Kyzylorda-news.kz. Уақыт жылжыған сайын өткен күннің барлығы тарихқа айналады. Оның ішінде мәні мен маңызына қарай бірі жылдан-жылға қанат сермесе, енді бір оқиға бірден ұмыт болады. Осы секілді сан мыңдаған оқиғаның бірі ретінде "1 наурыз – Алғыс айту күнін" тілге тиек етпекпіз.

Айтулы мереке тойлана бастағанына тура жеті жылға аяқ басты. Яғни, 2016 жылдан бері бұл күн ел ішіндегі маңызды дата ретінде есте қалды. Содан бері "Алғыс айту" арнаулы мереке ретінде жыл сайын тойланып келеді. Соның бір парасы қарт Қаратау етегіндегі №159 Еңбекші орта мектебінен көрініс тапты. Бұл күнді аталған мектептің 2-сынып оқушылары ерекше атап өтті. Талай шәкірттің жүрегіне жол таба білген сынып жетекшісі Эльмира Жарқынбекова өз оқушыларымен тағылымды шара ұйымдастырып, мектеп ұстаздарына алғаусыз алғыстарын айтты.

Онда мейірімділік тақырыбы талқыға түсіп, оқушылар осы тұрғыда өз ойларын білдірді. Кейін оқушылар себет толы тәттілерін, ашық хаттарын алып, мектептің жүрегі болған ұстаздарға сыйға тартты. Жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Осыдан-ақ, кішкентай шәкірттердің алғашқы рақмет айту мерекесіне тыңғылықты дайындалғанын аңғаруға болады.

Мұндай тосынсыйды мектеп мұғалімдері күтпесе керек. Барлығының жүзіне күлкі үйіріліп, олар да оқушыларға өз алғастарын айтып, мәз-мейрам болды. 

Иә, осындай ізгі мерекенің өтуіне ұйытқы болған ұстаз Эльмира Жарқынбекованың орны ерек. Мұғалім әркез ізденіс үстінде жүретін маман иесі болғандықтан, Эльмира да ұстаздық жолда тың дүниелер енгізуімен ерекшеленеді. Жаңашылдыққа жаны құмар, жаңалық енгізуді жаны сүйетін Эльмира ұдайы жаңа технологияларды меңгеріп, ұстаздар қауымын да жаңашыл болуға, оқу үрдісіндегі жаңа оқыту әдіс-тәсілдерін меңгеруге шақырып, ол жолда өзі үнемі оларға қолдау көрсетіп отырады. Өзі үйренген жаңа тәсілдерді қолдаудағы оның басты мақсаты – оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға машықтандыру, олардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға кең өріс ашу, бірлесе отырып жаттығуларды талдау, өзін-өзі бағалау және ой қорыту дағдыларын қалыптастыру. Ол өз сабақтарында шәкірттерін жарыстыруға, іскерлік ойындарын, проблемалық жағдайларды талдауды пайдалануға толық мүмкіндік береді. Жаңартылған білім беру негізінде шәкірттің өз бетімен жұмыс жасауына жағдай жасайды. Осы тұста «Ұстаздық етпес жалықпас үйретуден балаға» деген ұлы Абай бабамыздың орамды сөзі ойға оралады. Расында, ұлағатты ұстаздардың жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз.

Тағы да оқыңыз: