Kyzylorda-news.kz. Қызылорда «Болашақ» университетінде «Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» пәні аясында академиялық жазбалар жазуды үйрену бойынша семинар сабақ өтті.

Семинарда ғылыми мақалалардағы талдау әдістерінің құпияларына ерекше назар аударылды. Жалпы ғылыми әдіснама, философиялық әдіснама және зерттеулердің жиынтықталған әдіснамасы қарастырылды. Талдаудың маңызды ғылыми әдістері ретінде контент талдау, ивент талдау, мониторинг, құрылымдық-логикалық модель, салыстырмалы талдау, нарративті талдау мен тарихи талдау айтылды.

Академиялық жазбалар бұл зерттеушілердің өз пәндерінің зияткерлік шекараларын және белгілі бір білім салаларын анықтау үшін қолданатын ерекше стилі. Академиялық жазудың сипаттамаларына үшінші тұлғаның көзқарасын қолдану, зерттелетін мәселеге нақты назар аудару және сөздерді дәл таңдау жатады. Академиялық жазбалар ғалымдар мен сарапшылар тобына күрделі идеялар мен тұжырымдамалардың келісілген мағынасын жеткізуге арналған. Сонымен қатар академиялық жазбалар нақты, қысқа, бағытталған, құрылымдалған және дәлелді жұмыс болып табылады. Оның мақсатына оқырманның мәселені түсінуге көмектесу жатады. Академиялық жазбалар үшін зерттеу әдістерін білу өте маңызды.

Аталған семинардан кейін Қызылорда «Болашақ» университетінің студенттері ресейлік «Молодой ученый» журналының арнайы нөмірі үшін ғылыми мақалалар дайындауы қажет.

Мұрат НАСИМОВ,

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры,

саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Тағы да оқыңыз: