуге қабілеттілігін қарастыратын семасиология ғылыми тармағымен байланысты. Өйткені сөз тілден тысқары тұрған құбылысты, зат-бұйым, ұғым-түсінікті атай отырып, осы құбылыстар мен түсініктердің тілден тысқары тұрған ақиқат шындықпен қарым-қатынасын бейнелейді.

Лексикология саласы ішкі тармақтарға бөлінеді, соның бірі – жоғарыда аталған семасиология саласы болса, тағы бір ішкі тармағы ретінде неология саласын атауға болады. Соңғы жылдары неологиялық серпіліс әсіресе қоғамдық өмір мен тілдегі өзгерістерге тез әсер ететін публицистикада, бұқаралық ақпарат құралдарының тілінде және әдеби сында анық байқалады.

ХХ ғасырдың соңғы ширегін неологиялық серпіліс кезеңі деп атаушылар да кездеседі. Бұл жайдан жай емес. Тілдің жаңғыруы немесе тілдегі неология үдерісі – тіл жүйесінің жалпы даму компонентінің бірі. Ең алдымен неология саласының әлемдік лингвистикада зерттелуіне тоқталайық. Бұл мәселеге орыс ғалымдары ХХ ғасырдың екінші жартысында мән бере бастады. А.А. Брагинаның, Р.А. Будаговтың, Н.И. Фельдманның, В.Г. Гактың еңбектерінде негізгі мәселелер айтылды. Бұл зерттеулерден «сөздік құрамның баюы үздіксіз жүріп отырады; жаңа ұғымды білдіретін сөздер неологизмдер деп аталады; олар жалпы қолданысқа түсіп, тілде бекіп, неологизм сипатынан айрылады» деген дәстүрлі және кейінгі теориялық-практикалық пікірлерге тіреу болған анықтамаларды кездестіреміз.

Орыс тіл білімінде Ю.С. Сорокин мен Н.З. Котелованы орыс тіліндегі жаңа сөздердің неографиясын қалыптастырған ғалымдар деп есептеуге болады, олар И.А. Бодуэн де Куртенэ, А.А. Потебня, Л.В. Щерба, А.М. Селищев, сияқты лингвистердің көзқарастарын басшылыққа алып, жаңа сөздердің лексикографиялық реттелуінің негізін салды.

ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап қазақ лингвистикасында ұлт тілінің салыстырмалы тарихи парадигмада зерттелуіне айрықша көңіл бөлінді, көне тарихи ескерткіштердің тілі, қазақ әдеби тілінің қалыптасуы, алғашқы баспасөз тілінің ерекшеліктері туралы іргелі зерттеулерде тілдің сөздік құрамындағы жаңалықтар, жаңа тілдік бірліктер туралы айтылып отырды. Өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері қарай сөздіктердің түрлерінің (нормативті сөздіктер, фразеологиялық сөздік, синонимдер сөздігі, екітілді сөздіктер) жарық көруі қазақ тілінің сөздік құрамына енген жаңа сөздердің бірқатарының тіркелуіне жол ашты.

1966-1986 жылдар аралығында жүргізілген сөз мәдениетіне қатысты іс-шаралар да (сөз мәдениетіне, әдеби нормаға, емле мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференциялар; баспа орындарында, редакцияларда, білім беру орындарында жүргізілген семинарлар; радио мен теледидардан ұйымдастырылған арнайы хабарлар; ғылыми-көпшілік мақалалар) қазақ тіліндегі жаңа сөздердің біршама сипаттарын нақтылай түсуге үлес қосты. Қазақ лингвистикасындағы жоғарыда аталған басқа ғылыми салалардың шеңберінде жаңа сөз мәселесі қалайша баяндалды деген мәселеге тоқталуға болады.

Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеген ғалым Р. Сыздықова 1917 жылға дейін жарық көрген екітілді сөздіктерде экономикаға, мәдениетке, сауда-саттыққа байланысты орыс тіліндегі ұғымдардың қазақша баламалары берілгенін айтып, төмендегі сөздерді көрсетеді: өсім (процент), қарыз (долг), кіреу (заклад), қарақша (медные деньги), қадақ (фунт), мысқал (золотник), саттық (продажный), қолсаудалы (покупка), ептестік (товарищество), көтерме (комиссионерство), бас сату (совсем продать), бас алу (совсем купить), қызыл үй (станция), от қайық (пароход). Осы еңбегінде ғалым мақаланың тақырыбына тікелей қатысты болмаса да, жаңа сөздердің фиксациясы, нормалануы жайында да пікір білдіреді.

Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз беттерінің тілдік-стильдік ерекшеліктері жөнінде теориялық түйіндер берген ғалым Б. Әбілқасымов алғашқы қазақ газеттеріне тән лексиканың сипаты жөнінде тұжырым жасайды: біріншіден, кірме сөздерді төрт тақырыптық топқа бөлуге болады, олар негізінен араб-парсы, орыс тілдерінен енген – экономикамен, әкімшілік басқарумен, заң және қоғамдық мәдениетпен байланысты терминдерді құраса, екіншіден, олардың көпшілігі тілге ауызекі сөйлеу арқылы ене отырып, газет беттерінде қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сәйкес өзгерістерге ұшырады, айталық, десатина (десятина), йорманка (ярмарка), копес (купец), рисле (рельс), анбар (амбар) және т.б. Дегенмен бұлардың дыбыстық жағынан бірнеше варианттары да болды, кейін келе олардың біреуі әдеби тілге енді: йармонка, жәрменке, йарманка, жәрмінке, йармінке, жәрменке.

1980 жылдар кезіндегі ғылыми пікір бойынша «лексикология – қазақ тіл білімінің жаңа саласы, оның зерттелмеген проблемалары көп; оның бір ішкі тармағы – лексиканың қат-қабаттары» дей келіп, зерттеуші А. Әбдірахманов «қазақ тіліндегі түркі тілдеріне ортақ сөздердің, басқа тілден ауысқан сөздердің… кәсіби не терминдік сөздер мен жаңа сөздердің зерттелмей келе жатқандығын» айтқан болатын. Сонымен қатар ол қазақ тіліне енген кірме сөздер тобының (араб-парсылық, орыс тілі сөздері) жақсы зерттелгенін көрсетеді. Ендеше, қазақ тіліндегі кірме сөздердің «тілдегі жаңалық» ретіндегі ену мерзімі, таралу кеңістігі, орнығу нормасы туралы тұжырымдар бар деуге болады. Қазақ тіліндегі жаңа сөздер мәселелері К. Ахановтың еңбектерінде айтылған.

Өткен ғасырдың 80 жылдарына дейін лексикография саласының дамуы мен қалыптасуы бойынша қорытулар жасалған еңбекте алдағы атқарылатын іс-шаралардың қатарында шет тілдері сөздігін, салалық сөздіктерді шығару, нормативті сөздіктерде берілетін сөздердің нормалануы аталған. 1980 жылдарға дейін қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамының толығуында тілдің ішкі ресурстарынан гөрі орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген сөздердің рөлі басым болғандығын көрсетеді.

Тілдің лексикалық құрамы әрдайым толығып отырады, сыртқы факторлардың әсері белгілі бір тілдің сөздік құрамын әрдайым қозғалысқа түсіріп отырады. Қазақ тілі сөздік құрамының диахронды-синхронды сипаттарына осындай жағдай тән, алайда алдыңғы кезеңдерде тілдің толығуы мен жетілуі арнайы қарастырылмай, жоғарыда айтқанымыздай, тіл ғылымының басқа мәселелеріне қатысты мәлімет түрінде көрініс тапқан.

Зерттеуші Р. Сыздық «сыртқы факторлардың ықпалымен сөздік қазынаның молығуының үш-төрт үлкен кезеңі болғанға ұқсайды, алғашқы кезең ХҮІІІ ғасыр болар» дей келіп, сол дәуірдегі қоғам өзгерістеріне қарай пайда болған жаңа сөздер ретінде, тарихи романдардың тіліне сүйене отырып, әскери терминдерді атайды (шыңдауыл, торуыл, күлдірмамай).

Жаңа сөздердің қосылуына келетін болсақ біздің ойымызша, ХХ, ғасырдың бас кезінде жаңа ұғымдар мен түсініктердің қазақша атауларын тілге әкелуде және қалыптастыруда жеке тілдік тұлғалардың (сол кезеңдегі қазақ зиялыларының – ғалымдардың, ақын-жазушылардың, білімдар адамдардың) рөлі үлкен. Сол тұста қазақ тіліне қосылған жаңа сөздердің нақты авторлары белгілі. Р. Сыздық қазақ ғалымдары Қ. Жәленовтің, А. Байтұрсынұлының, Х. Досмұхамедовтің, Қ. Кемеңгеровтің, Ж. Аймауытовтың, М. Жұмабаевтың, Ж. Күдериннің оқу-ағарту әдебиеттерін жасау арқылы гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары бойынша жаңа тілдік бірліктерді сөздік құрамға қосқанын атаған. Сонымен қатар 1926 жылы шыққан «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» сөздігінің материалдары да әскери салаға да жаңа тілдік бірліктер қосылғанын көрсетеді. Мұндай құбылыс, яғни жаңа сөздің авторының белгілі болуы (мерзімді баспасөзде 1995 жылдардан бастап қолданысқа түскен «көзқаман» сөзінің авторы Р. Бердібаев екендігі туралы мәлімет берілген болатын) кейінгі кезеңдерде байқала бермейді, тілдің сөздік құрамындағы «жаңа» сипаты бар сөздердің қосылуы жазба тілге, ішінара ауызекі сөйлеу тіліне байланысты. Жазба тіл дегенде, әсіресе ғылым-білімнің терминологиясын қазақыландыру, заңнамалық құжаттарды, оқу-ағарту әдебиетін, көркем әдебиетті қазақ тіліне аударудың ықпалы зор болып отыр.

Қазақ тіліндегі жаңа сөздерді тіркеуге арналған тағы бір еңбек – «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» атты жинақ. Бұл «сөздікке тілімізде соңғы 15-20 жыл ішінде пайда болып қолданыла бастаған жаңа тұлғалар мен тіркестер және мағынасы жаңғырған сөздер енгізілді. Сондықтан бұдан 20-25 жылдай бұрын еніп, қазіргі күнде едәуір тұрақталып қалған аялдама, балмұздақ, жемшөп сияқты кезінде жаңалық болған сөздер бұл сөздікте» қамтылмаған.

Соңғы басылымы 1992 жылы жарияланған «Жаңа атаулар» сөздігінің материалдарына қарағанда, қазақ әдеби тілінің сөздік құрамына жаңа сөздердің молырақ енген кезі өткен ғасырдың 70 жылдарының орта тұсынан басталған сияқты. Осы сөздікте «жаңа» деп белгіленген сөздің ең арғы датасы – 1970 жылға тиесілі.

Жоғарыда аталған 1990 және 1992 жылдары жарық көрген екі жинақ қазақ тіліндегі жаңа сөздерді тіркеу ісіндегі маңызды еңбектер болып табылады.

Қорыта келгенде, қазақ неологиясы мен неографиясының өзекті мәселелерін тілдің динамикалық сипатының шеңберінде зерттеу маңыздылығы туралы нақты нысан қарастырылуы керек.

Талғат Рамазанов,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Филология және әлем тілдері» факультетінің аға оқытушысы.

Анелья Князбай,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Филология және әлем тілдері» факультетінің 2 курс студенті.

Тағы да оқыңыз: