Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті оқу барысын тәжірибемен ұштастыруды тұрақты жолға қойған іргелі оқу ордасы десек артық болмас. Мұнда атқарылған тың жобалар жетерлік. Бүгінде соның нәтижесін көріп, студенттерге білім мен қатар білікті де үйретіп келеді.
Өткен жылы университет Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (SEOULTECH) әріптестік байланыс орнатып, «Lupic» бағдарламасы аясында Қазақстанда ақпараттық технологиялар саласын дамыту туралы келісім жасап, жасанды интеллект институты ашылған болатын. Жасанды интеллект заман талабы. Соған сәйкес оқушыларға заманауи бағытта білім беріп, бағытын айқындауда бұл жобаның берері мол. Бұл ретте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жастардың зейінін ашып, білімге деген қызығушылығын арттыруда.
Оқу орнында Сеул ұлттық техникалық университетінің қаржыландыруымен жаңа үлгідегі 190 компьютер, 8 сервер және 5 зертханалық аппарат жабдықталмақ. Сондай-ақ студенттер орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алып, қос диплом бағдарламасы бойынша 2 жыл Қазақстанда, қалған 2 жылдық оқуын Сеулде тәмамдайды. Осылайша келер жылы Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен «AI architect», «Data management» білім беру бағдарламалары бойынша қос дипломды оқыту жүйесі басталмақ. Ол үшін жастар шетелдік профессорлардың тілін түсіну үшін ағылшын тілін жетік меңгеруі тиіс. Егер жастардың ағылшын тілі орташа деңгейде болса, 4 жылдық оқуын Қорқыт ата университетіндегі жасанды интеллект институтында ғана оқиды. Жалпы (SEOULTECH) «Lupic» бағдарламасы келешек ұрпақтың тіл біліктігін арттырып қана қоймай, ел көруге, сұранысқа ие мамандардың қатарында болуға мүмкіндік береді.
Биыл жасанды интеллект мамандарын 4 бағыт, яғни «Информатика», «Киберқауіпсіздік», «Компьютерлік бағдарламалау және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу», «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша даярлау үшін республика бюджетінен 100 грант бөлінген. Оның ішінде 100 баланың 27-сі өзге қалалардан келген.
Аталған меморандум аясында жасанды интеллект жұмысын жандандыруда оқу ордасының жас ғалымдары түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Жасанды интеллект саласының жас ғалымы Оралбек Абдуллаев ғылыми жұмыстардың барысында дәлелденген тероияларды ғана роботтарға орналастыратынын айтады. Осылайша мобильді роботтар немесе дрондар автономды басқарылады. Автономды басқару деп пилотсыз жасанды интеллект көмегімен басқаратын роботтарды айтады. «Жалпы біздің миссиямыз адамның еңбегін азайтып, барлығын автоматтандыру» – дейді жас ғалым.
Ғалымның айтуынша роботтар пластиктен жасалғанымен оның басты миына, яғни ақпаратты өздері енгізетінін жеткізді. Жас ғалымдаржасаған ғылыми жобаларының ішінде «Алисаға» ұқсас «Айдос» жобасында жүзеге асырса, енді жасанды интеллект арқылы адамның іс қимылына қарап өтірік пен шындықты ажырататын камера түрін енгізген. Өзге елдің жасанды интеллектіне қызығушылықпен қарайтын жастар үшін өз елімізде де қолжетімді болып, жастардың екі елде де білімін жетілдіруге мүмкін бермек.
– Пилоттық жүйе өткен жылы басталғанымен, ресми түрде биыл енгізілді. Десе де пилоттық жүйе арқылы 40 студент Кореядан келген профессорлардан білім алып, ағылшын мен кәріс тілін жетік меңгерді. Оның ішінде биыл 4 студентіміз екінші курста Белгиядағы жасанды интеллект институтына оқуға кетті. Ал биылғы білім алушыларға 100 грант жарияланды. Алайда өзге өңірден келген жастар саны көп болуына байланысты олардың ішінен ағылшын тілі жоғары деңгейдегі студенттерді сараптадық. Осылайша 100 грант бойынша студенттер білім алуда. Алдағы уақытта осы студенттердің ең үздігі ғана Кореяда білім алып, қос диплом бағдарламасы бойынша университет пен SEOULTECH институтының дипломын ала алады. Ал келер жылы ашылатын архитектор мен менеджмент мамандығы бойынша білім алатын жастар міндетті түрде Кореяға барып білім алуы керек. Егер олардың ішінде SEOULTECH-тің шартына сәйкес келмей, тіл біліктігі төмен болатын болса, оқудан шығарылады – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев.
Жоғарыда университетте тек қызылордалық студенттер емес өзге қалалардан келген жастар да барын айтқан едік. Соның бірі – Жан Гадильшин. Басқа өңірден келіп Қорқыт ата атындағы университетінің (SEOULTECH) институтына оқуға түскен ол не себепті бұл оқу орнын таңдағанын айтып берді.
– Мен Қорқыт ата атындағы университеттің (SEOULTECH) институтындағы ақпараттық қауіпсіздік мамандығын таңдап, оқуға түстім. Бұл оқу орнын таңдаған себебім, университет бізге шетелде білімімізді жетілдіріп, жаңа инновацияларды меңгеруге үлкен мүмкіндік береді. Ал ақпараттық қауіпсіздік мамандығын таңдауымның себебі, қазір қоғамда түрлі ақпарат жүйелері көп болғандықтан олардың қаупі де артуда. Алайда басты мақсатым – келешекте елімнің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – дейді студент.
Университеттің қазіргі көрінісін шетелдік оқу орындарынан кем емес деуге болады. Күрделі жөндеуден өткен оқу ордасында қазіргі таңда студенттердің сапалы білім алуына, ғылымды игеруіне қолайлы жағдай жасалған. Тіпті соңғы үлгідегі компьютерлерде әкелінген, түрлі зертхана бөлімдері де бар. Соның бірі – инженерлік-бейімділік зертханасы. Зертхана бүгінде әлемдік деңгейде зерттеулер жүргізіп, Ұлыбритания, Оксфорт университеті, Нидерландияның Нейрофласт орталығында, Португалияның университеттерінде сынақтан өткізіп, оң нәтиже алуда.
– Инженерлік-бейімділік зертханасында ғылымды дамытуда бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асуда. Мәселен биыл ҚР ғылым және жоғарғы білім министрлігінің қаржыландыруымен 5 жоба ұтып алдық. Олар медициналық химия, химиялық, синтетикалық және экология салаларына бағытталған. Жоба туралы ашып айтатын болсақ, синтетикалық органикалық синтез жүргізу арқылы жаңа биологиялық белсенді заттарды алу. Бұл – әртүрлі ісік ауруларын емдеуге қолданылатын заттар. Негізі химиялық емдеуде адамның шашы түсіп, түрлі кері әсерін тигізеді. Ал біздің бағытымыз – осы кері әсер ету процесін төмендету. Жалпы біз қоғамдағы бактерия түрлі жұқпалы ауруларға қарсы белсенді заттар дайындап зерттеулер жүргізудеміз. Ал экология бағытына тоқталсам, біздің жеріміз мұнай өндіретіндіктен топырақтар ластанады. Соны тазарту үшін әрі қоршаған ортаға зиян келтірмейтін әдістерді қолданамыз, – дейді зерттеуші профессор Нұрбол Аппазов.
Жасанды интеллект бөлімі университеттің заманға сай білім беруді қолға алғанының бір көрінісі. Ал бұдан бөлек білім ордасында бірнеше мамандық бар. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілген.
Бүгінде су шаруашылығы – өңірдегі өзекті мәселенің біріне айналған. Әсіресе су шаруашылығы мамандығын күрделі мамандықтың бірі екенін, әрі мамандардың тапшы екенін, су шаруашылық және жерге орналастыру білім беру бағдарламасының жетекшісі Бауыржан Отарбаев айтты.
Бауыржан Отарбаевтың айтуынша, қазіргі таңда су шаруашылығы мамандығы бойынша кафедрада 80 шәкірт ресурстарды пайдалану және миллирация бағыты бойынша білім алуда. Оларға 3 профессор, яғни ғылым докторлары мен 8 кандидат қызмет көрсетеді. Мұнда студенттер дәріс алумен шектелмейді, өндіріс орындарындарымен байланыс орнатып, су тапшылығы мәселесін шешу үшін ғылыми бағдарламаларға да қатысады. Осы бағдарламаларға қатысу барысында өткен жылы мемлекеттен 570 миллион қаржылай көлемде грант ұтып алған. Биыл 5 гектар жерді құрайтын Қорқыт ата университетінің ботаникалық бағына жүргізілген күрделі құрылыс аяқталып, ел игілігіне берілмек. Оның ішінде 4 гектар жеріне әртүрлі жеміс ағаштары өсіріліп, тұрғындардың демалыс орындарына айналады.
– Жылыжай университеттің қолдауымен салынды. Ол 800 шаршы метрді құрайтын екі блоктан тұрады. Қазір жылыжайда қиярдың 3 буданы мен қауынның 1 буданы сынақтан өтуде. Мұндағы басты мақсат әртүрлі дақылдардың будандарын сынақтан өткізу. Келешекте көк шөптерді, яғни зеленьмен қамтамасыз етіп, соны көбейтіп, ғылыми жобаға ұсынбақпыз, – дейді ботаникалық бақ және жылыжай шаруашылығының директоры Самалбек Қосанов.
Қазіргі таңда жылыжай жұмыстарын жүргізуге арнайы қызметкерлер жұмылдырылған. Жалпы, ботаникалық бақ қалаға көрік беретін орын ғана емес, «Биология және агрономия» білім беру бағдарламалары бойынша студенттерінің тәжірибе алуына үлкен мүмкіндік бермек.
Бұдан бөлек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жатақхана мәселесі де шешімін тапқан. Жаңа оқу жылында заманауи үлгіде салынған, 300 орындықты құрайтын «Іңкәр» жатақханасы жастардың қолданысына берілген. Онда қосымша демалыс орны, компьютермен жабдықталған бөлме мен кір жуатын орын бар. Бүгінде жатақханаға 180 студент орналасып үлгерген.
Сондай-ақ студенттер үшін «Оpen space» форматындағы заманауи үлгіде кітапханаға да өзгерістер енгізілген.
– Биыл біздің университет Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты даму мақсаттары бойынша алғаш рет Times Higher Education әлемдік жоғары оқу орындарының рейтингісінде алғашқы орындарға орналасты. Алғаш рет UI GreenMetric халықаралық рейтингіне енді. Университеттің 20 білім беру бағдарламасы республиканың үздік үштігіне кірді. Мұның барлығы біз үшін үлкен жетістік. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасында және өңірлерге бөлінген гранттар мен арнайы квоталар біздің материалдық-техникалық базалардың жақсаруына да әсерін тигізді. Мәселен осыдан 4-5 жыл уақыт бұрын біздің студенттердің контингенті 5000 болса, биыл 10500-ге жетті. Осы студенттердің 4900-і мемлекеттік грант негізінде білім алады. Біздің басты мақсатымыз – студенттерге сапалы білім берумен қатар оларға мотивация беріп, білім алушылардың қызығушылығына сай қолайлы жағдай жасау, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова.
Айта кетейік, алдағы 5 жылдың ішінде (SEOULTECH) өзінің франшизасын беруді жоспарламақ. Осылайша Қорқыт ата атындағы университеттің ішіндегі институт емес, өз алдына (SEOULTECH) институтқа айналмақ.
Назира Мұхатаева