Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданындағы индустриалды-аграрлық колледжі заман талабына сай жұмыс жасап, балалардан кәсіби маман шығаруда қажырлы еңбек етіп келеді. Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. 60 жылдан астам тарихы бар оқу орнынан бүгінге дейін 25 мыңнан астам адам түрлі мамандықты игеріп шыққан. Олар қазіргі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы және басқа да салаларында серпін қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
Қазіргі таңда колледждің материалдық базасы нығайып, елдің экономикасын нығайтуға қажетті жаңадан мамандықтар ашылған. 450 орынға арнап салынған оқу орнында 189 студент ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеу, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, электр жабдықтары мен тамақтандыру ісін ұйымдастыру мамандықтары бойынша білім алуда. Биыл 129 талапкер бұл оқу орнының студенті атанса, келер жылы 60 студент оқуды тәмамдайды.
Елімізде 2019 жыл «Жастар жылы» болып жариялануына байланысты колледж мемлекеттік «Жас маман» бағдарламасына қатысып, 2020 жылы облыс бойынша 9 колледждің ішінен мемлекеттік грантты жеңіп алған. Бұл жоба аясында колледж еңбек нарығында сұранысқа ие болған екі мамандық бойынша 439 млн теңге қаржыға ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша және тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Мәселен, ауыл шаруашалығын механикаландыруға қажетті мұнда енді «John Deere» тракторы бар.
– Студенттер трактор тізгіндемес бұрын сабақ барысында осы техникаларды іс жүзінде айдап үйренеді. Бұл трактор 60 операцияны орындай алады. Яғни дән себу, жер жырту, тракторға өнім тиеу, соқаны тіркеу секілді қызметтер атқарады.Сонымен қатар экскаватор құрылғысы да бар. Ол жер қазып, тегістейді. Студенттерге тракторды қалай айдау керектігі, толық жұмыс жасау барысы үйретіледі. Осы жерден толық трактор айдауды меңгерген бала гаражда тұрған техниканы емін-еркін меңгереді, – дейді мұғалім Нұржан Серікұлы.
Мұнда бұдан бөлек айналмалы соқа, тыңайтқыш сепкіш, «Claas» комбайн, экскаватор, «Landini» тракторы сынды қажетті басқа да құрал-жабдықтар бар. Бұл техникалар колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтуда. Қазіргі таңда бұл техникалар жаңартылған білім бағдарламасына енгізіліп, күнделікті оқу-үйрену процесіне пайдаланылуда. Соның арқасында түлектердің жыл сайын 82 пайыздан астамы жұмыспен қамтылуда.
Айта кетейік, оқу орны білім алушылардың ауданның ірі шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтуіне барлық жағдай жасаған. Мұндағы жастар 2 ай іс жүзінде тәжірибе алмасу арқылы өздерін шыңдап, мамандығына машықтанады. Ал тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша көкөніс ұсақтағыш, ет турағыш, қамыр илеп, оны жайып кесетін арнайы құрылғылар оқу процесі кезінде қолданылып, студенттердің сапалы білім алып, білікті маман болып даярлануына пайдаланылады. Балалар виртуалды әлемді көру арқылы теория түрінде техника қауіпсіздігін үйренеді. Мұнан кейін арнайы тест арқылы сынақтан өтеді. Колледжде 23 пән кабинеті мен шеберхана қарастырылған.
– Студенттердің сұранысына сай 50 орындық жатақханада 18 студент бар. Сондай-ақ барлық білім алушыға шәкірт ақы тағайындалған. Бізде студенттерге ыстық тамақ қарастырылмаған, бірақ толық емес отбасылар мен көпбалалы отбасылардан шыққан 72 студентке 14 508 теңге беріледі. Кітапхана қорында арнайы 10 234 кітап бар. «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында студенттердің қатысуымен түрлі шаралар, әдеби танымдық кештер өткізіліп тұрады. Жақында Coworkinq орталығы керекті құрал-жабдықтармен қамтылды. Мұнда білім алушыларға сабақтан тыс уақытта кітап оқып, дойбы, шахмат сынды ойын ойнауға мүмкіндік қарастырылған, – дейді колледж басшысы Нұрхан Боранбайұлы.
Біліктілік пен жаңашылдықты басты назарда ұстайтын оқу орнында 37 инженер-педагог сапалы білім беруде. Келешегі кемел білім ордасының алдағы уақытта да кәсіби білім иелерін шыңдайтыны анық.