Бүгінде мемлекет тарапынан жастардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Тіпті шетелде оқып, тәжірбие жинақтауына да жол ашық. Бұл да Тәуелсіздіктің жемісі. Елімізде «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған шақтан бері қаншама білімді жастар мұхит асып, әлемнің түкпір-түкпірінде білімдерін шыңдады. Кейін елге оралып, мемлекет дамуына үлестерін қосуда. Шетелде оқу бақыты бұйырған жанның бірі жерлесіміз Дәурен Жүсіпов. Ол АҚШ-тың Массачусетс штаты, Бостон қаласында оқып жатыр.
Дәурен Әлиұлы Арал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасының тұңғышы. Әкесі Әли Жүсіпов пен анам Куляйша Үсенқызы кеңес одағы ыдырағанға дейін Аралдағы балық өңдеу зауытында қызмет атқарған. Ал қазір анасы – сауда-саттық саласында, әкесі қала ішінде такси қызметін кәсіп етіп жүрген еңбекқор жандар. Дәуреннің қос қарындасы Ақтоты мен Ақтолқын медицина саласында қызмет жасайды.
Ата-анам біздің білім алып, жақсы жұмыс жасағанымызды қалады. Сол үшін бар күштерін салды. Отбасында бойымызға жақсы тәрбие сіңіре білдік. Соның арқасында жетістіктерге жеттік. Осының бәрі ата-анамның адал еңбек етіп, адал ас ішкізіп, ешкімнің көңіліне кір шалдырмай өсіргендігінің арқасы деп ойлаймын. Қазір өзім де отбасын құрып екі қыз тәрбиелеп отырғандықтан, ата-анамның қабірін жіті түсіне бастағандаймын, – дейді Дәурен.
Алғаш рет 1998 жылы Н.К.Крупская атындағы №14 орта мектептің табалдырығын аттаған Дәурен кейін №260 мектепке ауысып, сол мектепті «Алтын белгімен» бітіріп шығады. Мектеп қабырғасында жүргенде физика пәніне деген қызығушылығы жоғары болады. Физика пәні бойынша өткен түрлі білім жарыстарға қатысып, республикалық олимпиададан ІІІ орын алғаны бар. Дәурен спорттан да осал емес. Соның ішінде жеңіл атлетика және баскетболмен шұғылданады. Жыл сайын 9 мамыр күні болатын Шульга атындағы эстафетадан жүлделі І орынды бермей келеді. Ал баскетболдан аудандық құраманың мүшесі. Жан-жақты жігіт мектеп бітірген соң қаржыгер болуды армандайды.
Арманым инвестиция саласын бағындыру болатын. Маған акция, облигация сияқты құнды қағаздардың қыр-сырын меңгеру мақсат болды. Сондықтан мектеп бітірген соң бағымды сынап Қаржы мамандығы бойынша университетке құжат тапсырдым. Сәтін салып Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне «Қаржы» мамандығына мемлекеттік грант негізінде оқуға түстім. Оқумен қатар университеттің қоғамдық өміріне де араластым, 2010 жылы Астана (Қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында болған ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастыруға белсене қатысқаным үшін, сол кездегі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталдым,- дейді ол.
Университет қабырғасында жүргенде Дәуреннің өз білімін шетелде жалғастыруға деген қызығушылығы пайда болады. Осылайша ол сабақтан тыс уақытта өздігімнен ағылшын тілінің курстанына қатыса бастайды. 2013 жылы университеттің қызыл дипломын қолға алған ол бірден университет бітіруші түлек санаты бойынша «Болашақ» бағдарламасына тапсырады. Бірақ ол кезде түсініксіз жағдайлардың салдарынан соңғы әңгімелесу сатысынан өте алмаған. Сондықтан ендігі кезекте, тәжірибе жинақтап барып қайта тапсыру қажет деп шешеді.
Астанадан туған жерге оралдым. Көптеген жерлерге түйіндеме тастадым. Алғашқы кезде кейбір мекемелерде тегін есепшінің көмекшісі болып қызмет жасап жүрдім. Кейіннен Арал аудандық мәслихатына бас маман есепші ретінде жұмысқа қабылданып, мемлекеттік қызметші ретінде іскерлік жолымды бастадым. 2018 жылдың сәуір айында Арал ауданы әкімі аппаратының бас есепшісі болдым. Жұмыста табысқа жетсем де, шетелге магистратураға түсу деген арманым әлі жоғалмаған болатын. Сондықтан сол жылы «Болашақ» бағдарламасына магистратура бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқу үшін қайта құжат тапсырдым. Оқуға қабылданғандардың тізімде өзімнің аты-жөнімді көргенде қуанышымда шек болмады. Одан соң керекті құжаттарымды дайындап, АҚШ-тың Калифорния штаты, Лос-Анджелес қаласына тілдік курсқа аттандым. Себебі, «Болашақ» стипендиясының иегері болу бір бөлек, университетке түсу бір бөлек. Оған қажетті тілдік деңгей керек. Америка немесе Ұлыбритания сияқты ағылшын тілді елдерге жоғары оқу орнына түсу үшін міндетті түрде IELTS немесе TOEFL сияқты емтихандар тапсыру керек. Сондықтан дайындықты бастап кеттім, – деп Дәурен шетелдеге алғашқы оқу жайлы айтып берді.
Бала кезде фильмдердан көріп өскен Лос-Анджелестегі Голливудқа бару кім кімің де арманы. Дәурен де дәл осылай армандаған. Тынық мұхитының жағалауында жүрудің рахатын сезініп, көршілес штаттарды аралап, Лас Вегас қаласынада болады. Дегенмен туған жерге деген сағыныш елге қайта әкелді. Лос-Анджелестен тілдік курсты бітіріп келген соң университеттерге тапсыра бастайды. Дәуренге АҚШ-тың алдыңғы қатарлы 5 университетінен шақырту келеді.
Таңдауым әйгілі Бостон Университетіне түсті. Оқуды енді бастаймын деп жүргенде пандемия басталды. Сондықтан оқуды 1 жылға шегеріп, аудандық әкімдікте жұмысымды жалғастырдым. Жұмыс барысында өте жақсы жетістікке жетіп, аудан әкімі аппаратының цифрлық технологиялар және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалдым. Елдегі ахуал тұрақталған соң АҚШ-қа оқуға аттандым. Қазір Бостон қаласына жанұяммен көшіп келгенімен 2 жыл қаржылық менеджмент мамандығы бойынша оқуды бітіретін күн де жақын қалды. Алла сәтін салып бәрі ойлағыдай болса, елге оралып, қызмет атқаруға ниеттімін, - деді Дәурен.
Әлемді аралау – кім-кімнің де арманы. Дәурен секілді білімін шыңдау жолында талмай еңбектеніп, ақырында ойға алған мақсатына жеткен қарапайым аралдық бала осындай арман арқалаған жастарға үлгі болса дейміз. Ол білім жолында ерінбей еңбектенді, қызыметте тәжірбие жинақтап, біліктілігін ұштады. Осылайша көптің ішінен дараланып Әлемнің әйгілі оқу орынында білім алуға мүмкіндік алды.
Қазіргі күні Дәурен оқуын ойдағыдай аяқтап тәжірибесін жетілдіру үстінде. Болашақта елге оралып, халыққа қызмет ету басы арманы.